• Ақорда & Үкімет
  • 22 Қазан, 2020

ОРТАҚ МИССИЯМЫЗ – ОТАНЫМЫЗДЫ ӨРКЕНДЕТУ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ҚР Парламенті Мәжілісі
және мәслихат депутаттары сайлауын тағайындау туралы үндеуі

Құрметті отандастар!

Бүгін мен Парламент Мәжі­лісі депутаттарының сайлауын тағайындау туралы Жарлыққа қол қойдым. Орталық сайлау комиссиясының қаулысымен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайлауы та­ғайын­далады.
Алдағы сайлау конститу­­циялық мерзімге сәйкес, 2021 жылдың 10 қаңтарында өтеді. Барлық саяси партиялардың бұл сайлау науқанына қатысуға дайындалуына, сайлау алдындағы платформасын әзірлеуіне, партиялық инфрақұрылымдарды жетілдіруіне уақыты жеткілікті болды.
Орталық сайлау комиссиясы мен Бас прокуратура сайлаудың заңдылығын, ашықтығын және әділдігін сақтау үшін тұрақты бақылау жүргізіп отырады.
Жаңа сайлау науқанына дейін саяси жаңғыру, көппартиялықты дамыту және еліміздің қоғамдық-саяси өміріне азаматтардың қатысу аясын кеңейту жөнінде шаралар қабылданды.
Бірінші. «Қазақстан Респуб­ликасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» конституция­лық заңға және «Қазақстан Республикасы Парламентінің комитеттері мен комиссиялары туралы» заңға түзетулер енгізу арқылы парламенттік оппозиция институтын құру мәселесін қарастыратын және оның қызметін регламент­тейтін өзгерістер мен толықты­рулар жасалды.
Енді Парламент Мәжілісі тұрақты комитеттерінің бір төр­ағасы мен екі хатшысы парла­менттік оппозиция депутаттары арасынан сайланады.
Сонымен қатар, парламенттік оппозиция бір сессия кезінде кемінде бір рет парламенттік тыңдау өткізу жөнінде бастама көтеру құқығын иеленеді. Сондай-ақ бір сессия кезінде кемінде екі рет үкімет сағатының күн тәртібін айқындайтын болады.
Бұдан бөлек, саяси партиялар фрак­цияларының жетекшілеріне Парламент палаталарының бірлескен отырыстарында, Парламент Мәжілісінің пленарлық отырыстарында, тұрақты комитеттердің, жұмыс топтарының отырыстарында, парламенттік тың­дауларда және басқа іс-шараларда сөз сөйлеуге кепілді құқық беріледі.
Екінші. «Қазақстан Республика­сындағы сайлау туралы» конститу­циялық заңда және «Саяси партия­лар туралы» заңда қарастырылған ережелер бойынша парламенттік тәжірибемізде алғаш рет партиялық тізімге әйелдер мен жастар үшін 30 пайыздық квота енгізілді. Бұл норма Парламентке және жергілікті өкілді органдарға әйелдер мен жас­тарды тартудың тиімді жолы ретінде олардың еліміздегі қоғамдық-саяси үдерістерге белсенді қатысуына септігін тигізеді.
Үшінші. Алдағы мәслихаттар сайлауы алғаш рет партиялық тізім бойынша өтеді. Пропорционалды модель әлемдік демократиялық тәжірибеге толық сай келеді, саяси жүйені ны­ғайтуға, демократияны дамытуға ықпал етеді, саяси партиялардың жұ­мы­сын жандандырады.
Бұл жаңа бастамалар партияларға еліміздің саяси жүйесіндегі ұстанымын нығайту үшін қосымша мүмкіндіктер береді.

* * *

Коронавирус пандемиясы сал­дарынан туындаған күрделі экономи­калық дағдарыс көптеген елді қам­тыды, сондай-ақ, бүкіл әлемдік эконо­микаға кері әсер етті.
Қазіргі күрделі кезеңде Қазақ­станның алдында дағдарысқа қарсы тиімді шаралар қабылдау, орнықты экономикалық дамуды және азамат­тарымыздың әлеуметтік игілігін қам­та­масыз ету, халықтың әл-ауқатын арттыру міндеті тұр.
Осы басымдықтар жөнінде менің Қазақстан халқына арнаған Жолдауымда айтылды.
Парламенттің және жергілікті өкілді органдардың жаңартылған құрамы еліміздегі әлеуметтік-эконо­ми­калық реформаларды сапалы әрі заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз етуге баса мән береді.
Алдағы сайлау еліміздің саяси жүйесін жаңартуды қамтамасыз ететін саяси институттарды дәйекті түрде демократияландыруға және жаңғыртуға Қазақстанның аса ықы­ласты екенін тағы да бір дәлелдейтін болады.
Біздің ортақ миссиямыз – Қазақ­станды өркендету, азаматтары­мыздың игілігі үшін қызмет ету. Қазақстан халқы аса маңызды тарихи сындарлы сәттерде бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара білді. Халқымыз осы жолы да елімізді жан-жақты жаңғырту бағытындағы жаңа тарихи миссиясын лайықты атқарады деп сенемін. Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында еліміз кемелдене түсіп, дамудың жаңа кезеңіне шығатынымыз анық.
Мемлекетіміздің барлық азаматтарын белсенді азаматтық ұстанымын танытуға, Парламент Мәжілісінің және мәслихаттардың алдағы сайлауына ұйымшылдықпен қатысуға шақырамын.

4488 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы