• Бизнес & Қоғам
  • 29 Қазан, 2020

Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде

Алматыда Қазақстан, Ресей, Израиль, Украина, Германия және басқа да бірқатар елдердің жетекші сарапшылары арасында онлайн форматта «Ішектің қабыну аурулары: виртуалды тәжірибе» атты IV Ұлттық жиын өтті.

Іс-шараны ҚР Денсаулық сақтау министрлігі, С.Асфен­дияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті, ҚР ДСМ Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ мен Ішекті зерттеу жөніндегі Қазақ ғылыми қоғамы ұйымдастырды. Онлайн жиынға алыс және жақын шетелдер­ден делегаттар мен лекторлар қатыс­­ты. Гастроэнтерологтар, соның ішінде педиатриялық профиль, колоректалды хирург­тар, нутрициологтар, сондай-ақ эндоскопиялық және сәулелік диагностика мамандары әріптес­терімен өз тәжірибелерімен бөлісті.
Ішектің қабыну аурулары (ІҚА), оларға кіретін ойық жаралы колит (ОЖК) және Крон ауруы (КА) гастроэнтерологиялық практиканың маңызды мәселе­лерінің бірі болып табылады. Қазақстанда 2019 жылғы эпиде­миологиялық зерттеу деректеріне сәйкес, Крон ауруының таралуы 100 мың тұрғынға 35,8 жағдайды, ойық жаралы колит – 100 мың тұрғынға 91,5 жағдайды құрайды. Алайда, бұл статистика толық емес, өйткені көптеген пациенттер өздерінің аурулары туралы біле бермейді.
Ішектің қабыну аурулары­ның (ІҚА) негізінде генетикалық бейімділік жатыр, ал іске қосу тетіктері (триггерлер) ретінде қазіргі «батыстық» өмір салты әрекет етеді: рационалды емес «жылдам» тамақтану, темекі шегу, антибиотиктерді бақылаусыз қабылдау, ұйқының жетіспеушілігі, тұрақты күйзелістер. Ойық жаралы колит (ОЖК) және Крон ауруы (КА) кез-келген жаста пайда болуы мүмкін, бірақ бүкіл әлемде оның шырқау шыңы еңбекке қабілетті жасқа келеді, олармен балалар мен жасөспірімдер жиі ауырады. Бұл адамның өмір сүру сапасын күрт нашарлататын өмір бойына жалғасатын аурулар екенін түсіну керек. Уақытылы тиісті емдеу болмаған жағдайда, бұл сырқаттардың соңы қиын жағдаймен аяқталуы мүмкін.
Форум аясында сарапшылар мен жетекші клиницистер талқы­лаған көптеген тақырыптардың ішінен коронавирусты жұқтырған жағдайда пациенттің болжамына ІҚА әсерін атап өткен жөн. Ішек қабынуы бар пациенттер SARS-CoV-2 жұқтыру қаупі жоғары аймаққа кіре ме? Медицина ғы­­лым­­­­­дарының кандидаты, С.Ас­фен­­­дияров атындағы ҚазҰМУ гас­тро­­­­энте­рология кафедрасының доценті, Ішекті зерттеу жөніндегі Қазақ ғылыми қоғамының төрайы­мы Жәмила Қайбуллаева атап өткендей, жалпы SARS-CoV-2 жұқ­тыру қаупі мұндай науқастар үшін басқаларға қарағанда жоғары емес, дегенмен олардың арасында тәуекел тобына кіретін адамдар саны көп.
– Анамнезінде өкпе патоло­гиясы және қант диабеті қатар жүретін иммуносупрессант­тар мен жүйелік стероидтарды қабылдайтын ішектің қабыну аурулары бар көптеген пациент­тер SARS-CoV-2 жұқтыру қау­піне және ауыр формадағы пато­ло­гияның дамуына көбірек бейім. Демек, қауіпсіз препа­рат­тармен өршудің тиімді ал­дын-алудың маңыздылығы ерекше. Сонымен қатар, ІҚА-мен ауыратын науқастарды ма­мандармен амбулаториялық жағ­дайда жүргізу проблемасы ше­шілмеген күйінде қалып отыр. Кей жағдайларда ауру ағымының прогрессивті сипаты пациентті ауруханадан шығарғаннан кейін де оның жағдайын мұқият бақы­лауды қажет етеді. Бұл әсіре­­се COVID-19 пандемиясында өзекті болды. Бүгінгі күні тиісті бейіні бар пациенттерге демеуші терапияның үздіксіздігін, оның ішінде көктамырға енгізілетін биологиялық препарат­тармен қамтамасыз ету маңызды. Ұсыны­латын шешім ретінде терапия­ның осы түрін амбула­тория­­лық деңгейде жүргізу болуы мүмкін, әйтпесе коро­навирустың екінші толқыны бас­талған жағдайда па­циенттердің емделуге мүмкін­дігінің шектелуі ықтимал, – деді Жәмила Қайбул­лаева.
Бүгінгі таңда Қазақстанда ішектің қабыну ауруларын ерте сатысында анықтауға мүмкіндік беретін диагностикалық проце­дура­лардың кең спектрі қолжетімді. ІҚА емдеуге арналған дәрілік препараттармен қамтамасыз ету жақсаруда, базистік терапия препараттары мен топикалық сте­роидтардың тізімі үнемі кеңеюде. 2010 жылдан бастап ІҚА-мен ауыратын қазақстандық пациенттерге биологиялық тера­пия қолжетімді болды, соның нәтижесінде операциялық ара­ла­сулар санын айтарлықтай азай­туға және адамдардың өмір сүру сапасын жақсартуға мүмкін­дік туды. Ал 2013 жылдан бастап ІҚА бар пациенттерді емдеуді, биологиялық терапияны қоса алғанда, мемлекет өтейді.
Дегенмен, қазақстандық са­­рап­шылар ІҚА бар пациенттерді ам­бу­латориялық жағдайда демеуші терапиямен, оның ішінде көктамыр ішіне енгізілетін биологиялық препараттармен қамтамасыз ету – басты проблемалардың бірі болып қалуда екенін айтты. Бұл әсіресе COVID-19 пандемиясы жағ­дайында аса өзекті болып отыр. Сонымен қатар, амбулаториялық деңгейде инфузиялық терапияны жүргізу ІҚА-мен ауыратын па­циенттерді емдеуге жатқызудың санын қысқартатындықтан, рес­пуб­ликалық бюджет шығыс­тарын оңтайландыруға мүмкіндік береді.

Салтанат ҚАЖЫКЕН

306 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы