• Өндіріс өрісі
  • 29 Қазан, 2020

Қазақстандағы көмір өндірісінің келешегі бар

Жетпісбай Бекболатұлы,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
профессоры
e-mail: Zhetpisbay.Bekbolatuly@kaznu.kz

Балапанын күзде санап, боқырау түскенше отын-суын қамдап қоятын, қыстың жайын жазда ойлаған шаруақор жұрт соңғы жылдар беделінде жылыту науқаны басталысымен «индустрия наны» – көмір бағасын қалт етпей қадағалауға көшкен. Осынау энергетикалық шикізатты сыртқа шығаратын әлемдегі оншақты мемлекет сапынан табылып жүрген елімізде оны өндіру және жеткізу шығындарының өсіп отыруы тұтынушыларды алаңдатқан жайы бар. Дерек көздерінің мәлімдеулеріне қарағанда, биыл өндірілетін 120 млн тонна көмірдің 38 млн тоннасы экспортқа кетсе, 82 млн тоннасы ішкі қажеттілікке жұмсалатын көрінеді. Өндіру тәсіліне, теміржол тарифтеріне, биржа құнына байланысты өңірлерде 1 тоннаның бағасы 15-20 мың теңге аралығында. Осы және басқа түйткілдер саланың даму көкжиегіне көз жібергісі келетін көзіқарақты қауымның назарында тұрғаны бекер емес.
Сарапшылардың пікірінше, қордаланып қалған проблемалар бүгінде жеке меншікке өткен көмір өндіруші кәсіпорындар иелерінің қосылған құны жоғары өнім алу мәселелеріне жеткілікті көңіл бөлмеуінен туындап отыр. Саланың тағы бір түйткілі шикізат тұтыну көлеміне әсер ете бастаған «жасыл экономикаға» көшу жөніндегі ғаламдық үрдістерге қатысты. Соңғы онжылдықта әлемде электр энергетикасындағы отын құрылымында әртүрлі үдерістер қалыптасты. Еуропа көмірді газбен белсенді алмастыруда. Ал Азия елдерінің энергетикалық саясаты кәрі құрылықтан айтарлықтай ерекшеленуде. Мұнда көмір өндіру мен тұтынудың жаппай өсу үрдісі байқалады. Әлемдегі көмір қорының 57 пайызы АҚШ, Ресей және Қытай сынды алпауыт үш елде шоғырланған. Көмір қорының тағы 33 пайызы Қазақстанға, Үндістан мен Австралияға, ОАР және Украинаға тиесілі. Қытай көмір өндіру бойынша әлемде бірінші орында. Қазақстанға келетін болсақ, отандық көмір экспортының ұлғаюы салыстырмалы түрде төмен деңгейде әрі көлік шығындары мен күлділігі жоғары болғандықтан 30 пайыздан 50 пайызға дейін елеулі дисконты бар нарықтарда ғана сатыла алады. Ірі кен орындарының ішінде көмірінің сапасы тұтастай алғанда экспорттық стандарттарға сәйкес келетіні Шұбаркөл ғана. Сөйтсе де көмір өнеркәсібі елді индустрияландыруда маңызды рөл атқаратынын ескерген дуалы ауыздар әлемдік трендтерді назарға ала келе, көмір химиясын және көмірді кешенді, терең өңдеуді дамыту қажеттігіне ден қойып отыр. Бұл бағыт өнімнің тұтынушылық қасиеттерін сапалы тұрғыда өзгертуді қамтамасыз етіп, тиісінше оның нарықтық бағасын арттыра алады. Осы орайда елдің арзан көмір генерациясы Қазақстан экономикасының бәсекелестік артықшылықтарының бірі болып табылатынын айта кету керек. Өндірілетін көмірдің негізгі үлесі, 50 пайыздан астамы электр энергетикасы саласының қажеттіліктеріне, қалған көлемі халықтың коммуналдық-тұрмыстық мұқтаждарына, сондай-ақ өнеркәсіптік кәсіпорындарға жұмсалады. Бүгінде республиканың көмір саласы Қазақстанда электр энергиясының шамамен 70 пайызын өндіруді, кокс-химия өндірісінің жүз пайыз жүктемесін қамтамасыз етеді, коммуналдық-тұрмыстық сектор мен халықтың отынға деген қажеттілігін толық қанағаттандырады. Елдегі энергетикалық көмір нарығындағы басты ойыншы «Богатырь Көмір» компаниясы, өндіру көлемі бойынша екінші орында «ERG» компаниясы құрамындағы «Восточный» разрезі, одан әрі «Қазақмыс», «Ангренсор-Энерго» компаниялары жайғасқан. Көмір қорының едәуір үлесін, шамамен 56 пайыздайын қоңыр көмір құрайды, ұзын тасты көмір 14 пайыз, битуминоздық сападағы тас көмірге қалған 30 пайыз тиесілі. Битуминозды маркалардың тас көмір қоры Екібастұз бассейнінде шоғырланған.
Бүгінгі күні көмір өндірісіндегі нарықтық қатынастарды жоғары деңгейде ырықтандыруға қол жеткізілді. Елдің көмір қоры өте үлкен және экономиканың тұрақты жұмыс істеуі үшін бірнеше жүздеген жылға жетеді. Көмірдің теңгерімдік қоры ішкі қажеттіліктерді толығымен қамтамасыз етуге және көмір өнімінің едәуір көлемін экспорттауға мүмкіндік береді. Мемлекеттік баланста 33,6 млрд. тонна құрайтын 49 кен орны бар, оның ішінде тас көмір 21,5 млрд. тонна, қоңыр көмір 12,1 млрд. тонна. Барланған көмір қорының 90 пайыздан астамы елдің солтүстігінде және орталық бөлігінде шоғырланған. Соңғы жылдары мұнай бағасының тұрақты өсуіне, оның қорларының қысқаруына, жаңа кен орындарын барлауға жұмсалатын шығындардың жоғары болуына байланысты әлемнің көптеген елдерінде көмірді терең өңдеу үдерістерінің жекелеген сатыларының көрсеткіштерін жетілдіру және жақсарту жөніндегі жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Осындай түйінді трендтерді ескере келіп, Қазақстан көмірді терең кешенді қайта өңдеуге бағытталған саясатты жүргізуге бет алды. Бұл орайда Ұлыбритания, Германия сынды дамыған елдер тәжірибесі ескерілуде. Жалпы, Еуропада қайта құрылымдау нәтижесінде көптеген шахталарды жабу жоспарланып отыр. Азия елдері де осындай бағыт ұстануда. Осыған орай сарапшы қауым Қазақстан көмір индустриясының жаңа технологияларына көп көңіл бөлуі, өндіріс төмендеуі жағдайында импортқа назар аударуы керектігін баса айтуда. Сондықтан да соңғы кездері жаңартылатын, «жасыл қуатты» дамытуға бағыт алып отырған еліміз энергетика саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру кезінде бір жағынан электр қуатын жаңғыртылатын көздерден молырақ өндіруге тырысса, екінші «таза» энергия өндірісін ұлғайту электр энергиясы тарифтерінің өсуіне әсер етпеуі үшін тұтынушылар мүдделерінің теңгерімін іздестіруге бағытталған жоспарлы жұмыс жүргізуге кірісті. Мұның өзі елімізде көмір индустриясының келешегі бар екендігін көрсетсе керек.

400 рет

көрсетілді

70

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы