• Бизнес & Қоғам
  • 29 Қазан, 2020

Dolce-Pharm: Дамудың жаңа белесі

Экономиканың маңызды секторы саналуымен қатар, халық өмірі мен денсаулығы қауіпсіздігінің негізі болып табылатын бірден бір сала – фармацевтика өнеркәсібі. Бүгінде елімізде бұл саланы дамытуға айрықша көңіл бөлінуде.

Коронавирус пандемиясы елдің фармацевтикалық өндірушілеріне қатты әсер етті. Қауіпті індет етек ала бастағанда медициналық бұйымдар шығаратын зауыттың өнімдеріне сұраныс күрт артты. Карантиндік жағдайларда үздіксіз жұмыс істеген зауыттар медициналық ұйымдар­ды жеке қорғаныш құралдарымен қам­тамасыз ету үшін бар күштерін салғаны мәлім. Қазіргі уақытта салада 96 кәсіпорын жұмыс істейді, олардың 33-і дәрілік заттар, 41-і медициналық бұйымдар және 22 кәсіпорын ме­ди­циналық техника шығарады. Кәсіпорындардың басым бөлігі еліміздің төрт аймағында – Алматы, Шымкент қалаларында, сондай-ақ Алматы және Қарағанды облыстарында шоғырланған. Бұл өңірлерде ғылыми-техникалық орталықтардың, дамыған көлік инфрақұрылымының және жеке өсімдік шикізатының болуы кәсіпорындардың бәсекелестік артықшылықтарын қамтамасыз етті.
Осындай қанатын кең жайып келе жатқан өндіріс орындарының бірі – Dolce-Pharm қазақстандық фармацевтикалық компаниясы 22 жыл ішінде бір реттік медициналық бұйымдарды өндіру саласында жоғары көрсеткіштерге қол жеткізді. Компанияның өнімдері еліміздің медициналық мекемелерінде ғана емес, өзге шет мемлекеттерде де сұранысқа ие. Атап айтқанда, ол өз өнімдерін Ресейге, Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан, Тәжікстан елдеріне экспорттайды. Болашақта шикізатты қарама-қарсы жеткізуді қамтамасыз ету шартымен Қытаймен ынтымақтастық орнату көзделген.
Dolce (зауыт) пен Dolce-Pharm (коммерциялық және тарату бөлімі) фармацевтикалық өндірісі мен ком­мерциялық қауымдастығы – бір реттік медициналық мақсаттағы бұйымдар мен дәрі-дәрмектердің ірі қазақстандық өндірушісі. Зауыт медициналық мақсаттағы 250-ден астам өнім түрін, оның ішінде медициналық бетперделер мен қолғаптар, бахилалар, стерильді операциялық жиынтықтар және бір реттік жаймалар шығарады. Алматы облысының Ынтымақ кентінде орналасқан өндірістік кешенде 355 адам еңбек етеді. Зауытта 6 өндірістік цех: стерильді және стерильді емес қолғаптар өндіру; «Ультра-Адсорб» сауда маркасымен белсендірілген көмір өндіру; медициналық мақсаттағы бұйымдар (халаттар, бетперделер, қалпақтар, жиынтықтар) өндірісі; мақта мен пластикадан жасалған бұйымдар өндіруге дайындалған өндіріс; этилен оксидімен стерильдеу және пластиктен жасалған бұйымдар (кесек айна, Эйер шпатель, Фолькман қасығы) өндірісі бар. Биыл кәсіпорын бетперделер шығарылымын кеңейтті және гинекологиялық айналар, маска-респираторлар, фиш-маска­лар, СИ-маскалар және балаларға арналған «баттерфляй» маскалары, сондай-ақ суретпен безендірілген бетперделерді шығара бастады. Бұған қоса, кәсіпорын тоқылмаған мата өндіретін зауыт салуды, лейкопластырь өндірісін ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Тоқылмаған мата өндіру жөніндегі жобаны іске асыру жеке қорғаныш құралдарын шығару үшін отандық кәсіпорындарды өз шикізатымен қамтамасыз етеді.
Медициналық бұйымдар шыға­ратын қосымша өндіріс кешенін ашқан компания кәсіп­керлікті дамытып, экономиканы ілгерілетуге үлес қосуда. Жаңа өндіріс Фармацевтикалық және медициналық саланы дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары аясында іске қосылып отыр. Зауыттың өндірістік қуаты – жылына 150 млн бұйым. Өндіріс орны нарықты қолжетімді бағадағы сапалы өнімдермен қамтумен қатар, әлеуметтік бағыттағы сұранысты да қанағаттандыруда. Пандемиядан кейінгі қиындық – жұмыссыздық болса, бұл күрмеулі тұста компания азаматтардың еңбекпен қамтылуына да септігін тигізіп отыр.
Dolce Pharm брендімен қалып­тас­қан жаңа Dolce ЖШС-да меди­ци­налық қолғаптар, хирургиялық және ги­некологиялық жиынтықтар, сондай-ақ бетперденің 10-нан аса түрі мен бір реттік құралдар, қысқасы, медицина саласына қажетті көптеген бұйымдар өндіріледі. «Зауытымыз барлық еуропалық және әлемдік стандартқа сай салынған. Мұндай жоба ел экономикасын дамытып қана қоймай, халықтың денсаулығын жақсартуға өзіндік үлесін қосары анық. Өйткені зауытта хирургияға, кардиохирургияға, кардиографияға, гинекологияға, трансплантологияға арналған әртүрлі жиынтықтар мен өте күрделі хирургиялық емдер мен нейрохирургияға арналған күрделі жабдықтар шығады», – дейді «Dolce Group» ЖШС директорлар кеңесінің төрайымы Елена Ли.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

396 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы