• Қаржы
  • 29 Қазан, 2020

COVID-19: Валюта нарығындағы жағдай және теңге бағамы

Коронавирустың екінші толқынының келу қаупіне орай теңге бағамының жыл соңына дейін қалай өзгеретініне қатысты сарапшылар пікірі екіге бөлінді: кейбіреулер сырқаттанғандар санының өсуіне қарай ұлттық валютаның әлсіреуін, ал енді біреулері әлемдік экономиканың және көмірсутектерге сұраныстың қалпына келуіне қарай оның нығаюын күтуде. Осы ретте Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекованың «Капитал» басылымына берген сұхбатынан валюта нарығындағы жағдай және теңге бағамының серпініне қатысты ой түйіндерін оқырман назарына ұсынамыз.

Еркін өзгермелі режимде ұлттық валюта бұрынғыдай негізгісі мұнай бағасы болып табылатын іргелі факторлардың әсеріне ұшырауда. Күзден бері ұлттық валюта серпініне арзандап бара жатқан мұнай мен дамушы елдердің валюталары үшін тәуекелдердің күшеюі аз да болса әсер етуде.
Энергия тасымалдаушылар нары­­ғында әлі де жаһандық тұтынудың төмендеуінен туындаған жоғары белгісіздік сақталуда. Жекелеген елдердің, мысалы, Ливия, мұнай өндіруді ұлғайтуына байланысты жалғасып келе жатқан тұрлаусыздыққа қарамастан, ОПЕК+ ұйымы өндірісті азайту жөнінде алдын ала келісілген талаптарды ұстану және мұнай нарығын қайта теңдестірудің қазіргі қиын жағдайын түсіну ниеті туралы белгі береді.
Ірі өндірушілер арасындағы келіс­пеушілік осы жылдың басында мұнай бағасының күрт құлдырауына әкелгенін ескере отырып, ОПЕК+ өндіруші ел­дер арасындағы қазіргі үйлестіру ірі қатысушылар жаңа нақты шындықты түсінеді деп ойлауға мүмкіндік береді. Қытай экономикасының біртіндеп қалпына келу ықтималдығы да энергия тасымалдаушылар нарығына қолдау көрсетеді.
Негізгі экспорттық тауар баға­сы­ның серпінінен басқа, теңгеге әлем­дік экономикадағы жалпы үрдіс­тердің де әсері бар. Көптеген дамушы елдердің жаһандық сұраныстың құл­ды­рауына байланысты экспорттың төмендеуіне көндігіуіне тура келді. Бұған жауап ретінде үкіметтер дамыған елдермен салыстырғанда шамалы ауқымда болса да, фискалдық және монетарлық шаралар қабылдауда.
Инвесторлардың тәуекел дәреже­сінің жалпы төмендеуіне және АҚШ-тағы ынталандыру шаралары бойын­ша белгісіздікке байланысты әлемдік на­рық­тардағы жекелеген кезеңдерде дол­лардың нығаюы дамушы елдердің ұлттық валюталарына қосымша қысым көрсетуде.
Қазақстан басқа елдермен салыс­тырғанда Үкімет пен Ұлттық банктің қуатты фискалдық қолдауының және экономиканы қолдау үшін уақтылы шаралар қабылдауының нәтижесінде орнықты позицияға ие.
COVID-19-дың екінші толқыны­ның әлемдік экономикаға әсеріне қатысты сарапшылар болжамына тоқталар болсақ, Еуропада ауырудың жаңа жағдайлары туралы хабарламалар аясында қауіптенудің сақталуына қарамастан, ағымдағы әлемдік статистика емделушілердің үлкен пайызымен, сондай-ақ өлім-жітімнің төмендігімен ерекшеленеді. Кейбір экономистер індеттің таралуы барынша бақылауға алынуда және ауру саны азаяды деп есептейді. Яғни бұл жағдайда экономикаға әсері қатты болмайды.
Халықаралық валюта қоры жаз мезгіліндегі болжамдармен салыс­тырғанда әлемдік экономиканың дамуы жөнінде анағұрлым оптимистік болжам жасады. Қор әлемдік ІЖӨ-нің төмендеуі алдыңғы болжамдағыдай 4,9% емес, 4,4% болады деп күтуде. Осы ретте көптеген дамыған және дамушы елдер оң түзетуден өтті. Мәселен, Ресейдің ІЖӨ жөніндегі болжамы жақсарды, бұрынғы есептегі 6,6%-ға қарсы қазіргі уақытта 4,1%-ға төмендейді деп болжануда. Қытай экономикасының өсу қарқыны 1,9% деңгейінде болжануда, бұл алдыңғы болжамнан 0,9 п.т. жоғары. ҚХР экономикасының қалпына келуінің жалғасуы биылғы 3-ші тоқсанда ІЖӨ-ні 4,9%-ға дейін жеделдету туралы жақын арада жарияланған статистикамен расталады.
Еліміздің ішкі жалпы өнімінің серпіні бойынша ХВҚ-ның 2020 және 2021 жылдарға жасаған болжамы өзгерген жоқ және тиісінше (-)2,7% және (+)3%-ды құрайды.
Елімізде CОVID-19-бен ауыр­ғандар санының өсуі аясында ішкі нарықта шетел валютасына үлкен сұраныс байқалмайды. Валюта нары­ғындағы сауда-саттық көлемі карантиннен кейінгі кезең шегінде, күніне 90-130 млн АҚШ доллары шамасында қалып отыр.
Жоғарыда айтып өткеніміздей теңге бағамы іргелі факторлардың серпініне қарай қалыптасады. Күзден бері ұлттық валюта серпініне арзандап бара жатқан мұнай мен дамушы елдердің валюталары үшін тәуекелдердің күшеюі аз да болса әсер етуде.
Энергия тасымалдаушылар нары­ғы коронавирустың екінші толқы­ны бойынша күтілетін шығындарды бағаларға қоса бастады, сондықтан қыркүйектің басынан бастап бір баррель үшін мұнай бағасы $45,6-дан $42,3-ға дейін төмендеді. Осы кезеңде дамушы елдердің валюталарына да қысым көрсетілді. Мысалы, АҚШ долларына қатысты түрік лирасы 7,3%-ға, рубль 5,2%-ға, бразилия реалы 2,2%-ға әлсіреді.
Жалпы, теңгеге қатысты құбылма­лылықтың қалыпты нарықтық жағдай болып табылатынын байқауға болады. Нарық іргелі факторлардың серпініне және сауда-саттықтағы сұраныс пен ұсынысқа қарай қалыптасады, онда нарық ойыншылары шетел валютасына қажеттілікке байланысты бағам белгілеу үдерісіне қатысады.
Ұлттық банк айырбастау бағамы­ның жай-күйіне мониторингті жалғас­тыруда және бағам тұрақсыздана отырып, күрт өскен жағдайда, қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін араласуға дайын.

Дайындаған
Рымтай САҒЫНБЕКОВА

251 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы