• Үкімет: іргелі істер үрдісінде
  • 29 Қазан, 2020

Сумен жабдықтау, жұмыспен қамту: Әлеумет ахуалы артуы тиіс

Елді мекендерді сумен жабдықтау және су бұру мәселелері, Жұмыспен қамтудың жол картасын іске асыру барысы Министрлер кабинетінің кезекті отырысында қаралды. Және де келер жылға арналған Үкіметтің заң жобалау жұмыстарының жос­пары ұсынылды. Жиын төрағасы, Премьер-министр Асқар Мамин іс-шараларды пысықтап, әрі қарайғы жұмыс бағыттарын белгіледі.

Мәлімделгендей, орталық­танды­рылған сумен жабдықтау деңгейі қалаларда – 97,2%, ауылдарда – 86,4%. 100% орталықтандырылған сумен жабдықтау Солтүстік Қа­зақстан, Маңғыстау және Атырау об­лыстарында, ауылдар бойынша Алматы (98,8%), Атырау (98,4%) және Қызылорда (97,2%) облыстарында қамтамасыз етіледі. Қолжетімділік бойынша төмен көрсеткіштер Қостанай (61,1%), Жамбыл (72,6%) және Павлодар (73,3%) облыстарында байқалады. 53 қалада кәріздік тазарту құры­лыстарын салу, реконструкциялау және жаңғырту бойынша жұмыс жүргізілуде, қаржы­ландыру көздері (АДБ және ЕҚДБ займдары) айқындалып, жобалық құжаттама дайындалуда. «Халықты таза ауыз сумен жабдықтау – Үкіметтің стра­тегиялық міндеті және халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға тікелей әсер ететін мәселе. Бұл бағытта әр әкімдіктің елді мекендерге тиісті инфрақұрылымды жеткізу бойынша нақты жоспары болуы керек», – деді А.Мамин.
Үкімет басшысы «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасын іске асырудың нәтижесінде 2025 жылға қарай халық 100% таза ауыз сумен қамтамасыз етілетінін атап өтті. Бұл ретте маңыздысы, топтық су құбырларының инфрақұрылымын жасау және ауылдардың шекарасына дейін жеткізу керек. Бұл жұмыс желілерді елді мекендердің ішінде тартумен үйлесімді жүргізілуі қажет. Премьер-министр жобалардың шы­ғындарын қысқартып, жергілікті қамтуды дамыту мақсатында сумен жабдықтау және су бұру жобаларын іске асыру кезінде жобалау-сметалық құжаттаманың типтік жобаларын, сондай-ақ отандық өндірушілердің материалдарын пайдалануды тапсырды. Экология министрлігіне топтық су құбырларын басқару жүйесін одан әрі жетілдіру бойынша шаралар қабылдап, оларды салу және реконструкциялау жобаларын уақытылы іске асыруды қамтамасыз ету тапсырылды. Мысалы, 2021 жылдың соңына дейін 197 мың тұрғыны бар 38 елді мекенге су жүргізуді көздейтін, ұзаққа созылған үш жобаның құрылысын аяқтау қажет. Индустрия, ұлттық экономика, қаржы, экология, денсаулық сақтау министрліктеріне халық үшін тарифтердің артуына жол бермеу мақсатында қызмет көрсетуді және қарызды өтеуді ескерумен кәріздік тазарту құрылыстарын салу және реконструкциялау жобаларын іске асыру тетігін заң жүзінде бекітуді қамтамасыз ету жүктелді.
Қазіргі уақытта Жұмыспен қамту­дың жол картасы шеңбе­рінде шамамен 6600 әлеуметтік, коммуналдық және көліктік инфрақұрылым нысаны салынып жатыр. Жобалар аяқ­талған соң, сабақтас салаларда 100 мыңға жуық жұмыс орны құрылатын болады. Жол картасының жобаларын іске асыру үшін қажетті тауарлардың, жұмыстар мен қызметтердің шамамен 90%-ы отандық өндірушілерден сатып алынды. 19 мыңға жуық бизнес субъектісі 488 млрд теңгеге тапсырыс алды, кемінде 114 мың жұмыс орны сақталды. «Биыл дағдарысқа қарсы қабылданған шараларды іске асыру халықтың жұ­мыспен қамтылуын сақтауға ықпал етті. Жұмыспен қамтудың жол картасы қазақстандықтардың жұмысы мен табысын сақтауға септігін тигізді, елеулі әлеуметтік-экономика­лық тиімділігін көрсетті», – деді А.Мамин.
Премьер-министр жұмыспен қамтуды қолдау шараларын іске асыру қарқыны Атырау, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда облыстарында, Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларында жоғары екенін атап өтті. Үкімет басшысы әкімдіктерге жол картасының жоспарлы көрсеткіштеріне қол жеткізу бойынша жұмысты жандандыруды тапсырды. Еңбек министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен және әкімдіктермен бірлесіп, осы жылдың соңына дейін 2021 жылға арналған Жұмыспен қамтудың жол картасын жаңарту және онда тұрақты жұмыс орындарын құруға баса мән беру тапсырылды. Бұл ретте жобалардың басым бөлігі аяқталғандықтан, жұ­мысынан босап қалатын адамдарды жұмыспен қамту шараларымен қамту керектігі ескертілді. Ұлттық экономика ми­нистрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен және әкімдіктермен бірлесіп, жыл соңына дейін барлық мемлекеттік бағдарламалардың жұмыс орындарын құру бойынша индикаторларын жаңарту, тиісті статистикалық есепке алу жүйесін енгізу, сондай-ақ жұмыс орындарын құрудың өңірлік карталарын әзірлеп, бекіту тапсырылды.
Жиында Үкімет 2021 жылға арнал­ған заң жобалау жұмыста­рының жоспарын қарады. Жоспар биржалық сауданы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды, жер қатынастарын, кө­лікті, құқық қорғау қызметі мен геодезия­ны, картографияны, волонтер­лік қызмет пен қайырымдылықты, био­­логиялық қауіпсіздікті да­мы­­туға бағытталған 19 заң жобасын әзірлеуді көздейді. «Мемлекет басшысының Жолдауынан туындаған екі заң жобасын келесі жылы Парламентке енгізуіміз қажет. Бұлар – биржалық сауданы дамыту және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері туралы заң жобалары. 2021 жылдың жоспарына сондай-ақ геодезия, биологиялық қауіпсіздік және әскери полиция туралы үш жаңа заң жобасы енгізілді», – деді А.Мамин.
Премьер-министр мүдделі мем­лекеттік органдардың бірінші заң жо­баларының сапасына және олардың Үкімет пен Парламентке уақытылы енгізілуіне ерекше назар аударуды тапсырды.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

205 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы