• Ақорда & Үкімет
  • 29 Қазан, 2020

САМҰРЫҚ-ҚАЗЫНА: ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ХОЛДИНГКЕ АЙНАЛДЫРУ ТҰЖЫРЫМДАМАСЫ ҰСЫНЫЛДЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ басқарма төрағасы Ахметжан Есімовті қабылдады.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» компаниялар тобының 9 айдағы жұмысының қорытындылары туралы есеп берілді.
Ахметжан Есімовтің мәлі­метінше, есептік кезеңдегі таза табыс жоспарланған 167 млрд теңгеден 2,6 есеге асып, 436 млрд теңгеге жеткен. Биыл акционер – ҚР Үкіметіне 120 млрд теңге дивидендтер төленген, бұл 2017 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 10 есе артық. Сон­дай-ақ энергетикалық, мұнай-газ, уран, телекоммуникациялар, пошта және басқа да салалардағы компаниялар тобының барлық кәсіпорындарында үздіксіз жұмыс қамтамасыз етілді. Өн­дірістегі жұмыс орындары жаппай қыс­қартуға ұшы­ра­май, персонал толық құрамда сақталды, қызметкерлерге еңбекақы уақыты­лы төленіп отыр.
«Самұрық-Қазына» басшысы қор сатып алулар жүйе­сі арқылы ел экономикасын қолдауға қатысты Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау жөніндегі жұмысты жалғастырып жат­қанын хабарлады. Биылғы 9 айдың қорытындысы бойынша қордың сатып алулар жүйесіндегі жергілікті өнім үлесі 66% құрады. Бәсекелестік ортаға 819 млрд теңгеге сатып алулар шығарылған. Бизнестің 17 000 субъектісі қордың сатып алуларына қатысуға мүмкіндік алды. 2020 жылдың басынан бері ком­паниялар тобы 2,4 трлн теңгеге отандық бизнеспен шарттар жасасып, жергілікті кәсіпорындарға 12 мың тапсырыс берілген. Аталған кәсіпорындарда 280 мың адам жұмыс істейді. Есеп бойынша мемлекеттік бюджетке 170 млрд теңге көлемінде салық төлемдері түсуі тиіс.
Сондай-ақ Қазақстан Прези­дентіне қорды инвестициялық холдингке айналдыру тұжырымдамасы ұсынылды.
Басқарма басшысы Ахметжан Есімов Қасым-Жомарт Тоқаев­қа инвестициялық холдингке ай­нал­дырудың артықшылықтары туралы айтты. Оның сөзінше, бұл портфельді активтерді география және салалар бойынша әртараптандыруға, халық­аралық инвестициялардан түсетін табысын арттыруға, диви­дендтер­дің есебінен бюджет түсімдерін арттыруға мүмкіндік береді.
Мемлекет басшысына Жол­даудағы тапсырмаларға сәйкес, қор активтерін жеке­шелендіру бағ­дарламасы жалғаса беретіні туралы хабарланды. Бұл ретте, қор мемлекеттік және жеке мен­­шік мүд­делер арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз ету мақ­сатында ірі және стратегиялық ком­­паниялардағы үлесінің 51 және одан да көп пайызын бақылауды сақтап қалады.

 

Самұрық-Қазына басқарма төрағасы Ахметжан Есімов атап өткендей, пандемияның алғашқы толқыны кезінде алынған тәжіри­бе Қордың негізгі өндірістік көрсет­кіштердің елеулі төмендеуіне, кәсіп­орындардың тоқтап қалуына немесе өндірістік персоналдың қыс­қаруына жол бермей, сын-қатерге төтеп бергенін көрсетеді. «Ал­дағы 5 жылда Қор Қазақстандағы жаңа инвестициялардың үлесін таза активтер құнынан 2 пайыздан 10 пайызға дейін, ал халықаралық, тікелей және портфельдік инвести­циялардың жалпы үлесін 2028 жылға қарай 20 пайызға дейін ұлғайтуды жоспарлап отыр», – деді Қор басшысы британдық компанияларды келешегі бар салаларға инвестиция салуға шақырып.
Қазақстандағы инвестициялық ахуалға жоғары баға берген бри­тандық бизнес қауымдастық өкіл­дері Қормен қарым-қатынастың жақсы динамикасын атап өтіп, ынты­мақтастықты нығайтуға өзара ұмтылысты растады.
Өз кезегінде ҚР Президентінің экономикалық даму жөніндегі сыртқы кеңесшісі Сума Чакрабарти: «Қазақстанда қолайлы инвес­тициялық ахуал қалыптасқан: оңайлатылған салық режимі бар, ұлттық заңнама үнемі жетілді­ріліп отырады, ал инвестициялық преференциялар пакеті кеңеюде. Экономиканың басым салаларында жобаларды іске асыратын ин­весторларға салық заңнамасының тұрақтылығына кепілдік беріледі», – деп атап өтті.
Бүгінде сенімді іскери серіктес ретінде берік беделге ие «Самұрық-Қазына» қоры қазақстандық-британ­дық өзара әрекеттесу әлеуетін іске асыруға мүдделі. Қор жекеше­лендіру бағдарламасын жүргізуді жалғастыра береді. Ағымдағы жылдың маусым айында Қор Лондон қор биржасында және «Астана» халықаралық қаржы орталығында «Қазатомөнер­кәсіп» ҰАК» АҚ акцияларының және жаһандық депозитарлық қолхат­тарының қосымша 6,27 пайызын орналастырды. Лондон қор биржасы арқылы тартылған инвесторлардың үлесі 43 пайыз болды. Сондай-ақ ағымдағы жылдың маусым айында S&Р Global Ratings халықаралық рейтингтік агенттігі «Самұрық-Қазына» АҚ-ның ұзақ мерзімді және қысқа мерзімді кредиттік рейтингтерін «ВВ+/В» деңгейінде растады, болжам – «Тұрақты». Fitch Ratings агенттігі Қорға «BBB» деңгейінде рейтинг берді, болжам «Тұрақты»/F2».
Тағы бір маңызды оқиға – жуырда БҰҰ «Самұрық-Қазына» қорын тұрақты дамуды, тұрақты даму бастамалары мен ESG принциптерін жүзеге асыруды қамтамасыз ететін 20 озық қордың тізіміне қосты. Сонымен қатар корпоративтік басқарудың озық әдістерін енгізу, негізгі басқару шешімдерін қабылдау тәсілдерін жетілдіру БҰҰ-да жоғары бағаланды. Әлемнің 20 озық зейнетақы және егемен қорларының тізімі БҰҰ-ның даму бастамасын тұрақты дамыту мақсатында БҰҰ институционалдық инвесторларының серіктестігі дайындаған (IIPSD) «Мемлекеттік зейнетақы және егемен қорлар тұрақты дамуды қалай қамтамасыз етеді: Көшбасшылардың тәжірибесі және ұсынылатын интеграция құрылымдары» атты есебінде жарияланды. Қорды орнықты дамуды интеграциялау саласындағы көш­басшылар ретінде тізімге енгізу әлемдік қоғамдастықтың орнықты даму саласындағы бастамаларды және ESG қағидаттарын енгізу бойынша қабылданатын тәсілдер мен шаралардың дұрыстығын мойындауы болып табылады. Ұсынылған көшбасшылар тізіміне 16 зейнетақы қоры және 4 ұлттық әл-ауқат қоры іріктелді, олардың ішінде Temasek Holdings, Future Fund және New Zealand Superannuation Fund бар. Құжат әлемдік деңгейде активтерді басқару бойынша 50 ірі мемлекеттік зейнетақы қорын және 30 ірі ұлттық әл-ауқат қорын қамтиды. Сонымен бірге қорытындылар бойынша: әрбір төртінші қор (жиырма қор) өзінің инвестициялық қызметіне орнықты дамудың интеграциясы туралы есептерді жариялайды; ESG интеграциясын ұстанатын мықты басшылық пен команда өзгеріс пен озық тәжірибенің маңызды қозғаушы күші болып табылады; 20 жетекші қор кем дегенде 17 халықаралық салыстырмалы көрсеткішті пайдаланады; инвестициялардың әсері (БҰҰ-ның Орнықты даму мақсаттарына байланысты инвестицияларды қоса алғанда) – бұл кеңінен қол­данылатын стратегия, ол туралы 20 қор хабарлайды, бұл жауапты инвестициялаудан орнықты дамуды қамтамасыз етуге бағытталған инвестицияларға жалғасып жатқан ауысуды куәландырады; озық қор­лар орнықты даму саласындағы, атап айтқанда, экологиялық мәсе­лелер бойынша есептілік сапасын арттыру үшін халықаралық стандарттарды пайдалануда прогреске қол жеткізеді.
БҰҰ есебіне бес стратегиялық салада орнықты дамуды интегра­циялаудың озық әдістерінің кең жиынтығы: басқару, орнықты ин­вес­тициялаудың корпоративтік саясаты, орнықты дамуды интеграциялау стратегиясы, инвестициялық тізбек бойынша ESG интеграциясы, сондай-ақ бағалау және есепті­лік кіреді. Бұл есеп БҰҰ Тұрақ­ты даму мақсаттары (ТДМ) мен ESG қағидаттары саласындағы әлемдегі ең ірі мемлекеттік зейнетақы қорлары мен ұлттық әл-ауқат қор­ларының интеграциясына мониторинг бойынша тұрақты күш-жігердің маңызды нәтижесі болып табылады.

4757 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы