- Өндіріс тынысы
- 05 Қараша, 2020
Техника тиімділігі артуда
Бүгіндері лизинг өнім өндірісі мен еңбек өнімділігін арттыруға ықпал ететін негізгі қорларды жаңартудың қарапайым әрі тиімді әдісі болып отыр. Осы ретте «ҚазАгроҚаржы» АҚ еліміздің аграрлық секторындағы техникалық жарақтандыруды дамытуға ықпал ете отырып, 20 жыл бойы өз қызметін табысты жүргізіп келеді.
Аграрлық саладағы жоғары құзыреттілік, нарықтағы көпжылдық жұмыс тәжірибесі, дамыған филиалдық желісі мен білікті кадрлық құрамы, сенімді кредиттік рейтингтері мен қаржы қаражатын тартуға қолжетімділігі «ҚазАгроҚаржы» АҚ-тың лизинг нарығында көшбасшылық позицияны сақтап қалуына және отандық фермерлер үшін сенімді серіктес болуына мүмкіндік береді. Негізгі қаржы институты АӨК лизингі нарығында тиімді әрі қолжетімді шарттармен лизингке техника және жабдық ұсынады. Диқандарға қолұшын созып, олардың өтінімдерін орындауға және сол арқылы ауыл шаруашылығын дамытуға атсалысып келе жатқан компанияның 2000 жылдан бастап бүгінге дейінгі лизингтік мәмілелерінің сомасы 687,7 миллиард теңгені құрады. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге 85,5 миллиард теңге сомасына 53 693 бірлік техника, ал ағымдағы жылы 4 801 бірлік техника лизингке берілді. Өткен жылы акционерлік қоғам 98,5 миллиард теңге сомасына 5,9 мың бірлік ауылшаруашылық техникасын қаржыландырды.
Көктемдегі төтенше жағдай режиміне, карантинге қарамастан, компания қаржыландыруға берілген өтінімдерді қабылдау мен қарауды тоқтатпай, бұл жұмыстарды жеңілдетілген тәртіппен жүзеге асырды. Шаруаларды, отандық машина жасау субъектілерін қолдау мақсатында сәуірден бастап «Қазақстанда жасалған» арнайы жеңілдікті бағдарламасы жұмыс істей бастады. Ол ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге отандық техниканы алғытөлем төлемей (инвестсубсидиялар есебінен), қандай да бір комиссиясыз және кепілсіз, жылдық 6% жеңілдікті қаржыландыру мөлшерлемесімен, 10 жылға дейін лизинг мерзімімен әрі 1 жылға дейін лизингтік төлемдерді төлеу бойынша жеңілдікті кезеңмен алуға мүмкіндік берді. Сондай-ақ «Шебер-лизинг» бағдарламасы шеңберінде клиент құжаттарды қайта жинамай және өтінімді қарамай, 1 жыл қолжетімділік кезеңмен лизинг желісін ашу мүмкіндігіне ие болады. Ал «Экспресс-лизинг» бағдарламасы арқылы клиенттің өтінімі бойынша шешім 5 күн ішінде табысты растаусыз қабылданады, бұл ретте қаржыландыру ең аз құжаттар пакетімен жүргізіледі, бизнес-жоспар мен қаржылық есептілік талап етілмейді. «Беларусьта жасалған» бағдарламасы бойынша – Қазақстан (10%) мен Беларусь (6%) бөлетін субсидияларды ескере отырып, 5 жылға дейінгі лизинг мерзіміне жылдық 1% сыйақы мөлшерлемесімен Белоруссия өндірісінің техникасын сатып алуға болады. Барлық бағдарламалар бойынша клиенттерге сыйақы мен негізгі қарызды шарт жасалған сәттен бастап бір жыл өткеннен кейін төлеу мүмкіндігі берілетін жеңілдікті кезең бар.
Жалпы алғанда, қаржыландырудың басым шарттары – техниканы кепілсіз, комиссиясыз, жеңілдікті кезең ұсына отырып, ұзақ қаржыландыру мерзімімен беру. Сонымен қатар, мемлекеттік қолдаудың арқасында техниканы алғытөлем төлемей, лизинг нысанасы құнының 25% дейінгі мөлшерінде инвестициялық субсидия есебінен алуға болады.
Бүгінде аграрлық секторды техникалық жарақтандыруға бағытталған мемлекеттік саясатты негізге ала отырып, компания өзінің жаңа стратегиясын әзірледі. Даму стратегиясында ауылшаруашылық техникасы мен жабдықтары лизингінің көлемін ұлғайтуға, қызмет көрсетуді жетілдіруге бағдар алынған.
БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ
251 рет
көрсетілді0
пікір