• Аймақ тынысы
  • 05 Қараша, 2020

Жаңа емдеу орындары салынып, қызмет көрсету деңгейі арта түсті

Елбасының тапсырмасына сәйкес және Мемлекет басшысының «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында жүктелген міндеттерді орындау мақсатында Жетісу өңірінде халық денсаулығын жақсарту, медициналық қызмет көрсету сапасын заман талабына сай арттыру үшін барлық қажетті жағдай жасалып келеді.

Биыл Алматы облысында өңір халқына жедел медициналық көмек көрсету үшін 180 жедел жәр­дем көлігі мен 12 жылжыма­лы медициналық кешен сатып алынды. Соның нәтижесінде облыстағы санитарлық автокөлік паркі 80 пайызға жаңартылды. Жедел жәр­дем бригадасы 165-тен 205-ке арттырылды. Заман талабына сай жабдық­­­талған медициналық жедел жәрдем көліктерінің кілтін облыс әкімі Амандық Баталов табыстады. Сани­тар­лық автокөліктер аудандар мен қалаларға қажеттілігіне қарай берілді.
– Коронавирус басталған, ін­детпен ең алғаш бетпе-бет келген кезде бізде біршама қиындықтар болды. Қалай дұрыс емдеу керектігін, бірінші кезекте не істеу керектігін білмедік. Бірақ қазір індеттің екінші толқынына дайындық барысында алғашқы кезеңдегі қателіктердің, кемшіліктердің бәрі ескерілді. Облыста індетпен күрес шараларына 13 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді, соның 8,8 миллиарды коронавирустың екінші тол­қынына дайындыққа жұмсалып отыр. Вирусты жеңіл өткеру үшін бүгінгі күні істелген жұмыс аз емес. Талдықорғанда уақыт талабына сәйкес жабдықталған 200 төсектік жаңа аурухана салынды. Онда жұмыс үдерісінің көпшілігі автоматтандырылған және цифрландырылған. Жаңа аурухананың заманауи медицина­лық жабдықтармен, оның ішінде диагностикалық және зертханалық құрылғылармен жабдықталғанын ерекше атап өту маңызды. Компью­терлік томограф, сандық рентген, жылжымалы рентген аппараты, 20 өкпені жасанды желдету аппараты, виброкаустикалық, гемодиализ аппараты, биохимиялық, клиникалық, экспресс-зертханаларға арналған және басқа да барлық қажетті медици­налық құрал-жабдықтармен толықтай қамтамасыз етілген.
Одан бөлек, ПЦР-зерттеу көлемін арттырдық, облыстың 13 ауруханасы оттегі стансасымен қамтылды, медициналық мекемелердің әр төсегіне оттегі жеткізілген. 180 меди­­ци­налық жедел жәрдем көлігі мен шағын емхана түрінде жабдықталған 12 жылжымалы медициналық кешен сатып алынды. Соның арқасында облыстың шалғай елді мекендерінің халқы сапалы медициналық қызметке қол жеткізе алады. Бұл ретте әрбір жедел жәрдем машинасы бүгінгі жаңа талаптарға сай жабдықталған, соның ішінде өкпені жасанды желдету аппараттары да бар. Осының барлығы медициналық қызмет көрсету сапасын арттыруға ықпал етіп, медициналық қызметкерлердің өзіне жүктелген міндеттерді толық көлемде атқаруы­на мүмкіндік береді, – деп атап өтті Амандық Баталов.
Өңірдегі емдеу мекемелерін меди­циналық кадрлармен қамту мәсе­лесіне тоқталып өткен облыс басшысы қазірдің өзінде Алматыдан, Нұр-Сұлтан қаласынан 300-ден астам тәжірибелі маман шақырылғанын айтты. Мамандар тұрғын үймен қамтамасыз етілген. Оған қоса жаңа коттедж қалашығынан да үй бөлінетін болады. Сонымен бірге Талдықорған қаласында 60 пәтерлік үйдің жобасы дайындалуда.
– Осының бәрі медицина мамандарын баспанамен қамту үшін жасалып жатыр. Олар халықтың денсаулығын сақтауда, әсіресе індетпен күрес кезінде алдыңғы шепте жүреді. Сондықтан әрқашан оларды қолдауымыз керек. Бәріңізге мықты денсаулық тілеймін, өздеріңізді, жақындарыңызды сақтаңыздар, – деп сөзін түйіндеген Амандық Баталов облыстың медицина қызметкерлеріне, әсіресе коронавирустық инфекциямен күрес кезіндегі олардың тынымсыз еңбегі мен қажырлығы үшін алғысын білдірді.
Медицналық қауым атынан облыс­тық жедел жәрдем және шұғыл меди­циналық көмек стансасының басшысы Савелий Пак сөз алып, жұмыс жағдайына да, тұрмыстық мәселелерге де алаңдамай жүктелген міндетті еркін атқаруға жасалған мүмкіндіктер үшін, көрсетілген мемлекеттік қолдаулар үшін зор ризашылығын білдірді.
Атап өтсек, мобильді медициналық кешендерде жалпы қабылдау, акушер-гинеколог, сәулелі диагностика кабинеттері, жалпы тәжірибелік дәрігерге арналған аумақ, дәріхана пункті, анализдер қабылдайтын аймақ, сарапшы санатындағы портативті УЗИ бар. Рентген мен флюорографияны қауіпсіз жасаудың мүмкіндігі қарастырылған. Мүгедек жандар үшін пандус-лифт жұмыс істейді. Бұл өз кезегінде ауылдық жерлерде бейінді мамандар мен алғашқы медициналық-санитарлық көмек мамандары тапшы­лығының орнын толтыруға мүмкіндік береді. Оған қоса облыстың шалғай ауылдарында тұратын халыққа арнайы медициналық көмектің қолже­тімділігін екі есе арттырады.
Жалпы биылғы жылы Алматы облысында 12,9 миллиард теңгеге 17 медициналық нысан салынуда, олардың қатарында амбулаториялар, фельдшерлік-акушерлік пункттер бар. Жеті нысан күрделі жөндеуден өткізілуде, бұл жұмыстарға 3,0 миллиард теңге бөлінген.

БЕКЕТ КӨКЕНАЙҰЛЫ

202 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы