• Мәдениет & Спорт
  • 12 Қараша, 2020

«Екі туысқан Орда»: ноғайлар мен қазақтар

Кеңес Одағы тарардың алдында, 1990-ыншы жылдардың басында «Аргументы и факты» апталығына ашынған бiр әйел оқырман: Осы «қазақтар» деген атау қайдан шықты? Бiздiң казактарды Кеңес өкiметiнiң аяусыз репрессияға ұшыратқаны аз болғандай, атына дейiн тартып алып, қай жақтағы бiреулерге берген-ау?!», – деген жолдары бар бiр хат жолдаған.

 

Газеттiң редакциясы оны құпта­мағанмен, осындай көз­қа­растың негiзсiз екенiн дә­лел­дейтiндей ештеңе айтып жарытпаған-ды. Хаттың авторы Ставрополь ме, Симферополь ме – осы екi қаланың бiрiнде тұрады екен. Екеуi де осыдан бар-жоғы 200 жылдан сәл астам уақыт бұрын көшпелi ноғайлар мекендеген аймақтарда орналасқан. Симферополь орталығы болып табылатын Қырым аймағы туралы бұдан да гөрi нақтырақ нәрселер айтуға болады. Мәселен, Ресейдiң ХVIII ғасырдағы тарихи-демографиялық жағдайын зерттеушi белгiлi маман В.М. Кабузан былай деген: «К 1783 году из Крымского ханства вышли около 100 тыс. ногайцев, которые откочевали на Кубань. Из 300 тыс. человек (население Крымского ханства к началу 70-х г.г. XVIII века) 120 тысяч составляли ногайцы. В декабре 1783 года в Тавриде (Қырым түбегi- А.Т.) проживало всего 56.769 душ, причем это были татары и небольшое число евреев и казахов». («Народы России в XVIII веке. Численность и этнический состав», 196-бет, Наука, 1990). Бұл бiрiншi жәйт.

Екiншi жәйт 1995 жылдың мау­сым айында болған Буден­новск тра­гедиясына қатысты. Ш.Басаевтың отряды жүздеген жергiлiктi тұр­ғындарды алып, ауруха­наның iшiнде бекiнiп отырған кезде «Свобода» радиостанциясы арқылы сөйлеген марқұм академик А.Сахаровтың жесiрi Елена Боннер А.В.Суворов­тың Екатерина II патшайымға 1783 жылы жолдаған рапортынан үзiндi келтiрдi: «Чечня взята, но к сожалению, все ногайцы переколоты...». Орыс әскерiнiң сол жылы ноғайларды жаппай қырғынға ұшыратқаны туралы Ресейдiң кеңес заманындағы ресми тарихнамасынан ештеңе таппайсыз. Мен өзiм бұл туралы алғаш рет шетелде жарық көрген черкес тарихшыларының еңбектерiнен оқығанмын. Е.Боннердiң сөзi де осы қайғылы оқиғаның қазiргi Шешенстан жерiнде болғанын ашып қана қоймай, оның метафизикалық тұрғыдан болса да кезектi Кавказ соғысына да, Буденновскiдегi қантөгiске де қатысы бар екенiн меңзеп өткендей болды. Осыған орай тағы да бiр айтып кететiн нәрсе бар. Буденновск сол ноғайларды қойша қырған 1783 жылдан соң дәл 16 жыл өткенде, яғни 1799 жылы «Святой крест» деген атпен дүниеге келдi. «На чужих костях своего счастья не построишь», – дейдi орыстың нақыл сөзi. Бiреудiң өзiн малша бауыздап тастап, жерiн тартып алғаны аз болғандай, оның атын да жоққа шығарып, атажұртын өзiмнiң ежелгi мекенiм деп жариялап, онда «Святой Крест» сияқты дiнiң үшiн қасиеттi түсiнiктi орнықтырмақ болғанымен басыңа бақыт нұры жауа ма?!

Ендi үшiншi жәйтке келейiк. Өйткенi, ол жоғарыда қойылған сұрақтың жауабын табуға көмек­тесе алатын сияқты. Айт­қалы отырғанымыз «Правда» газетiнiң Париждегi тiлшiсi В.Большаковтың 1995 жылдың 11 қаңтарында жария­ланған «Пролитая кровь возвращается» деген мақаласы. Онда автор Францияның Алжирдегi соғысын Ресейдiң Кавказдағы соғы­сымен салыстыра отырып, мынадай тұжы­рымға келедi: «Наблюдая за всей этой драмой, я неожиданно поймал себя на мысли, что это – та же самая Чечня, только на других широтах. А для русских – это Чечня ближайшего будушего, когда они ее либо покорят в очередной раз, либо уйдут оттуда раз и навсегда, но будут продолжать платить за всю пролитую кровь, начиная с первой, еще царской, Кавказской войны. Пролитая кровь обладает страшным свойством – она возвращаяется. Рано или поздно прольется кровь детей, внуков и правнуков тех, кто когда-то пролил чужую, безвинную кровь в чужой стране либо просто в чужом доме».

Қандай сөздер! Бұндай сөздер­дiң қатты жан күйзелiсiнсiз ақылға келуi, сiрә, мүмкiн бе?! Мен осы сөздердi, әсiресе, теледидардан Шешенстанда қаза болған, не жоқ болып кеткен ұлдарын iздеп, әбден аянышты хәлге түскен ақ шашты орыс аналарын көрсеткенде, амал­сыз есiме алатынмын.

Иә, орыс армиясы XIX ғасырда да, XX ғасырда да, Кавказда соғыс жүргiздi. Бiрақ ол кезде де, бiздiң заманымызда да бұл соғыс бiр жақты кырғын болған жоқ. Кеңес заманындағы тарихи еңбектер Ресей армиясы 1801-1864 ж.ж. арасында 23 мың адамынан айырылды деп есептейтiн. Кейiнгi кезде «жалпы шығын 70 мыңға жеттi» деген мәлiмет айтылып жүр. Бiздiң замандасымыз болып табылатын Майербек Вачагаев деген Шешен тарихшысы 1841 жылға ғана қатысты архивтiк деректердi зерттеп, тек сол жыл­дың өзiнде орыс армиясы 4000 адамынан айырылды дегендi айтады. Тау халықтарына да талай қиындықты көрiп, талай шығынды көтеруге тура келдi. Бiрақ олардың күресi ескерусiз қалған жоқ. Тiптi марксизмнiң классиктерiнiң өзi олардың бостандық үшiн күресiн барша адамзатқа үлгi етiп көрсеттi. Лермонтовтан бастап Толстойға дейiн талай орыс жазушы-ақындары өз шығармаларын таулық жiгiттер­дің ерлiк іс-қимыл­дарын суреттеуге арнады.

Ал ноғай қырғыны бiр жақты қырғын болды. Жазық даланың халқы болып табылатын ноғайлар Кубань мен қазiргi Ставрополь аймағы жақтан шегiне-шегiне келiп, осы күнгi Шешенстанның жазықтау жағы болып табылатын Терек пен Сунджа өзендерiнiң аралығын паналады. Одан әрi барар жер қалмады. Өздерi «Iшкерi ел» деп атаған биiк таулы аймаққа қарай олар кете алмады. Осы арада ноғайларды кейiн генералисимус атағын алған А.В.Суворов бас­таған орыс әскерi қоршауға алып, оқ-дәрi жұмсамастан, штык пен кылыштың күшiмен қойша қырып тастады. Суворовтың рапортындағы «переколоты» деген сөз осыдан шық­қан. Бұл жерде бiр нәрсенi айта кеткен жөн. Тау халықтары ол кезде Ресей патшасын сөз жүзiнде болса да мойындап үлгермеген. Ал Солтүстiк Кавказ алқабында XVIII ғасыр бойы көшiп-қонып жүрген ноғайлардың бiрқатары өздерiн Ресейдiң боданымыз деп мойындаған. Ондаған жылдар бойы орыс өкiметiнiң олармен шаруасы болған жоқ. Бiрақ 1783 жылы Георгий трактаты деп аталатын орыс-грузин келiсiмi жасалды.

Сосын Картли-Кахетия пат­шасы Ираклий II кейiн Әскери-Грузин жолы деп аталатын жолдың салынуына қатысты өтiнiш айтты. Осы өтiнiштiң орындалуы айналып келгенде ноғай тағдырының ақы­рында штыктың ұшымен, қы­лыштың жүзiмен шешiлуiне әке­лiп соқтырды. Жалпы алғанда, но­ғай­лар екi православие халқының бауыр­ластық қарым-қатынас орна­туының құрбаны болды. Солтүстік Кавказ айма­ғын­дағы күштер ара­қатынасы күрт өзгерді.

Тарихта талай қырғын болды. Бiрақ олар туралы ерте ме, кеш пе айтылады. Сосын оларға тарихи тұрғыдан баға берiледi. Қырғынды жасағандардың келесi ұрпақтары ата-бабаларының оны iстегенiн мойындайды. Сөйтiп, өздерiн, ең болмаса, қарғыс­тан құтқарады. Мәселен, ақ американ­дардың үн­дiс­терге iстеген әрбiр қиянаты мұқият зерттелген. Ол туралы Жер шарының екiншi бетiнде орналасқан бiз де бiлемiз.

Ал ноғай қырғыны туралы Ресей тарихшылары жұмған аузын ашпайды. Ал олар шейiт болған жерде 200 жылдан берi тыныштық жоқ. Қан да төгiлiп жатыр, көз жасы да төгiлiп жатыр...

«Әңгiме орыс, Шешен және ноғай туралы болса, оның қазаққа қандай қатысы бар?!», – деген сұрақ тууы мүмкiн. Черкес тарихшылары былай дейдi: «Иван Грозный 1556 жылы Астраханьды алғанда, черкес атқа­мiнерлерi «жүздеген жылдарға созылған қыпшақ билiгi күйредi деп қуанған. Кейiн олар бармақтарын тiстеуге мәжбүр болды. Ал қып­шақтың қазiргi ұрпағы кiм? Бұл сұраққа қазаққа, жалпы көш­пен­дiлерге оң көзбен қарады деген Л.Гумилевтiң өзi: «Одан нақты тұқым қалған жоқ», – деп аузын қу шүберекпен сүрткен еді. Бiрақ ғылымда әрқашанда идеологияның жете­гiне ере бермей, принциптiк жолдан таймайтын оқымыстылар табылады. Мәселен, Прагада дүниеге келген Еуразиялық тарихи бағыттың негiзiн қалаушылардың бiрi Г.Вернадский былай деп кесiп айтады: «Кипчаки – это половцы и киргизы» («Монгольское иго в русской истории», Наш совре­менник, 3, 1992).

Бұл жердегi «половцы» түсi­нiктi. Ал «киргизы» – кәдуiлгi өзiмiздiң қазақтар. Г.Вернадский Қазан революциясынан кейiн шетелге кетiп қалған патша заманының ғалымы болғандықтан, бiздi солай атаған. Ал «ноғайлар» бұл жағынан қалай қосылады?» дегендерге жауап ретiнде мына бiр цитатаны келтiруге болады: «По языку наиболее близки половцам карачаевцы, балкарцы, кумыки и степные крымские татары, чей язык по данным лингвистов, наиболее близок половецкому языку, известному по словарю «Кодекса Куманикуса»... Но есть ли целый народ, которого можно считать прямым потомком половцев? Есть. По всем данным истории и этнографии (кроме религии) этим народом являются ногайцы».(«Кумык из рода половецкого?... », Ю.Евстигнеев, канд. ист. наук, сотр. НИИКСИ ЛГУ, Вокруг света, 1992).

 (Жалғасы бар)

 Аққали КӨПТІЛЕУОВ

 

264 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы