• Қаржы
  • 12 Қараша, 2020

Экспорт азайып, импорт төмендеді

Қазақстанның жиынтық тауар айналымы 55,6 млрд АҚШ доллларын құрайды. Бұл ретте  сауда-саттықтың 29%-ы  Еуропалық одақ елдерімен, 20%-ы – Ресей және 18 пайызы Қытаймен арадағы қарым-қатынас нәтижесі екен. Айта кету керек, коронавирустың өршуіне байланысты сауда құрылымындағы қазақстандық өнім экспорты 18,6%-ға төмендесе, импорт  6,4%-ға азайған. Ал бұл елдің экономикалық дамуына қауіп төндіреді деп пайымдайды FinReview сарапшылары.

Шын мәнінде, коронавирус пандемиясы дүниежүзіндегі елдердің экономикалық белсенділігіне айтар­лықтай әсер етті. Әлемдік экономика үшін шектеу шараларының сал­дарынан ішкі іскерлік белсен­ді­лік­тің бәсеңдеуінен бөлек, сырт­қы сауда көлемінің қысқаруы  – жалпы теріс факторға айналды. Эпи­демиологиялық  жағдайдың бұндай әсері ЖІӨ өсіміне ғана емес, мем­лекеттік бюджет­ке түсетін түсім көлемін де азайтады. Сырт­қы сауда қатынастарының алдағы жарты жылда қалай өрбитіні белгісіз, дегенмен түрлі зерттеу институттары біртіндеп қалпына келеді деген болжам жасап отыр.

 ҒАЛАМДЫҚ САУДА ИНДЕКСІНІҢ ТАРИХИ МИНИМУМЫ

 Жарты жылдың қорытындысы бойынша жаһандық сауда көрсеткіш­тері алаңдатарлық жағдайды байқа­тып тұр, деп жазады FinReview.info аналитиктері. Дүниежүзілік сауда ұйымының есебі бойынша, жарты жыл ішінде әлемдегі сауда индексі 84,5%-ға дейін төмендеген. Бұл  – 2007 жылдан бергі ең төменгі көрсеткіш, ал оған жақын мәндер 2008 жылдардағы  қаржы дағдарысы кезінде болған.

Карантин шараларының теріс салдары бүкіл сауда-саттық салаларына әсер етті. Ал ең көп зардап шеккен – автомобиль өнеркәсібі, оның индексі 71,8%-ға дейін төмендеген. Одан кейін әуе тасымалы тұр. Жүк тасымалы бағыты  сәл жақсы динамика көрсеткен, бұл саланың индексі 86,9 пайызда тұрақтапты. Пандемиядан ең аз зардап шеккендер – ауыл шаруашылығы мен техникалық салалар. Бұл салалардағы индекс 92,5% және 92,8%-ға дейін төмендеген.

Дүние жүзінде қалыптасқан жағ­дайға байланысты қазақстандық экс­порттаушылардың жағдайы да нашарлап отыр.

 ӨНІМ ЭКСПОРТЫ 18,6%-ҒА ТӨМЕНДЕГЕН

 Биылғы сегіз айда Қазақстанның экспорт көлемі 31,9 млрд АҚШ долларын құраған. Бұл көрсеткіш 2019 жылдың  дәл сол кезеңімен салыстырғанда 5,9 млрд АҚШ долларына аз.

Бүкіл әлем бойынша енгізілген шектеу шаралары салдарынан Қазақстан шетке шығаратын негізгі тауары – минералды шикізат экспортын 16,8%-ға қысқартуға  мәжбүр болды. Бізде экспортқа шығарылатын өнімнің 70 пайызы  – минералды шикізат. Қазақстандық шикі мұнайды жеткізу абсолюттік мәнде 12,7%-ға өсті, бірақ ақшалай мәнде мұнай нарығының құлдырауына байланысты 25,9%-ға қысқарып, 17,1 млрд АҚШ долларын құраған. Табиғи газ сауда-саттығы 22,2%-ға, ал кен мен концентрат саудасы 17,3%-ға төмендепті.

Тек жанар-жағармай саудасында оң көрсеткіш байқалған. Бірақ оның жалпы экспорт көлеміндегі үлесі 1 пайыздан аспайды. Сонымен қатар, трактор (өсім 87,3%) мен ұн (+22,6%) саудасы жақсы өрбігені байқалады (1-инфографика).

Экспорт мәселесі әңгіме болғанда, соңғы 1,5 жылдан бері қарқын алған Қазақстан, Беларусь пен Ресей мем­лекеттерін біріктірген Кеден одағы ая­сындағы жетістіктерді де айналып өте алмаймыз. Атап айтқанда, осы үш ел арасындағы кеден шекарасы ашылған соң біз жалпы көлемі 170 миллион адамды қамтитын ортақ рынокта өмір сүре бастадық.

Осы ретте таяуда «KAZNEX INVEST» экспорт және инвестициялар ұлттық агенттігінің департамент директоры Қанат Қожамқұлов өз сөзінде: «Біз осы уақытқа дейін шет елдерге тек шикізат шығарып келген едік. Ал тұрмысқа, өндіріске қажетті барлық тауарларды шет елдерден, соның ішінде, әсіресе, Ресейден тасымалдап келген болатынбыз. Енді қазіргі жағдай осы үрдістің бұзылып, Қазақстан экспортының неғұрлым қарқынды дамып келе жатқандығын көрсетіп отыр. Экспорттың даму деңгейі импортқа қарағанда бірте-бірте басым түсе бастады. Бұл біз үшін қуанышты жағдай. Ол, ең алдымен, Қазақстан экономикасының Кеден одағы аясында бәсекелестікке қабілетті екендігін көрсетеді. Осыған қосымша тағы бір айта кететін мәселе, әр түрлі өңірлер мен елдер бойынша Қазақстан экспортының өсім деңгейін алатын болсақ, оның ең жоғары өсімі де осы Кеден одағы аясында көрініс беріп отыр. Мәселен, Еуропа одағы, Қытай және басқа да елдермен салыстырғанда, Қазақстанның Кеден одағына жасайтын экспорты пайыздық тұрғыдан неғұрлым жедел өсу үстінде. Мұның өзі аталған одақтың Қазақстан үшін дер кезінде құрылғандығын және пайдалы болып шыққандығын көрсетеді», – деп атап көрсеткен еді.

Демек, нақ осы Кеден одағы мүм­кіндіктерін алдағы уақытта кеңінен пайдалану – еліміз экономикасын ны­ғайтудағы басты міндеттердің бірі.

 ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ӨНІМДЕР ҚЫТАЙ, ИТАЛИЯ МЕН НИДЕРЛАНДЫДА СҰРАНЫСҚА ИЕ

 Бұл орайда Қытай биыл сегіз айда жалпы құны  5,2 млрд АҚШ доллары болатын  қазақстандық өнімді импорттаған. Бұл қазақстандық экс­порттың 16,3%-ын құрайды.

Италия 4,6 млрд АҚШ долларына Қазақстанда шығарылған өнім, негізінен мұнай сатып алған.

Нидерланды да Қазақстаннан мұнай мен мұнай өнімдерін импорттайды. Бұл ел  жалпы құны  2,4 млрд  доллардың өнімін сатып алған.

ИМПОРТ ТЕК 6,4%-ҒА АЗАЙҒАН

 Қазақстан әлі күнге импорттық тауарларға тәуелді. Тіпті кейбір та­уарларға деген сұраныстың 80 пайызы шетелдік өнім есебінен жабылады.  Олардың ішінде қант, тауық еті, көлік, құрал-жабдық, киім және басқалары бар. Сондықтан биылғы сегіз айдың қорытындысы бойынша импорт көлемі өте жоғары – 23,8 млрд доллар.

Еліміз тоңазытқыш және мұздат­қыш жабдықтарынан 10 есе, вакуум және ауа сорғыларынан 2 есе, электр трансформаторларынан 87%-ға артық сатып ала бастады.

Соған қарамастан, бұл өсім машиналар, жабдықтар мен көлік құралдарын әкелудің 1%-ға төмендеуімен жабылды, олардың көлемі жалпы импорттың жартысынан сәл азын ғана құрайды. Сондай-ақ бензин жеткізілімдері 96,2%-ға, қара металдардан жасалған құбырлар – 38,2%-ға, киім-кешек – 18%-ға, азық-түлік және ауыл шаруашылығы шикізаты – 8,6%-ға төмендеген (2-инфографика)

Экспорттың күрт төмендеуі, ал импорттың шамалы ғана азаюы елдің экономикалық дамуына кері әсер ететінін атап өткен жөн. Жаһандық сауданың одан әрі даму болашағына бүкіл әлемде коронавирус инфекциясының таралу ықтималдығына байланысты болжам жасау қиын. Бірақ алдағы 3-6 айда карантин шаралары күшейген жағ­дайда, әлемдік сұраныс ұзаққа созылған тоқырауға түседі.

Алайда, халықаралық инсти­тут­тар­дың болжамы бойынша, әлем­дік сауда-саттық 2021 жылдың көк­темінде біртіндеп қалпына келе бастайды. Жақында Дүниежүзілік банк жариялаған әлемдік экономиканың болашағы жайлы баяндамада 2020 жылы Қазақстанның ЖІӨ-і шамамен 3%-ға төмендейтінін атап өтті. Бұл ретте Еуропа мен Орталық Азия елдеріндегі құлдырау орта есеппен 4,7% деңгейінде болады. Мұндай көңілсіз болжамдар көбінесе әлемдік сауданың құлдырауына байланысты. Бұл ретте пандемия Дүниежүзілік банк сарапшыларының болжамынан гөрі, елдің экономикалық өсуіне неғұрлым елеулі әсер етуі мүмкін. Карантин шаралары ұзаққа созылған жағдайда, инвестициялық белсенділік күйзеліске ұшырайды, бұл өз кезегінде сыртқы сұраныстың төмендеуіне әкеп соғады.

Дегенмен, ДСҰ дерегі бойынша, әлемдік сауда индексі қыркүйек­тің ортасына қарай 95,6%-ға дейін төмендегеніне қарамастан, кейбір негізгі секторлар бойынша сауда нарығы жақын арада қалпына келе бастайды. Атап айтқанда, авиация, жүк тасымалы және құрылыс секторындағы жағдай жақсарады деп болжанып отыр. Қалған секторлардың жағдайы 2020 жылдың соңына дейін жақсара қоймайды, тек 2021 жылдың көктеміне қарай қалпына келуі ықтимал.

Өз кезегінде Goldman Sachs ин­вестициялық банкі Халықаралық қаржы орталықтары әлемдік нарықты құтқара алатынын атап айтты. Халық­аралық қаржы интеграциясы эконо­миканың сыртқы дағдарысқа иммуни­тетін нығайтады. Соңғы онжыл­дық­тардың басты трендіне айналған эко­номиканың жаһандануы дамыған елдердің нарығы арасындағы шекараны жойып, оларда тауар мен капитал еркін айналымға түсе бастады. Қаржы интеграциясы жаһандануға қарқын беріп, ол экономиканың басқа салаларына да ықпал етіп келеді, бұл капитал қозғалысын едәуір арттырады.

Осы тізбекте халықаралық қаржы орталықтары қаржылық интегра­цияның негізгі қозғалыс буыны болып табылады. Атап айтқанда, инвесторлар үшін қолайлы орта құра отырып, сол арқылы шетелдік капитал салымдарын тарта отырып, олар экономика секторларының дамуын ынталандырады.

Қазақстанда 2018 жылдан бері «Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) жұмыс істеп келеді. Қаржы орталығының Азия мен Еуропа на­рықтарын ұштастыру мәселесінде күмәнсіз артықшылықтары да бар: бұл Қазақстанның Орталық Азиядағы жетекші ел ретінде орналасуы, Ресеймен де, Қытаймен де тығыз ын­тымақтастығы, жаңа Жібек жолы жобаларына жақындығы, ЕАЭО-ның «Белдеу және жол» бастамасымен бірігуі, елдің ислам әлемімен дәстүрлі байланысы және АҚШ пен ЕО арасындағы тұрақты өзара қарым-қатынасы.

Азия мен Еуропаны Қазақстан аумағы арқылы қосатын жаңа транс­құрлықтық бағыттардың негізгі артық­шылықтары – қаржылық шығындар мен рәсімдік шығындарды қысқарту. Мысалы, ел аумағы арқылы құрлықпен жеткізу 2-3 есе жылдам, қазір бұл 12-15 күнде жүзеге асырылады. Бағдарламаны іске асыру нәтижесінде өңірлік экспорттаушылар 1 млрд адам тұратын алып нарыққа қол жеткізе алады. Осылайша, АХҚО перспективалы нарықтарға шығу мүмкіндігін ұсына отырып және сыртқы сауданың артуына ықпал ете алуы нәтижесінде, қазақстандық өндірушілер үшін шекараны кеңейтеді. Осы жерде сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтановтың: «Бүгінгі таңда пандемияның теріс экономикалық салдары жылдарға созылуы мүмкін екенін түсінуіміз қажет. Отандық кәсіпорындар шетелдік нарық тауашаларын иеленуді үйренуі керек. Әрине, бұл ретте біздің тараптан қолдау шаралары қарастырылады», – деген пікірін еске сала   кеткіміз келеді.

Жыл басынан бері 114 кәсіпорынға өз өнімдерін сыртқы нарықтарға жылжыту бойынша мемлекеттік қолдау көрсетілген. Бұл қолдау құралы Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Ауғанстан, Қытай және Түркіменстан нарықтарында біздің өнімдерімізге деген жоғары сұранысты тағы да растайды. Сонымен қатар, өткізу нарықтарын кеңейте отырып, отандық өнімдер Германия, Польша, Италия, Швейцария, Молдова сияқты Еуропа елдерінің нарықтарына да жеткізіледі, деп атап көрсетті министр. Бұл – елімізде экспортқа айрықша көңіл бөлініп отырғанының жарқын айғағы.

 Иса ҚАМБАР

782 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы