• Қаржы
  • 12 Қараша, 2020

Екінші толқын: Банк саласындағы ахуал қандай болмақ?

Күні кеше әлемді кезген коронавирус екінші толқынының елесі күз ортасынан ауа шындыққа айналды. Шартараптан ағылған хабарлар бұл қауіпті дертті жұқтырғандар санының күрт ұлғайғанын жарыса жеткізуде. Жұқпалы індеттің қайта айналып соғуымен жаһандық экономика дағдарыстың жаңа кезеңіне өтпек. Айтқандай, қазанда әлем елдерінде CoviD-19-бен ауырғандар санының өсуі және АҚШ-тағы президент сайлауы аясында әлемдік қор нарықтарында белгісіздік пен құбылмалылық арта түсті. Осындай тұрлаусыздық жағдайында ішкі валюта нарығы, қаржы-несие, іскерлік белсенділік, жалпы банк саласындағы ахуал қандай болмақ деген сауалдар төңірегінде еліміздің биылғы жылдың он айындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен осы кезеңдегі республикалық бюджеттің орындалуы қаралған сейсенбідегі үкімет отырысында Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев баяндап берді.

Қазан айының қорытындысы бойынша Американың акция нарықтары теріс мәндермен жабылды. Еуропадағы акциялар осы жылғы наурыздан бастап қатты құлдырады. Инвесторлар қайтадан карантин шараларын енгізу ықтималдығының өсуіне алаңдаулы. Бұл еуроаймақ эко­номикасын қосарланған рецес­сияға итермелеуі мүмкін.
Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев өз сөзінде атап өткендей, қазанда АҚШ дол­ларының қымбаттауына және дамушы елдер валюталарының әлсіреуіне алып келген АҚШ-тағы президент сайлауының қорытындысына қатысты белгі­сіздік өткен аптаның соңында демократиялық партиядан кандидат Джо Байденнің жеңісі аясында төмендеді. Нарық бұл жаңалықты, сондай-ақ демократиялық партияның Сенатты болжалды түрде бақылай алмауын экономикаға көмек көрсетудің жаңа бағдарламасын келісу мүмкіндігін ескере отырып, оң қабылдады. «Франция мен Германияда локдаун енгізуді талқылау аясында қазанның соңында тауар нарықтарында төмендеу байқалды. Жалпы алғанда, Еуропаға әлемдік мұнай тұтыну көлемінің 20%-ы тиесілі. Егер Франция мен Германияға басқа Еуропа елдері қосылса, қараша мен желтоқсанда мұнай өндіру сұраныстан асып кетуі мүмкін. Бұл ОПЕК-ке қысым көрсетеді және 2021 жылғы қаң­тардан бастап өндіруді ұлғайту жоспары қайта қаралуы мүмкін», – деді Ерболат Досаев.
Қазан айының соңында Еуро­одақ елдерінде корона­вирус­пен ауыру айтарлық­тай өсті, кейіннен қараша айы туысымен шектеу шаралары қабылданды. Осыған байланысты қарашада экономикалық белсенділіктің қысқаруы күтіледі. «Қазақстанда іскерлік белсенділік индексі биыл қазанда өнеркәсіп және көрсетілетін қызметтер сала­сындағы өсу есебінен 47,6 тар­мақтан 48,8 тармаққа дейін көтерілді. Құрылыста көрсеткіш 47,6 тармаққа дейін, 1,5 тармаққа қысқарды», – деді Ұлттық банк төрағасы.

 

Қазан айында жылдық инфляция бір ай бұрынғы 7 пайыздан 7,1 пайызға дейін өсті. Азық-түлік тауарлары бағасының жылдық өсуі азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасының 5,5%-дан 5,6%-ға дейін және ақылы қызметтерге бағаның 3,6%-дан 3,7%-ға дейін өсуі кезінде 10,8%-дан 10,7%-ға дейін аздап баяулады. Инфляцияның шамалы жеделдеуі қысқа мерзімде пайдаланылатын тауарлардың қымбаттауы және коммуналдық қызметтер та­рифтерінің өсуін қалпына келтіру аясында байқалады. Сыртқы және ішкі нарықтардағы жоғары белгісіздік аясында 26 қазанда базалық мөлшер­леме +/-1,5 п.т. пайыздық дәлізімен 9% деңгейінде сақталды.
Сыртқы сектордағы белгісіздік пен құбылмалылықтың өсуі тәуекелді активтер мен дамушы елдердің валюталарына қысым көрсетті. Қай­тадан карантин шараларын енгізу ықтималдығының өсуі салдарынан қазанның соңына қарай мұнай бағасы бір баррель үшін 37,5 АҚШ долларына дейін едәуір төмендеді. Бұл мұнайға сұраныстың әлсіреуін білдіреді. Бір айда төмендеу 8,5% болды. Осы айдың басынан бері шектеулерді ұзарту не қосымша қысқартулар мүмкіндігін қарастыру күтілетін биыл 30 қараша – 1 желтоқсанда өтетін ОПЕК+ отырысының қарсаңында мұнай бағасы біртіндеп өсе бастады. Pfizer және BioNTech компанияларынан вакцинаның сәтті сынақтан өткізілгені туралы оң жаңалықтың аясында мұнай бағасы бір күнде 7,5%-ға ұлғайып, бір баррелі үшін 42,4 АҚШ долларына дейін өсті. «Әлемдік экономиканың дағдарыстың жаңа кезеңіне кіруі және сыртқы нарықтардағы жоғары белгісіздік АҚШ доллары индексінің өсуіне алып келді. Бұл алтын және дамушы елдер валюталарының құнына әсер етті. Осы жылғы 9 қарашада АҚШ доллары индексінің төмендеуі және АҚШ-тағы президенттік сайлау жағдайының анықталуы аясында алтын бір унция үшін 0,8 пайызға, 1863 АҚШ долларына дейін арзандады», – деді Ерболат Досаев.
Қазанда дамушы елдердің валюталары АҚШ пен бірқатар Еуропа елдерінде коронавирустың қайталану тәуекелін іске асыру аясында әлсіреуді жалғастырды. Мысалы, түрік лирасы бір айда 8%-ға, Ресей рублі – 2,2%-ға, Бразилия реалы – 2,3%-ға әлсіреді. Осы жылғы 9 қарашада биржадағы сауда-саттық қорытындылары бойынша теңгенің айырбас бағамы ай басынан бері 0,3%-ға нығайып, бір АҚШ доллары үшін 431,17 теңгені құрады. Алдын ала деректер бойынша үшінші тоқсанда сауда теңгерімі Ұлттық банктің төлем теңгерімінің әдістемесі бойынша 1999 жылдан бері алғаш рет (-)1,0 млрд АҚШ доллары мөлшерінде теріс қалыптасты. Нәтижесінде биыл 9 айда сауда теңгерімінің профициті $9,1 млрд дейін 35%-ға төмендеді ($ – АҚШ доллары). Тауарлар экспорты 18,4%-ға қысқарды, бұл мұнай мен газ конденсаты экспортының төмендеуіне байланысты болды. Тауарлар импорты инвестициялық тауарларды 12,6%-ға және аралық тауарларды 12,6%-ға әкелуді қысқарту нәтижесінде 10,4%-ға қысқарды.
Алдын ала деректер бойынша қазанда Ұлттық банктің алтын-валюта резервтері көбінесе мемлекеттік борышты төлеу және интервенция жүргізу есебінен $200 млн-ға - $33,6 млрд дейін төмендеді. Қазандағы теріс түзетулерге қарамастан, осы жылдың басынан бері инвестициялық кіріс шамамен $950 млн құрады. Қазан айының соңында Қазақстанның халықаралық резервтері алдын ала деректер бойынша бір айда 1,3%-ға азайып, $89,9 млрд құрады.
Банк жүйесіндегі депозиттер бір айда 3,3%-ға ұлғайып, биыл қыркүйектің соңында 21,4 трлн теңге болды. Теңгедегі салымдар қыркүйекте 12,6 трлн теңгеге дейін 2,2%-ға, валюталық салымдар 5,1%-ға өсті. Нәтижесінде депозиттерді долларландыру деңгейі биылғы қыркүйекте 40,9% деңгейінде қалыптасты. Бизнестің кредиттік қоржыны қыркүйекте 7,3 трлн теңгеге дейін, 0,2%-ға ұлғайды. Бизнеске теңгемен кредиттер бойынша мөлшерлеме биылғы қыркүйекте 12,1%, оның ішінде қысқа мерзімді кредиттер бойынша – 11,8%, ұзақ мерзімді кредиттер бойынша – 13,3% болды. Қыркүйекте халықтың кредиттері 7 трлн теңгеге дейін, 2%-ға ұлғайды. Олардың құрылымында тұтынушылық қарыздар 4,2 трлн теңгеге дейін, 1,3%-ға ұлғайды, мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру есебінен ипотекалық қарыз­дар 2,1 трлн теңгеге дейін, 3,6%-ға ұлғайды.
Мемлекет басшысының ел экономикасын қолдау үшін дағдарысқа қарсы бастамаларын іске асыру жалғасуда. Атап айтқанда, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша биыл 6 қарашадағы жағдай бойынша кәсіпкерлерден 872,7 млрд теңгеге 1 277 өтінім қабылданды, оның ішінде банктер жалпы сомасы 447,6 млрд теңгеге 487 өтінімді мақұлдады, 427,9 млрд теңге сомасына 691 қарыз берілді.
Сондай-ақ кәсіпкерлік субъекті­лерін жеңілдікпен несиелендіру бағдарламасы бойынша биыл 6 қа­рашаға дейін кәсіпкерлер 567,3 млрд теңге сомасына 2 291 өтінім берді, 444,8 млрд теңгеге 4 292 өтінім, оның ішінде 91 млрд теңге бұрын берілген қарыздарды өтеуден түскен ақша есебінен берілді.
Ұлттық банктің қаржыландыруы есебінен тұрғын үй құрылысын қолдау жалғасуда. «7-20-25» бағдарламасы бойынша биыл 5 қарашада 295,3 млрд теңгеге 25 186 өтінім мақұлданды, оның ішінде 232,1 млрд теңге сомасына 19 891 қарыз берілді», – деді Ерболат Досаев.
Сонымен қатар ол «Баспана Хит« бағдарламасы бойынша да қомақты қаражат игерілгендігін атап өтті. «Баспана Хит» нарықтық ипотекалық бағдарламасы бойынша 5 қарашада 404,5 млрд теңге сомасына 45 866 өтінім мақұлданып, 320,6 млрд теңгеге 37 176 қарыз берілген.

Рымтай САҒЫНБЕКОВА

530 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы