• Үкімет: іргелі істер үрдісінде
  • 12 Қараша, 2020

Он айдағы даму, қаражатты игеру: Межелі іске – мерзім төреші

Үкіметте еліміздің ағымдағы жылғы қаңтар-қазандағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы және республикалық бюджеттің атқарылуы қаралды. Отырыс төрағасы, Премьер-министр Асқар Мамин міндеттерді тиімді іске асыру үшін барлық шараларды қабылдау қажеттігін нығыздады.

 

Экономиканың жай-күйі мен елдегі қазіргі жағдай туралы баян­даған сала министрі Р.Дәленов әлемдік экономика мен саудада белгісіздік сақталып отырғандығын мәлімдеді. Баяндалғандай, 10 айда өндіруші емес секторларға салынған инвестициялар, экономиканы кредиттеу ұлғайды, нақты секторда өсім сақталуда, қызметтер саласы тұрақтанды және тауарлар өндірісі 1,9%-ға артты. Бұл ретте қызметтер көлемі 6,1%-ға қысқарып, нәти­жесінде жедел деректер бойынша, жалпы ішкі өнім 2,9%-ға төмендеді. Жылдық инфляция 7,1% болды. Нақты сектор салаларының көбі және жекелеген қызмет түрлері жақсы өсім қарқынын көрсетті. Олар – құрылыс, ақпарат және байланыс, ауыл шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі. Сонымен бірге төмендеу көлік, сауда, ғылыми және техникалық қызмет, жылжымайтын мүлікпен операциялар, әкімші­лік қызмет көрсету салаларында байқалды. Өңдеу өнеркәсібінде 3,2%-ға, оның ішінде азық-түлік өнімдері өндірісінде 3,4%-ға, фармацевтикада 39,7%-ға, дайын металл бұйымдары өндірісінде 19,5%-ға, машина жасауда 16,5%-ға, оның ішінде автомобиль жасауда 53,6%-ға, сондай-ақ қағаз өндірісінде 15%-ға және жеңіл өнеркәсіпте 16,4%-ға өсім қамтамасыз етілді. Құрылыс көлемі 10,7%-ға, тұрғын үйді пайдалануға беру 9,7%-ға немесе шамамен 10,7 млн шаршы метрге ұлғайды. Ауыл шаруашылығында 5,2%-дық тұрақты өсім тіркелді. ҚР алтын-валюта резервтері мен Ұлттық қордың активтері биылғы 1 қазанда $91,1 млрд құрады. Темір кенін (+1%) және өзге де пайдалы қазбаларды (+0,7%) өндіру секілді тау-кен секторының маңызды бағыттары бойынша оң динамика сақталуда. Бұл ретте ОПЕК+ қол жеткізілген уағдаластықтарды орындау қажеттілігі жағдайында мұнай өндірудің төмендеуі (-4,3%) байқалады. Карантиндік шаралар мен олардың күшейтілуі қыз­мет көрсету саласына әсер етуде (-6,1%). Сонымен қатар сектор көрсеткіштері біртіндеп тұрақтанып келеді. Ақмола, Түркістан, Алматы, Жамбыл, Қостанай, Маңғыстау, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстары және Шымкент қаласы негізгі 8 көрсеткіштің 5-і бойынша әлеуметтік-экономикалық даму өсімін қамтамасыз етті. 4 көрсеткіш бойынша Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Қарағанды облыстарында, Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында оң динамикаға қол жеткізілді.

А.Мамин өңірлердің әкімдеріне әлеуметтік-экономикалық дамудың жоспарланған көрсеткіштеріне қол жеткізу және Мемлекет басшысы алға қойған міндеттерді тиімді іске асыру үшін барлық шараларды қабылдауды тапсырды.

Республикалық бюджеттің ат­қары­луын егжей-тегжейлі баян­даған қаржы министрі Е.Жамаубаев­тың айтуынша, 2020 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша мемлекеттік бюджетке 6,8 трлн теңге сомасында кірістер түсті немесе жоспар 94,7%-ға атқарылды. Республикалық бюджетке 4 трлн 264 млрд теңге сомасында кірістер түсті немесе жоспар 86,5%-ға атқарылды. Кірістер бойынша жоспардың атқарылмауы 667 млрд теңгені құрады. Бұл ретте салықтық емес түсімдер 154 млрд теңгеге артығымен орындалды. Негізгі атқарылмау сомалары қосылған құн мен корпоративтік табыс салықтарына тиесілі. Тау-кен өнеркәсібі саласында айналымдар 2019 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 32,6%-ға немесе 4,3 трлн теңгеге азайған. Жергілікті бюджеттердің кірістері 113%-ға атқарылып, 2 трлн 490 млрд теңгені құрады. Жалпы жоспар 286 млрд теңгеге, оның ішінде салықтар бойынша – 264 млрд теңгеге асыра орындалды. Жақында 2020 жылдың нақтыланған бюджеті қабылданып, онда салықтар және салықтық емес түсімдер бойынша жоспарлар түзетілді. Мемлекеттік бюджеттің шығыстары 98,8%-ға, республикалық бюджеттің шығыстары 99,7%-ға, жергілікті бюджеттердің шығыстары 98%-ға атқарылды. Республикалық бюджеттің шығыстары 11 трлн 284 млрд теңгені, жергілікті бюджет­тердің шығыстары 6,4 трлн теңгені құрады. Биыл өңірлерге 2,3 трлн теңге сомасында нысаналы трансферттер көзделген. Алдын ала мәліметтер бойынша оларға 1 қарашадағы жағдайда 1,7 трлн теңге бөлінді. Олардың 98,2%-ы игерілген. Атқарылмағаны – 31 млрд теңге, оның ішінде 7 млрд теңге үнемделді, 24 млрд теңге игерілмеді. Айта кеткен жөн, өткен 10 айда камералдық бақылаумен сомасы 9,3 трлн теңгеге шамамен 1,3 млн мемлекеттік сатып алу рәсімі қамтылды.  Тексеру қорытындылары бойынша сомасы 698 млрд теңгеге бұзушылықтар ескертілді. 1,6 мың аудиторлық іс-шара өткізілді. Аудитпен 872 млрд теңге бюджет қаражаты қамтылды. Сомасы 198 млрд теңгеге қаржылық бұзушылықтар анықталды.

Үкімет басшысы республикалық бюджеттің кіріс бөлігін қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдау қажеттігін, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен әкімдіктер жыл соңына дейін бюджет қаражатын толық әрі тиімді игеруі тиістігін ескертті.

 БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

 

164 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы