• Өндіріс тынысы
  • 12 Қараша, 2020

ҚМГ: Өндіріс нендей нәтиже көрсетті?

Ұзаққа созылған пандемия салдарынан әлемде энергоресурстар тұтыну деңгейі қатты құлдырауда. Коронавируспен қабаттасқан күрделі халықаралық қарым-қатынастар көмірсутегі өндірісіндегі, нарықтағы шектеулерге әкелгені мәлім. Бұл үдерістер біздің еліміздің де мұнай-газ өндірісіне теріс ықпалын тигізді.

ҚазМұнайГаз ұлттық компаниясының ағымдағы жылдың тоғыз айындағы өндірістік қызметінде сипатталғандай, мұнай және газ конденсатын өндіру көлемі 2019 жылдың осындай мерзіміне қарағанда 6,6%-ға азайып, 16 423 мың тоннаны (тәулігіне 449 мың баррель) құрады.

 Ілеспе және табиғи газды өндіру деңгейі 0,9%-ға – 6 173 млн текше метрге дейін қысқарды. Соның ішінде Теңіз кен орнындағы мұнай өндіру 2019 жылдың тоғыз айымен салыстырғанда 8,2%-ға қысқарып, 4 032 мың тоннаны (тәулігіне 117 мың баррель) құрады. Ал газ өндіру 6,9%-ға кеміп, 2 238 млн текше метр болды. Мұнай өндіру деңгейіне ОПЕК+ келісімінің шектеулері елеулі әсер етті. Дегенмен, Қашаған кен орнындағы мұнай өндіру деңгейі өткен жылы жүргізілген күрделі жөндеу жұмыстарының нәтижесінде 13,8%-ға немесе 954 мың тоннаға дейін (тәулігіне 28 мың баррель) өскен. Табиғи және ілеспе газды өндіру 14,6%-ға ұлғайып, 576 млн текше метрді құрады. Бұл жұмыстар теңіз және жерүсті кешендерінің пайдалану коэффициентін ұлғайтуға, айдау қорын 4-тен 6 ұңғымаға дейін көбейтуге, мұнай технологиялық желілерінде қосымша ребойлер қондырғыларын орнатуға, сондай-ақ жаңа ұңғымаларды қолданысқа енгізуге мүмкіндік тудырды. Тоғыз айда Қашаған кен орнындағы орташа тәуліктік жалпы өндіру (100%) тәулігіне 333 мың баррельге тең. Қарашығанақ кен орнында мұнай мен конденсат өндіру 7,4%-ға ұлғайып, 816 мың тоннаны (тәулігіне 23 мың баррель) құрады. Газ өндіру деңгейі 1 501 млн текше метр, яғни 2019 жыл­дың тоғыз айындағы деңгейден 7,9%-ға жоғары болды. Бұл да өткен жылы нысандардың жоспарлы-алдын ала жөндеу жұмыстарынан кейін Қарашығанақ өңдеу кешенінің (ҚӨК) өндірістік нысандарын және Газды кешенді дайындау қондырғыларын (ГКДҚ-2 және ГКДҚ-3) жаңғыртудың нәтижесі.
Мұнай тасымалдау процесіне келсек, ондағы ҚМГ операциялық үлесіне әрбір жеке құбыр компаниясының тасымалдау көлемі ескеріледі. Өйткені мұнай көлемінің бір бөлігін екі немесе үш құбыр компаниясы тасымалдауы мүмкін және сәйкесінше бұл көлемдер мұнай тасымалдау­дың шоғырландырылған көлемінде бір реттен артық есепке алынады. ҚазТрансОйлдың мұнай тасымалдау көлемінде 90% мөлшерінде нақты иелену үлесі кезінде 100% ҚМГ операциялық үлесі ретінде пайдаланылады. Сонымен, магистральді құбырлар бойынша мұнай тасымалдау көлемі 4,6%-ға қысқарып, 48 015 мың тоннаны құрады. Оның азаюына 2020 жылдың қаңтарында мұнай құрамында хлорорганикалық қоспалардың шамадан тыс мөлшерде анықталуы салдарынан СНПС-Ақтөбемұнайгаз-дан мұнайды шектеулі жеткізу және мұнай құбырлары жүйесіне Құмкөл кен орындары тобының мұнай өндіру деңгейінің табиғи жолмен кемуі салдарынан мұнай тапсыру көлемінің азаюы және ОПЕК+ келісімі шеңберінде мұнайды шектеулі өндіру әсер етті. Биылғы тоғыз айда мұнайды теңізбен тасымалдау көлемінің 13,9%-ға, 7 210 мың тоннаға дейін төмендеуі жүк тиеу кідірісінің, сонымен қатар ауа райының қолайсыз жағдайлары салдарынан Жерорта теңізіндегі тасымалдау көлемінің азаюына байланысты болды. Осы мерзімде ҚМГ магистральді газ құбырлары арқылы газ тасымалдау көлемі 14,7%-ға немесе 63 448 млн текше метрге дейін төмендеді. Бұған – негізінен Қытайға жөнелтілетін орта азиялық газдың транзиттік көлемінің азаюы, Қазақстан аумағы арқылы «Газпром» ЖАҚ ресейлік газдың транзиттік ағындарының төмендеуі және Ресейге газ өндіру деңгейінің кемуі себебінен Теңіз газы экспортының азаюы себеп.
Осы жағдайлардың кері әсері көмірсутегі шикізатын сату мәселе­сінде де көрініс тапты. Атап айтқанда, тоғыз айда ҚМГ-ның өзі өндірген мұнай мен газ конденсатын сату көлемі өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 4,5%-ға азайып, 17 011 мың тоннаны құрады. Ал оның 71%-ы экспортқа шығарылды. Өзі өндірген мұнайды ішкі нарыққа жеткізу көлемі 4 955 мың тоннаны құрады, соның ішінде мұнайды әрі қарай өңдеу және мұнай өнімдерін сатуға операциялық активтердің (Өзенмұнайгаз, Ембімұнайгаз және Қазақтүрікмұнай) шикі мұнайының 2 500 мың тоннасы Атырау мұнай өңдеу зауытына (АМӨЗ) және Павлодар мұнай-химия зауытына (ПМХЗ) жеткізілді. 2020 жылдың тоғыз айында тауарлық газды сату көлемі 2019 жылдың бірінші жартыжылдығында сатылған көлеммен салыстырғанда 1,5%-ға қысқарып, 15 498 млн текше метрді құрады. Тауарлық газдың экспорты 5 936 млн текше метрге жетті, оның 88%-ы 2018 жылдың қазан айында Қытайға табиғи газды 10 млрд м3 дейінгі көлемде жеткізу туралы қол қойылған келісімнің шеңберінде Қытайға экспортқа жіберілді. Пандемия салдарынан 2020 жылдың тоғыз айында Қытай бағытына жөнелтілген газ экспорты жоспарланған көлемнен төмен болды, бірақ өткен жылдың тоғыз айындағы көрсеткіштермен салыстырсақ, нақты экспорт көлемі өзгермеді.
Қазақстанның барлық дерлік қалаларында карантиннің енгізілуіне байланысты 2020 жылдың тоғыз айында Қазақстанда мұнай өнімдерінің негізгі түрлеріне сұраныс едәуір төмендегені байқалды. Бұл жәйт отандық мұнай өңдеу зауыттарының өндірістік қызметіне елеулі әсер етті. Қоймада тауардың шамадан тыс жиналып қалуын болдырмау үшін мұнай өңдеу және мұнай өнімдерін шығару көлемі азайтылды, бірақ өндіріс тоқтатылған жоқ. Яғни, мұнай өңдеу зауыттарының жұмысы мұнай өнімдерін шығарудың қажетті көлеміне сәйкес теңдестірілді. Қазіргі уақытта зауыттар өздерінің өндірістік қызметін жалғастыруда.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

283 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы