• Руханият
  • 19 Қараша, 2020

Абай даналығы – халық мұрасы

Ә.Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінде «Абай – халық даналығы» көрмесі өз жұмысын бастады. RBK банкі ұйымдастырған көрме жұмысы қазақ халқының ұлы ақыны, ағартушы-философы, композиторы, көркем сөздің шебері Абай Құнанбайұлының туғанына 175-жыл толуына арналды.

Шараның ашылу салтанатын­да «Абай бейнесі – Қазақстан суретшілерінің көзімен» атты ката­логының тұсаукесері болды. Көрмеге музей қорынан 70-тен астам Абай бейнесі мен шы­ғармашылығына арналған әр кезеңдегі суретшілердің кес­кіндемелік, графикалық, мүсіндік шығармалары қойылған. Бұл туындыларда өткен жүз­жыл­дық­­тағы және заманауи ше­бер­лер Абай образын, оның ұлы­лығын бейнелейді. Кес­кін­де­меде Ә.Қастеев, Б.Сәрсенбаев, Ә.Ысмайылов, Қ.Қожықов, А.Ғалымбаева, Л.Леонтьев сын­ды суретшілер өз көзқарас­тар­мен Абайды кейде отырғызып, қолына кітап ұстатып, кейде шабыт үстіндегі кейіпін бей­нелеп, ойшылдың ұлылы­ғын шынайы түрде жеткізеді. Абайдың портретін жасаған – алғашқы суретшілердің бірі Ә.Қастеев болды. Ол 1945 жылы акварельдік техникада «Жас Абайдың портретін» бей­нелейді. Мұнда жас ізденуші ақынның көңіл күйін береді. 1971 жығы «Жайлаудағы Абай» шығармасында қазақ ауылының маңында отырған егде жастағы кезі суреттеледі. А.Ғалымбаева 1960-1967 жылдары «Абай әндері» фильміне «Айтыс», «Ажар мен Айдар», «Билер соты» т.б. топ­та­малық нобайлар жазады. Н.Нұрмұхаммедовтың 1971 жылғы «Абай портретінде» жазушының монументалды денесі шығарма шегіне сыймай тұрғандай. Ол осы арқылы Абайдың рухани мықтылығы мен күшін жеткізгісі келді. Т.Тоғысбаев өзінің «Ойшыл Абайын» (1971) жердің жартылай шарына орналастыруда, ақын­ның тұлғасын біздің пла­не­тамыздың үлкендігімен теңес­тіреді. Өйткені суретші үшін Абай тұлғасы ғаламдық деңгейде орын алады.
Графикада М.Әуезовтың «Абай жолы» романына Е.Сидор­кин екі рет тоқталып, 1960 жы­лы «Абай мен әжесі», «Тоғжан», «Аналар», «Құнанбай», «Байге», т.б. парақтарын лино­гравю­ра және 1970 жылы авто­лито­гра­фияда кітапқа топтамалы ил­люс­трациялар жасайды. И.Исабаев 1970-ші жылдары автолитография техникасында «Қаламқас», «Ескендір», сондай-ақ, жыл мезгілдеріне арналған өлендерінің желісі бойынша иллюстрацияларын көркем су­реттейді.
Қ.Каметов Абай өлеңде­ріндегі 1986 жылы «Алтыбақан», «Көш», «Барымта» атты лито­гра­фияларында қуанышты лирикалық өлеңдерді еркін түсінеді. Графикші өлең жол­дарын өздігінше елестетіп, өткен тарихтың бұлыңғыр естелігі іспетті жазады. Мүсін­ші­лер Е.Сергебаев, В.Рахманов және т.б. Абай образын ақын-философ ретінде сомдайды. Сонымен қатар көрмеге армян мүсіншісі Е.Годжабашянның музей қорына сыйға тартылған Абай бюсті қойылған.

НҰРЛАН ҚҰМАР

464 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы