• Аграрлық аймақ
  • 19 Қараша, 2020

Қазақстан аграрлық азық-түлік хабына айнала алады

Жетпісбай  Бекболатұлы,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры
e-mail: Zhetpisbay.Bekbolatuly@kaznu.kz

Ел экономикасын өгіздей өрге сүйреп келген көмірсутекті шикізаттар бәсі бүгінде біртіндеп түсе бастады. Азуын айға білеп, мәселенің майын ішкен ғалым-зерттеуші, маман атаулының қазір «қара алтынның» орнын басар балама ресурстарды түген­деп, түстеп тануға жаппай кіріскен жайы бар. Әдетте мұн­дайда мыс-мырыш, көмір мен темір, уран сынды қоры мол қазба байлықтар ауызға алдымен ілінгенімен, әлемдегі іскерлік белсенділік бәсең тартқан ағымдағы ахуалда аграрлық секторға назар көбірек аударыла бастағанын байқайтын болдық. Төрт түлігін өсіріп, алтын дәнін қамбаға құйып алған шаруақор жұртқа ел ертеңін тапсырғанды жөн көретін қаламгерлер болса «ауыл асырайтынына» кәміл иланып отыр.
Айтқандай-ақ, қазақ ауылы республика халқын ғана емес, сондай-ақ қиыр қонған қоңсыларды да ашқұрсақ қалдырмайтынын наурыз, сәуір менен соңғы екі ай айқын айғақтап берді. Бұрындары қай жерде де алдыдан шығатын Польша алмасына, Израиль картобына, Аргентина етіне таң қалатын едік. Ел шетіне пандемия тигенде өзге салалардың қарқыны қайтқанымен, ауыл шаруашылығы жүрісінен жаңылмады. Соңғы деректерге көз жібере отырып, локдаунға және оған байланысты шектеулерге де қарамастан Қазақстан көрші елдерге азық-түлік жеткізуді жалғастырғанын көреміз. Осы жылдың 8 айында Шанхай ынтымақтастығы ұйымы елдеріне 1,3 млрд доллардың азық-түлігі жөнелтілген, бұдан басқа Орталық Азия елдеріне гуманитарлық көмек ретінде 10 мың тоннадан астам ұн жіберілген. FАО мәліметтері бойынша өткен жылы бидай мен ұн экспорты есебінен Қазақстан «45 миллионнан астам жер тұрғындарын тамақтандырғанын» айта кету керек. Елдің астық пен ұнды сату мәселелеріндегі экспорттық стратегиясы коронавирус пандемиясына қарамастан өзгерістерге ұшыраған жоқ. Пандемия жағдайында көптеген елдер оқшауланып, азық-түлік өнімдерінің халықаралық саудасын тоқтатқан кезде үкімет ауыл шаруашылығы саласын жаһандық дағдарыстың ықпалынан сақтап, ішкі және сыртқы нарықтарға азық-түлік жеткізу мәселелерін тұрақтандыруға қол жеткізгенін бұрындары атап өткен болатынбыз. Ішкі және өңірлік азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында бүгінгі таңда өндірісті ұлғайтуға, өнім сақтау мүмкіндігін кеңейтуге, сондай-ақ ауыл шаруашылығы экспортын арттыруға мүмкіндік беретін ұлттық тауар өткізу жүйесін жақсарту шаралары қолға алынып жатыр. Сандық көрсеткіштер ғана емес, сонымен қатар өнім сапасы да маңызды болмақ. Көрші елдердегі сұраныстың өсуі азық-түлік өндірісінің ұлғаюына ықпал етпек. Органикалық ауыл шаруашылығын дамыту үшін кең мүмкіндік бар. Еуропалық комиссияның ресми мәліметтері бойынша Қазақстан Еуроодаққа органикалық азық-түлік өнімдерін жеткізетін 123 елдің ішінде 9-шы орында. Ал бидай мен майлы зығыр тұқымдарын сату бойынша еліміз абсолюттік көшбасшылар қатарына кіреді. Осы артықшылықтарды және тиімді географиялық орналасуымызды белсенді түрде пайдаланып, Қытай, Еуропа мен Орталық Азияның аса маңызды сауда нарықтарына ену міндеті тұр. Агрокешен әлеуетін жаңа технологиялармен ұтымды ұштастырғанда еліміз халықаралық аграрлық азық-түлік хабына айнала алады.
Статистикалық деректер дәнді және дәнді-бұр­шақты дақылдар өндірісінің болжамды көлемі елдің ішкі қажеттіліктерін толықтай қамтамасыз етуге және экспортқа да шығаруға мүмкіндік беретінін айғақтап отыр. Астық сақтаудың жалпы сыйымдылығы 28,8 млн тоннаны құрайды, оның 12,1 млн тоннасы – астық қабылдау кәсіпорындарында, 16,7 млн тоннасы – ауыл шаруашылығы өндірушілерінде. Жаңа өнімнен лицензияланған астық қабылдау кәсіпорындарына барлығы 3 млн тонна астық түсті, бұл өткен жылғы осындай мерзімде астық қабылдау кәсіпорындарына сақтауға келіп түскен астық көлемінен 2,1 есе көп. Биыл астықтың сапасы жоғары. Мәселен, лицензияланған астық қабылдау кәсіпорындарына тапсырылған жалпы бидай көлемінің 83,8 пайызы 1-3-ші сыныптарға жатқызылған. Сапалы өнімнің алынуы мемлекеттің өсімдік шаруашылығына қолдау көрсету жөніндегі мақсатты саясатының арқасында мүмкін болды. Ағымдағы жылы тұқым шаруашылығын субсидиялау көлемі 49 пайызға ұлғайды. Жаңа маусымда отандық бидай мен ұнның негізгі экспорты дәстүрлі түрде Орта Азия елдері мен Ауғанстан нарығына жолданып жатыр. Астық сапасы жоғары болғандықтан Қытайға бидай жөнелтілімі артуы мүмкін. Жалпы, еліміз астық пен ұн экспорты бойынша жоғары көрсеткіштерге жетіп отыр. Мәселен, ағымдағы жылдың қазан айында Қазақстан шетелге 862 мың тоннаға жуық астық пен ұн, атап айтқанда 617 мың тонна бидай, 235 мың тонна астық эквивалентіндегі 164 мың тонна бидай ұнын және 9,7 мың тонна арпа саудалаған. Бидай мен ұнның басым бөлігін – 327,6 мың тонна астықты Өзбекстан, 230,3 мың тоннаны Ауғанстан және 150,5 мың тоннаны Тәжікстан сатып алды. Арпаның барлық көлемі дәстүрлі түрде Иранға экспортталды.
Жаздың қамын қыста ойлайтын ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің өтініштері бойынша Азық-түлік келісімшарт корпорациясы ауыл шаруашылығы өнімдерін форвардтық сатып алуға республикалық бюджеттен 24,5 млрд теңге бөліп отыр. Бүгінде 516 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімін сатып алуға келісім-шарт жасалды. Нарықта қалыптасқан жағдайды ескере отырып, корпорация бидайдың сатып алу бағаларын сапасына қарай 83-87 мың теңге дәлізінде, 4-ші сыныпты бидайға 78 мың теңге, 2-ші сыныпты арпаға 50 мың теңге деңгейінде белгілеуді ұсынып отыр. Ал, форвардтық мә­мілелер бойынша күнбағыс пен қарақұмықтың сатып алу бағалары егін орағы науқаны барысында белгілі болады.

337 рет

көрсетілді

44

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы