• Ақпарат
  • 19 Қараша, 2020

Келер жылдан не күтеміз?

Биылғы жылдың аяқталуы жақындаған сайын әр салада атқарылған іске баға беріліп, алда атқарылар жұмыс бағдары болжануы заңды құбылыс. Осы ретте халықаралық рейтингтік, қаржылық институттар мен сарапшылар да қарап қалмай, өз ой-пікірлерін білдіріп жатыр. Атап айтқанда, «Ренессанс Капитал» инвестициялық компаниясы өткен аптада бес күн (9-13 қараша) қатарынан 2021 жылғы дамушы және шектес нарықтардың келешегіне арналған онлайн-конференция өткізді.

Аталмыш шараға «Ренессанс Капитал» инвестициялық компаниясы (ИК) қатысы бар түйінді нарықтардың өкілдері – Ресей, ТМД елдері, Орталық және Шығыс Еуропа, Солтүстік Африка және Сахараның оңтүстігіндегі Африка елдерінің 70-тен астам компаниясы, сондай-ақ активтерінің жалпы көлемі басқаруында 25 триллион АҚШ долларынан асып түсетін 130-дан аса инвестициялық қорлар өкілдері де қатысты.
Конференция барысында «Ренессанс Капитал» ИК Ресей мен ТМД бойынша экономисі Софья Донец құрамына Ресей, Қазақстан, Украина және Грузия кіретін ТМД+ аймағы елдеріндегі макроэкономикалық жағдайға талдау жасады.
Сарапшының пікірінше, ТМД+ аймағы акциялар мен басқа да құнды қағаздарға инвестициялар салуға көзқарас тұрғысынан келешегі әбден оңды өңір болып көрінеді. Аймақ елдері коронавирус індетіне байланысты дағдарысты кәдімгідей жақсы өткере алуда. Бұл елдердегі ішкі жалпы өнімнің (ІЖӨ) қысқаруы орташа әлемдік мәндерден төменірек. Қазыналық тапшылық та басқа дамушы нарық елдеріне қарағанда біршама төмен деңгейде. Сондай-ақ ұлттық валюталарға шектеулі қысым байқалады, құн­сыздану мен экономикаларды дол­ларландырудың серпілу деңгейі де тіпті күткендегіден айтарлықтай ауыр болған жоқ екен.
– Айта кету керек, аймақ елдері 2020 жылы бірқатар сыртқы және ішкі саяси факторлар әсерінде болды: Ресейге қарсы бағытталған санкциялар, Беларусьте, Грузия мен Молдовада өткен сайлауларға, Таулы Қарабақта тұтанған толық ұғымдағы әскери кикілжіңге байланысты қалыптасқан жоғары шие­леніс. Бұл ретте 2020-2021 жылдары біз бұл елдерде, бірінші кезекте, тауарлар мен қызметтерді тұтыну деңгейін арттыруға бағытталған, шекараларды ашу және экономикаларды ынталандырумен байланысты ІЖӨ-нің қалпына келуі мен өсуін болжап отырмыз, – деп әңгімелейді Софья Донец.
Келелі конференция спикері Ресейге макроэкономикалық шолуын бастай келе, экономикалардың тезірек қалпына келуіне көмегі тиер коронавирусқа ресейлік вакцинаны жасаудың аймақ үшін маңыздылығын атап көрсетті.
– Ресейде екі вакцина: Sputnik V (тамызда) және Epivaccorone (қазанда) қазір тіркеліп те қойған. Таяу уақытта олардың жаппай өндіріске жіберілуі күтілуде. 40 мың ерікті қазірдің өзінде сынақ кезеңінде вакцинаны қабылдаған, мен солардың ішінде болғанмын, өзіме жеке таныс бірнеше адамды да білемін. Өндірушілер жыл аяғына дейін вакцинаның 5-6 мың дозасын шығаруға дайын екеніне сендіруде. 2021 жылдың көктеміне өндірушілер ай сайын 15 миллион дозаға дейін шығаруға даяр болады деп күтілуде. 2021 жылдың бірінші тоқсанына Ресей бұл өнімін тіпті экспортқа шығарады деп жоспарланып отыр. 27 ел, ең алдымен, осы аймақтағылар – ықтимал импортерлер. Мәселен, Өзбекстан ресейлік вакцинаның 30 млн дозасын жеткізу келісіміне қол қойған. Үндістанның да ресейлік вакцинаның 100 млн дозасын жеткізуге келісім-шартқа қол қоятыны күтілуде, – деп то­лықтырады экономист.
«Ренессанс Капиталдың» болжамы бойынша, 2020 жылы Ресей ІЖӨ төмендеуі жылдан жылға дейінгі аралықта -3,3% аумағында болса; 2021 жылғы ІЖӨ өсімі 3,8%-ға жетуі тиіс; ал 2022 жылы – 2,2%. Ресей экономикасы көлемінің қысқаруы бұрынғы болжамдардан төменірек қалыптасуда және жалпы алғанда басқа да мұнай экспортер елдер аясында әжептәуір жақсы көрінеді. Мысалы, Сауд Арабиясының ІЖӨ-і 2020 жылы 5,4%-ға қысқарса, Канадада – 7,1%, Оманда – 10% қысқарады екен. Бұл ретте Әзербайжанда экономика 3,5%-ға, ал Норвегияда – 2,8%-ға төмендейді. Мұнай өндіруші елдер тізіміндегі Қазақстанда да ІЖӨ көлемі бар-жоғы 2,2%-ға қысқарады.
Спикердің қорытындыларына сәйкес, рубль өз ауқымы шамасына 5%-дай жете бағаланбаған. Ресей валютасы бағамына, әрине, мұнай бағасы мен санкциялар айтарлықтай дәрежеде әсерін тигізеді. Әйтсе де, 2021 жылдың бас кезінде доллар бағамы бір АҚШ валютасына 73-74 рубль деңгейінде, 2021 жылдың соңында – бір долларға 76 рубль аумағында болады деп болжануда.
– Ресей Федерациясының мем­ле­кеттік қарызы ТМД+ аймағын­дағы ең төменгі деңгейінде қалып отыр. Бюджет тапшылығы бар-жоғы 4% құрайды, бұл БРИКС (Бразилия, Ресей, Индия, Қытай мен ОАР) елдерінен орташа алғанда үш есе төмен. Ағымдағы кезеңде Ресейдің Ұлттық әл-ауқат қорында ІЖӨ көлемінен 12%-дай жинақталған, бұл Ресейге егер мұнай бағасы бір баррельге 30 АҚШ доллары деңгейінде болса, бюджет теңдестіруін 10 жыл бойы қалыпты жүргізуге мүмкіндік береді. Алтын-валюталық резерві 500 млрд долларға жетеді. Ресей­дің қаржы-бюджеттік ұстанымы жо­ғары деңгейде қалып отыр, – деп сендіреді Софья Донец.
Қазақстан тақырыбын да қоз­ғаған сарапшы «күшті әрі іргелі көр­сеткіштері мен қомақты жинақ­талған резервтері барын ескере келе айтқанда, макроэкономикалық көзқарас тұрғысынан, бұл – ТМД+ аймағындағы ең қызықты тарихи экономикалық көрсеткіш», деп атап өтті. сондай-ақ С.Донец 2019 жылы Қазақстанның саяси өмірінде айтарлықтай өзгерістер (Қасым-Жомарт Тоқаевтың президент болып сайлануы) болғанын және олардың біршама қалыпты жағдайда өрбіп, күрделі тәуекелдер орын алмағанын атап өтті.
– Мұнай бағасы экономика үшін, әсіресе Қазақстанның валютасы үшін маңызды фактор болып табылады. 2021 жылы бір барреліне 50 АҚШ доллары аумағында болатын мұнай бағасы негізделген базалық сценарий жағдайы, біздің есептеуімізше, теңгенің нығаюына үміт артады, бүгінде ол долларға қатысты әділ құны деңгейіне таяды. Ұлттық қорда жинақталған резервтердің, ІЖӨ-нің 35%-дай деңгейіне жеткен, айтарлықтай көлемін атап айтқан жөн, – деді сарапшы-экономист.
Болжам бойынша, биылғы жылы ІЖӨ көлемі 2,2%-ға қысқарады, ал инфляция 7% деңгейінде болады. 2021 жылы мұнайдың орташа жылдық бағасы барреліне 50 долларға жетеді, ал мұндай жағдайда экономика 5,1%-ға өседі, ұлттық валютаның долларға шаққандағы бағамы 414 теңге деңгейінде болады, инфляция 6,9%, ал базалық мөлшерлеме 9% деңгейінде қалады. Мұнайдың бір баррельге бағасы 40 доллар болғанда ІЖӨ көлемі 4,2%-ға өседі, доллар бағамы 430 теңге болса, инфляция – 7,1%-ға артып, ал базалық мөлшерлеме 9,5%-ға көтерілмек.
Brent маркалы мұнайдың бағасы бір барреліне 60 долларға дейін көтерілген жағдайда экономика 5,8%-ға өссе, доллар бағамы 398 тең­ге деңгейіне дейін төмендеп, инфляция 6,5% көрсеткішіне жетеді, ал базалық мөлшерлеме 9% ағым­дық деңгейінде қалады.
Өз шолуында Софья Донец қыс­қаша ТМД+ аймағындағы басқа да елдер жағдайына тоқталып өтті. Ол 2021 жылы ең алдымен туризмнің өсуі арқасында шекараларды кесіп өтуге шектеу шаралары алынып тасталып, бұл кавказдық республикаларға одан әрі де өздерінің туристік әлеуеттерін дамытуына мүмкіндік береді де, Грузия экономикасы мейлінше келешегі нық болып табылады деп болжанып отырғанын айтты.
Білікті экономист Өзбекстанға бөлек тоқталды. Ол аймақта бұл елдің экономикасы ағымдағы жылы рецессияға ұшырамаған жалғыз ел екенін атап айтты. Сарапшылардың болжауынша, көршілес респуб­ликаның ІЖӨ 2020 жылы 1,5%-ға, ал 2021 жылы – 5,6%-ға өседі. Баян­дамашы пікірі бойынша, Өз­бекстан шетелдік инвестициялар ағыны арқасында экономикасының дамуындағы жайсыз серпіндерден арыла алды. Дегенмен, инвестициялар көлемі 2020 жылы, әрине, азайғанымен, толықтай қысқара қойған жоқ.

ИСАТАЙ ҚАМБАРОВ

2189 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы