• Аймақ тынысы
  • 19 Қараша, 2020

Тұрақты даму – өрісті өркендеу негізгі

Түркістан облысының экономикасы жылдан-жылға жақсарып, өнеркәсіп пен кәсіпорындардың жұмысы қарқынды түрде дамып келеді. Бұған дәлел, ағымдағы жылдың 8 айының қорытындысында облыстың өнеркәсіптік кәсіпорындары 344 миллиард теңге соманың өнімін өндірген. 2018 жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда, яғни екі жылдың  ішінде өндіріс көлемі  6,5%-ға өскен.

 Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Түркістан облысының инвестиция және экспорт бас­қармасының басшысы Иса Құдабеков мәлімдеді. Оның айтуынша, облыстағы 300 бірлік өнеркәсіп орындарында 23 мыңға жуық адам жұмыс істейді. «Бүгінгі таңда 2020-2023 жылдарға арналған кәсіпкерлікті қолдау картасы аясында жалпы сомасы 324 млрд  теңгені құрайтын 29 жоба іске асырылуда. Нәтижесінде шамамен 6 мың  жұмыс орны құрылатын болады. Ал биыл 12,5 млрд теңге сомасына 13 жобаны іске асыру жоспарлануда. Толық іске асқан жағдайда 1500 адам жұмыспен қамтылады. Ағымдағы жылғы жобалардың ішінде 3-і іске қосылған»,  – деді Иса Мұсаұлы.

Бизнесті мемлекеттік қолдау бүгінгі күні оның үлкен рөлі мен кәсіпкерлік сектордың қуатты ынталандыруы туралы айтуға мүмкіндік береді. Бұған таяуда ғана «Даму» қорының Түркістан облысы бойынша филиалы ұйымдастырған  баспасөз туры аясында аймақтық және республикалық БАҚ өкілдері де көз жеткізді.

Кездесу барысында аймақтық филиал директорының орынбасары Елжан Байтанаев Түркістан облысы бойынша «Даму» қоры­ның қаржылық және қаржылық емес қолдау нәтижелері туралы әңгімеледі.

2020 жылдың 9 айында Түр­кістан облысында субсидиялар есебінен жалпы сомасы 6,10 миллиард теңге болатын 68 жобаға қолдау көрсетілді. Оның ішінде «Бизнестің жол картасы – 2025» бойынша  4,33 миллиард теңгеге 57 жоба; «Қарапайым  заттар экономикасы»  аясында құны 1,76 миллиард теңгені құрайтын 11 жоба жүзеге асырылды.

Нарықтағы қазіргі жағдайға қарамастан, ағымдағы жылдың 9 айында жобалардың  ішінара кепілдемесінің өсуі де байқалады. Осылайша, кепілдеме бойынша жалпы несие сомасы 2,6 млрд теңгеге кәсіпкерлердің 37 жобасы қолдау тапты, оның ішінде кепілдік сомасы 918,0 млн  теңгені құрады.

«Даму» қоры ұйымдастырған шара барысында журналистер қауымы түрлі қызмет салаларында өздерінің бизнес-идеяларын жүзеге асыратын үш кәсіпорында болып, жұмысымен танысты. Онда кәсіпорындар қан­дай мемлекеттік бағдарламаларды қолданғандығы айтылды.

    БАҚ өкілдері алдымен «Танкеев Бауыржан» жеке кәсіпкер «DIAMOND PLAZA» сауда ойын-сауық кешенінде болды. «Танкеев Бауыржан» жеке кәсіпкер «DIAMOND PLAZA» кешені – 5 қабатты сауда үйінің жалпы ауданы 12 182  шаршы метрді құрайды. Жобаны «АТФБанк» АҚ «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы бойынша жылдық 14%-бен мақұлдады, оның 8 пайыздық бөлігін мемлекет субсидиялайды.

Бұдан кейін журналистер қауымы «Шымкай» ЖШС – жиһаз өндіруші фабрикасының жұ­мысымен етене танысты. Компания 2006 жылдың көктемінде ашылды. Фабриканың негізгі қызметі түрік жиһаздарын сату болып табылады және 2017 жылы компания жиһаз шығаратын фабриканың құрылысын бастады. 2020 жылы құрал-жабдықты сатып алу және айналым қаражатын толықтыру үшін «Халық Банкі» АҚ жобаны 14% мақұлдап, оның 8%-ын «Даму» қоры субсидиялайтын болды. Сондай-ақ қор кепілдің жетіспейтін бөлігіне кепілдік берді.

Ең соңында БАҚ өкілдері «Shuǧylakitap» ЖШС – кітап шыға­ра­тын баспаханада болды. Компания 2003 жылы құ­рылды. Құрылған кезінен бастап мектепке дейінгі кітаптарды шығарумен айналысады. Компания жазушылардың жазған кітаптарына авторлық құқықты алады және типографияда баспадан шығаруға тапсырыс береді. 2020 жылы айналым қаражатын толықтыру үшін жоба «Бизнестің жол картасы – 2025» мемлекеттік бағдарламасының екінші бағыты аясында мақұлданды. Несиені  «Bank RBK» АҚ жылдық 14% -бен мақұлдады, мұнда мемлекет субсидиялайтын бөлігі 8%-ды құрады.

 Салтанат ҚАЖЫКЕН

234 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы