• Үкімет: іргелі істер үрдісінде
  • 19 Қараша, 2020

Оңтайлы қызмет, таңбалы тауар: Жұмыс жетілсе – сапа жоғарылайды

Үкімет отырысында мемлекеттік қызмет көрсету процесін жетілдіру және Қазақстанда тауарларды таңбалау мен оларды бақылау мәселесі қаралды. Премьер-министр Асқар Мамин бұл мақсаттағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыруды тапсырды.

Қазіргі эпидемиологиялық ахуал жағдайында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі бизнес процестерді оңтайландыру және автоматтандыру бойынша жұмыс жүргізді. Бұл ретте ХҚКО жұмысының форматы өзгертілді, артық құжаттар талаптары алынып тасталды. Тиімді шаралардың бірі – Blockchain технологиясын енгізу арқылы мемлекеттік қызметтерді көрсету уақыты едәуір қысқарды, және бұл деректерді үшінші тұлғаларға беру мүмкіндігін болдырмайды. ҚР Мемлекеттік қызметтер тізілімінде 698 мемлекеттік қызмет түрі қарастырылған, олардың 85,5%-ы онлайн-режимде көрсетіледі. Осы жылдың соңына дейін бұл көрсеткіш 90%-ға дейін жеткізіледі. Биыл eGov пайдаланушыны биометриялық сәйкестендіру жолымен бір қадамда жеңілдетілген тіркеу механизмін енгізеді. Осылайша, eGov-та ұялы телефонды бетке жақындату арқылы тіркелуге болады, ал биометриялық сәйкестендіру қосымша сұрақтар қою арқылы пайдаланушыны өзі анықтап, тіркейді. Азаматтардың автомобильдерді тіркеу үшін мамандандырылған ХҚКО-ларға баруының баламасы банктік қосымшалар арқылы сатып алу-сатуды рәсімдеу болады, бұл қызмет көрсету уақытын қысқартады, құжаттар үйге жеткізіледі. Сондай-ақ биылғы жылдың соңына дейін электрондық форматтағы әлеуметтік-еңбек сала­сындағы мемлекеттік қызметтер көрсеткіші 90%-ға жеткізілмек.
Үкімет басшысы жергілікті атқарушы органдарға мемлекеттік қызметтер көрсету сапасына қана­ғаттану деңгейін кемінде 80%-ға жеткізуді, сондай-ақ ТКШ қызметтері бойынша астаналық IQalа жобасы үлгісімен тиімді шешімдер енгізуді тапсырды. Цифрлық даму министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, барлық әлеуметтік маңызды мемлекеттік қызметтерді eGov mobile-ға ауыстыру жоспарын бекіту тапсырылды. «Халыққа жұмыстың нақты нәтижелері қажет. Алдағы жылы қағаз анықтамалардың қажеттілігін толығымен жойып, «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясынан қызметтерді жеткізуді қамтамасыз етумен барлық онлайн қызметтер мен сервистердің қолжетімділігін 100%-ға дейін арттыруымыз керек», – деді А.Мамин.
Осы орайда Денсаулық сақтау министрлігіне азаматтарға қажетті электрондық медициналық мәлі­меттерді беруді қамтамасыз ету, сол секілді Еңбек министрлігіне мемлекеттік органдармен бірлесіп, зейнетақы мен жәрдемақыларды беруді тағайындау процестерін цифрландыру үшін қажетті деректерді толық цифрландыру мен жаңартуды қамтамасыз ету тапсырылды. Премьер-министр орталық және жергілікті атқарушы органдарға барлық ақпараттық жүйелерді тиімді интеграциялау және олардың үздіксіз жұмыс істеуін, сапасы мен халық үшін пайдалануға жеңілдігін арттыру бойынша шаралар қабылдауды тапсырды. Сонымен бірге мемлекеттік қызметтерді цифрландыру саласын­дағы жаңалықтар бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажеттігіне ерекше назар аударды.
Тауарларды таңбалау және қада­ғалау мәселелері бойынша баян­далғандай, қазірде Қазақстан ЕАЭО-ның интеграциялық процестері аясында тері бұйымдары мен темекі өнімдерін міндетті таңбалауды енгізді, дәрілерді, алкогольді, аяқ киім мен сүт өнімдерін таңбалау жөніндегі пилоттық жобаларды іске қосты. Ел аумағында тауар қозғалысының ашықтығын қамтамасыз ету үшін импорттан немесе өндірістен бастап бөлшек саудада өткізуге дейінгі бүкіл тізбек бойынша Тауарларды қадағалаудың ұлттық жүйесі құрылды. Осының арқасында биылғы 10 айдың ішінде кеден баждарының, ҚҚС пен акциздердің қосымша түсімдері 132 млрд теңгені құрады.
«Тауарларды таңбалау және қа­дағалау жүйесін енгізу қазақстандық нарықты контрафактілік және сапасыз өнімдерден қорғауға, азаматтардың денсаулығын сақтауға, отандық өндірушілердің ЕАЭО нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді», – деді А. Мамин.
Үкімет басшысы ЕАЭО мемле­кеттерінде аталған жұмысты ілге­рілетуді ескере отырып, таңба­­лан­­ған тауарлар тізбесін кеңейту қа­жет­тігін, бұл кедергісіз өзара сау­даны дамытуға ықпал ететінін атап өтті. ЕАЭО мемлекеттерінің бақылау-сәйкестендіру белгілерін өзара тануы өте маңызды. Осы ретте бизнес-қоғамдастықты кеңінен хабар­­дар ете отырып, тауарларды таңба­лау жүйесіне қатысушылардың барлығының өзара үйлесімді іс-қимылын қамтамасыз ету қажет. А.Мамин Тауарларды қада­ғалаудың ұлттық жүйесін енгізу адал салық төлеушілер үшін бизнес жүргізудің бәсекелестік жағдайларын арттыруға, өндіріс, сауда көлемін ұлғайтуға, көлеңкелі айналымды азайтуға жол аша­тынын айтты. Сәйкесінше, Қаржы министр­лігіне та­уар­­ларды қадағалау жүйесін жетілдіру және таңбаланған тауарлардың айналымын бақылау жұмысын жалғастыру, Цифрлық даму министрлігіне «Қа­зақтелеком» АҚ-мен бірлесіп, ақпа­­рат­тық жүйелердің, оның ішінде тегін мобильді қосым­шалардың тұрақты жұмыс істеуін, оларды техникалық қолдауды және жылдамдығы жоғары мобильді интернет сапасын қамтамасыз ету тапсырылды.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

208 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы