• Ақорда & Үкімет
  • 19 Қараша, 2020

Пандемияны ауыздықтау: Індетке қарсы күрес шаралары мейлінше ашық болуы қажет

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үкімет мүшелерімен, бірқатар мемлекеттік органдардың басшыларымен, қалалар мен облыстардың әкімдерімен коронавирус індетінің таралуына қарсы іс-қимыл шаралары жөнінде видеоконференция режимінде кеңес өткізді.

 Қасым-Жомарт Тоқаев өз сө­зінде пандемия кезінде отандық дәрігерлердің тиісті тәжірибе жинағанын, бұл дерттің негізгі белгілерін айқындап, онымен күресу жолдарын үйренгенін атап өтті, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі. Осы аралықта еліміздің денсаулық сақтау саласы біршама нығайып, жаппай тестілеу жұмысы жолға қойылды. Науқастармен байланыста болғандарды анықтау ісі жетілдірілді. Бизнес өкілдері де жаңа ахуалда жұмыс істеуге бейімделе бастады. Ең бастысы, азаматтарымыздың пандемияға деген көзқарасы өзгерді. «Панде­мияның екінші толқыны көптеген белгілері бойынша өзгеше болмақ және ел экономикасы үшін күрделі кезеңде өтпек. Біз мұны ескеруіміз керек. Бүгінде бүкіл әлем «ковид теңдеуі» деп аталатын күрделі мәселені шешудің алдында тұр. Мұндай жағдайда тұтас бір саланың жойылып кетуі ғана емес, оның кейін білінетін салдары да оңай тимейді. Жұмыссыздық өршіп, білім беру ісіндегі олқы­лық­тардың кесірі түрлі теріс пи­ғыл­дардың асқынуына, оның ішінде, қылмыстың өршуіне әкеп соқтыруы мүмкін. Сондықтан қазіргі міндет – көктемдегідей жаппай карантинге жеткізбей, пандемияны ауыздықтау», – деді Мемлекет басшысы. 

Президент кейбір өңірлерде аталған дертпен ауырғандар санының артуына байланысты жүйелі шаралар қабылдаудың маңыздылығына назар аударды.   

Мемлекет басшысы өз сөзінде  індет жұқтырғандардың барынша нақты есебін алу вируспен күрестің басты талабы екенін айтты. «Бірқатар облыстарда  коронавирус індетіне қатысты жаңа жағдайларды жасыру деректері анықталды. Әңгіме Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан,  Павлодар,  Ақмола,  Қостанай және басқа да облыстар жайында болып отыр. Өтірікті шындай сөйлету аса қауіпті құбылыс екенін түсіну керек. Өйткені ол шынайы қауіптің бетін бүркемелейді. Сондай-ақ  бүкіл еліміз бойынша коронавирус індетіне қарсы жүргізіліп жатқан күрес стратегиясына зиянын тигізеді. Қазіргі ахуал жете бағаланбай, қабылдан­ған шаралар толық жүзеге асырылмай отыр. Халықтың індеттен сақтану деңгейі төмендеп кеткен. Бұл – аксиома. Мұндай жағдай әлемнің көптеген елінде байқалуда. Аталған проблеманың біздің денсаулық сақтау жүйемізде де созылмалы сипат алғанын мойындауымыз керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Денсаулық сақтау министрлігіне Ұлттық статистика бюросымен бірлесіп, медициналық статистиканы бағалау және талдау жөнінде кешенді жоспар әзірлеуді тапсырды. Сонымен қатар барлық денсаулық сақтау ұйымдарының толық дайын болуын қамтамасыз етуді міндеттеді. Бұл әскери медицинаға да тікелей қатысты. Себебі олар індетпен күресу үшін шұғыл күш жұмылдыруға және құралдармен жабдықтауға дайын болуы тиіс. «Ме­дициналық ұйымдарға жүргізілген бағалау қорытындысы олардың дайындық деңгейінің әлі де төмен екенін көрсетті. Денсаулық сақтау нысандарының жартысынан астамында заң бұзушылықтар анықталған. Ауруханалар аймақтарға толық бөлін­беген. Нәтижесінде емделушілер мен аурухана қызметкерлерінің індет жұқтыру қаупі сақталып отыр. Шын мәнінде, барлық өңірлерде жан сақтау бөлімшелерінің тиісті құрал-жабдықтармен толыққанды қамтамасыз етілмегені көрінді. Атап айтқанда, коронавирус індетімен қатты ауырған науқастарды емдеуге қажетті жекелеген дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдардың жетіспеушілігі байқалады. Өңірлер емдеу хаттамасында көрсетілген дәрі-дәрмектерді емес, өздерінің білгені бойынша препараттар сатып алуда», – деді Президент.

 Қасым-Жомарт Тоқаев дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету мәселесіне егжей-тегжейлі тоқталды. Ол медициналық ұйымдардың, дәріханалардың не сатып алғанын, жалпы бірыңғай дистрибьютердің қоймаларындағы дәрі-дәрмек қорын анықтауды талап етті.

   Үкімет әкімдерімен бірлесіп, бекітілген емдеу нормалары мен хаттамасына сәйкес келетін дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдардың сатып алынуын қамтамасыз етуі керек. «Менің тапсырмам бойынша ПТР сынамалары мен медициналық бетперделердің бағасы төмендетілді. Мұндай оң бастаманы халық бірден сезінді. Осындай жұмыстарды медициналық дәрі-дәрмектерге, ең алдымен, коронавирусқа қарсы медикаменттерге қатысты жүргізу қажет. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне Мемлекеттік кіріс комитетімен бірлесіп, аталған мәселені қарастыруды тапсырамын. Жалпы агенттік дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдардың бағасын реттеу ісіне ат салысып, фармацевтикалық бизнестегі картельдерді әшкерелеуі керек», – деді Мемлекет басшысы.

Президент мемлекет тарапынан коронавируспен күреске жұмылдырылған медицина қыз­мет­керлеріне үстемақы төлеу жал­ға­сатынын атап өтті. Сонымен қатар Мемлекет басшысы сани­­тарлық талаптар мен шектеу шара­­ларының сақталуына компания басшыларының және бизнес иеле­рінің жауапты екенін еске салды. Соңғы уақытта ірі кәсіпорындардағы еңбек ұжымдарында вирус жұқ­тырғандардың саны арта бастады. Қоғамдық көліктердегі сани­тарлық жағдай және азаматтар көп шоғырланатын орындарда әлеуметтік қашықтықтың сақталмауы алаңдаушылық тудыруда. «Ата-аналар шыдамдылық танытып, қазіргі ахуалға түсіністікпен қарауы керек. Осындай жағдай тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде қалыптасып отыр. Біз білім сапасының төмендеуіне жол бермеуіміз қажет. Оқыту нәтижесіне мониторинг жүргізіп, білім сала­сын­дағы олқылықтарды жою үшін уақтылы шаралар қабылдау керек. Үкіметке өңір әкімдерімен бірлесіп, шектеу шараларына қарамастан, білім сапасын бақылауды күшейтуді тапсырамын», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы медицина қызметкерлерін қажетті көлемдегі қорғаныш құралдарымен қамтамасыз етуді тапсырды. Бұл үшін Үкімет отандық бетперделер мен басқа да жеке қорғаныш құралдарын өндірушілерді кепілді көлемдегі шикізатпен қам­тамасыз етудің тетігін әзірлеуі тиіс. Пандемияға қарсы барлық шаралар мейлінше ашық болуы қажет. «Үкімет жемқорлыққа жол берілуі мүмкін барлық учаскелерді қатаң бақылауға алуы тиіс. Пандемияның бірінші толқыны кезінде жемқорлықпен бетпе-бет келдік. Бұл – медициналық бетперделер мен дәрі-дәрмек бағасын арттыру, бақылау-өткізу пунктеріндегі құқық бұзушылықтар, медицина қызметкерлеріне төлем тағайындау кезіндегі жемқорлық. Бақылаушы органдардың, яғни полиция қызметкерлерінің, әкімдіктер мен мониторинг өткізетін топтардың жұмыс сапасына ерекше назар аудару қажет. Пандемия кезінде оларға бизнес пен азаматтарды тексеруге зор, яғни  төтенше өкілеттіктер берілді деуге болады. Бұл өзін-өзі ақтады. Мұндай өкілеттіктерді дұрыс қолданған жөн, оны асыра пайдалануға болмайды. «Кімді және қашан тексеретінімді өзім білемін» деген қағидаға жол берілмесін», – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев кез келген қиындықтар мен дағдарыстар жаңа мүмкіндіктерге жол ашатынын тағы да атап өтті. Айтарлықтай жетістіктеріміз де бар. Мәселен, екі бірдей отандық вакцина келешегі зор әлемдік био­құралдардың қатарына енгізіліп, қазіргі уақытта оларға клиникалық зерттеулер жүргізілуде. «Үкіметтің алдында тұрған үлкен міндет – отандық вакцинаны ешбір кедергісіз өндіріске енгізу. Уақытша тіркеу тәртібін жеңілдетіп, вакцинаның тәжірибелік-өнеркәсіп және өнеркәсіп өндірісіне арналған зауыт құрылысын аяқтау қажет. Мен Ресей Президентімен ресейлік вакцина өндірісі зауытының құрылысы бойынша келісімге келдім. Үкімет осы қажетті жобаға инвестиция тарту бойынша келіссөздерді бастап та кетті. Биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің барлық бағыттары бойынша жұмысты жалғастыру ма­ңызды. Мұндай шараларды дамыған мемлекеттердің бәрі қабылдап жатыр. Парламенттің осы сессиядағы жұмысы аяқталғанға дейін депутаттардың қарауына Биологиялық қауіпсіздік жөніндегі заң жобасын енгізу керек», – деді Мемлекет басшысы. 

Сөз соңында Президент барша азаматтарды тәртіпті қатаң сақтауға, уақытша шектеу шараларына түсі­ністік танытуға шақырды. Ең алдымен, бұл барша қазақстандықтардың денсаулығы үшін қажет. Мемлекет басшысы дәрігерлерге, полиция қызметкерлеріне, әскери қызмет­шілерге және пандемиямен күресте алдыңғы шепте жүрген барша азамат­тарға ризашылығын білдірді.

 Дайындаған

Ернар Орманов

32169 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы