• Цифрлы Қазақстан
  • 26 Қараша, 2020

САНДЫҚ ТЕХНОЛОГИЯ ЖӘНЕ ӨНДІРІС ТИІМДІЛІГІ

Төртінші өнеркәсіптік революция дәуірі аталған қазіргі зымыран уақыт өзгерістері аса жылдам. Технология дамуы халық шаруашылығын айтпағанда, тұрмыс-тіршіліктің бар саласын қамтыған бұл күнде таңғы жаңалық кешкісін қалыпты нәрсеге айналатын болды. Төрткүл дүние сандық технологиялар әлемінде өмір сүріп жатқан қазіргі уақытты байланыс саласының қызметінсіз елестету мүмкін емес. Бірақ бұл кешегі «айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызған» дәстүрлі байланыс түрі емес. Осы ретте жаңа технологияға негізделген байланыс қызметін жолға қойып, Маңғыстау өңірі экономикасының өркенді дамуына қомақты үлес қосып отырған «Мұнайтелеком» компаниясының іс-тәжірибесі атап айтарлықтай.

ЖАСАМПАЗ ЕҢБЕКПЕН ӨРНЕКТЕЛГЕН ЖЫЛДАР

Әрбір кәсіпорынның өзінің қайталанбас тарихы бар, оны адамдар жасампаз еңбегімен жазады. «Мұнайтелеком» ЖШС үшін бұл ерекше, оның қа­лып­тасу тарихы 1965 жылдан, Кеңес Одағында Маңғышлақтың табиғи байлықтарын игеру қарқынды жүріп жатқан экономиканы индустрияландыру жылдарында одақтық ма­ңызы бар қуатты өндірістік-экономикалық кешен құрылған кезден басталады. Дәл осы 1965 жылы «Қазақстанмұнай» өндірістік бірлестігінде жаңа байланыс аймағы құрылды, оның құрамына Қазақстандағы барлық барлау, өндіру және өңдеу кәсіп­орындары мен мекемелері кірді. Келесі жылы 20 қазандағы №362б «Қа­зақ­станмұнай» бірік­тіру бұй­рығымен учаске байланыс кеңсесіне айналдырылды. Осы 1966 жылғы 20 қазан кәсіпорынның құрылған күні, оның қызметінің бастауы болып саналады. Сол уақыттан бастап байланысшылар ұжымының өндірістік қоржынында алғашқы еңбек же­тіс­тіктері жинала бастады. Сол жылы Теңіз және ауыз су сорғы стан­­ция­ларының диспетчерлері­нің байланысын қамтамасыз ететін Шевченко-Өзен учаскесіндегі әуе байланысының желілері пайдала­нуға берілді. Байланыс тораптары ұйым­­дасты­рыл­ды, Жаңаөзен мен Шевченко қала­ларында, Жетібай кентінде мұнайшыларға қызмет көрсетуге арналған ажыратқыштар орнатылды. Осы оқиғалардан елу жыл бұрын аймақта байланыстың қалыптасуы мен дамуы басталып, жалғасты.
70-ші жылдардың басында Маң­ғышлақ түбегі мен Шевченко қала­сының өнеркәсіптік инфрақұры­лымының дамып, өсуіне орай байла­нысшылардың қызметтері барған сайын сұранысқа ие бола бастады. Жыл сайын дерлік жаңа байланыс желілері енгізілді, АТС орнатылды, радиобайланыс ұйымдасты­рылды, АТС сыйымдылығы артты. 1970 жылы «Шевченко-Жетібай», «Шевченко-Өзен», «Жетібай-Өзен» байланыс учаскелерінде жаңа байланыс желілері енгізілді, жаңа аппаратура құрастырылды. «Өзен-Құлсары-Гурьев-Куйбышев» учаскесінде 1970-1971 жылдары «Өзен-Гурьев» мұнай құбырын іске қосу кезінде радиобайланыс ұйымдастырылды.
Маңғышлақ түбегінің, Шевченко қаласының, жалпы осынау қазыналы өңірде мұнай саласының қарқынды дамуы қосымша коммуникация құралдарын талап етті, тұрақты телефон байланысы қажет болды. Бұл қиын кезең еді, білікті мамандар жетіспеді, байланысшылар қатаң ауа-райы жағдайында жұмыс істеуге мәжбүр болды. Бірақ осынау қиындықтарға, қарапайым тұрмыстық және өн­дірістік жағдайлардың болмауына қарамастан, байланысшылар барлық нысандарды үздіксіз сапалы байланыспен қамтамасыз ете отырып, тарату жүйелерінің жабдықтарын орнату, жөндеу және техникалық қызмет көрсету мүмкіндіктерін іздестірді. Мәселен, 1972 жылы байланыс кеңсесінің қызметкерлері Маңғышлақ станциясында 100 нөмірге 100/2000 бірінші АТСБК орнатты, Жаңа­өзен қаласында 1000 нөмірге 100/2000 АТСБК монтажы жүзеге асырылды, өндірістік үй-жайларды бөле отырып, байланыс торабын кеңейту жүргізілді.

1975-1976 жылдар кәсіп­орынның тарихында келесі еңбек жетістіктерімен өрнектелді: Жаңа­өзендегі АТСБК 100/2000 сыйым­дылығы 500 нөмірге көбейтілді, АТК жалпы сыйымдылығы 1500 нөмірге жетті. Шевченко қала­сындағы байланыс орталығында АТСБК 100/2000 жабдығы 400 нөмірге ауыстырылып, қалалық телефон станцияларымен өзара байланыс желілері ұйымдастырылды. Жетібайда, Шевченко-Өзен учас­кесінде, 12 арнаны бөліп, К-60 ты­ғыз­дау жабдығы іске қосылды. Жеті­байда байланыс орталығы №1 мұнай кәсіпшілігіне ауыс­тырылды және M-60 қосқышының 300 нөміріне 100/2000 АТСБК жабдықтары орнатылды. Ракушечный мүйісімен радио байла­нысын ұйымдастыру жүзеге асырылды, Жетібай байланыс бөлімінің құра­мында Ракушечный байланыс бөлімі ашылды, М-60 қосқышы орнатылды.

1978 жылы мамырда Р-404 радио­релейлік байланысы (Солтүстік Ракушиге дейін 12 канал) іске қосылды, Бозашы түбегіндегі жаңа Қаламқас кен орнымен радиобайланыс орнатылды және Түркіменстанмен шекаралас облыстарда жұмыс жасайтын бұрғышылар байланыспен қамтама­сыз етілді. 1979 жылы «Шевченко-Қаламқас», П-303 12 арналарына арналған Р-409 радиорелейлік станциясы, сонымен қатар қосқыш іске қосылды.

Кейінгі жылдары қуаттылықтың жүйелі түрде өсуі байқалды. 1980 жылы Жетібай-Өзен учаскесінде 12 каналға арналған жабдықтар орнатылды. 1984 жылы 400 нөмірге арналған АТСБК-100/2000 телефон станциясы мен Қаламқас байланыс орталығының ғимараты салынып, пайдалануға берілді. МҚТС қолмен ауыстырып қосқышы M-60 ауыстырылды. 1985 жылы Қаражанбас кен орнында 300 нөмірге арналған АТСК-100/2000 телефон станциясы мен байланыс орталығы пайдалануға берілді. 1986 жылы қаланы Қаламқас және Қаражанбас кен орындарымен байланыстыру үшін 1979 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан Р-409 радио­релейлік байланыс жүйесі­нен К-120НС кабельдік жүйеге көшу жүзеге асырылды.

КСРО мемлекеттік жүйесінің жал­пы дағдарысымен, өнеркәсіп өндірі­сінің айтарлықтай төмендеуімен сипатталатын 1991 жылғы қиыншылықтар Маңғыстау облысындағы барлық кәсіпорындардың, соның ішінде байланыс саласы қызметінде де көрініс тапты. «Мангышлакнефть» өндірістік бірлестігінің 1991 жылғы №114 бұй­рығы негізінде байланыс кеңсесі «Өндірістік және техникалық байланыс бөлімі» болып өзгертілді.

Өмір жалғасып жатты, байланысшылар өзекті мәселелерді шешіп, өз қызметін нарық жағдайында қайта құрды.

Байланыс сапасын арттыру үшін 1996 жылдың қаңтарында бірнеше байланыс қызметін біріктіру туралы шешім қабылданды. Осылайша, Өзенді пайдалануға беру бөлімінің екі өндірістік учаскесінің қызме­ті өлшеу құралдарын, автоматика мен теле­механиканы, техникалық қызмет көрсетуді, монтаждауды және баптауды, сондай-ақ жаңадан іске қосылған «Қаламқас» және «Жетібай» мұнай өндіру нысандарын іске қосу жұмыстарын қамтамасыз ететін индус­триялды-техникалық коммуникациялар бөліміне берілді. Олардың негізінде құрылған Қаламқас және Жетібай өндірісін автоматтандыру шеберханалары бүгінде телекоммуникация қызметтерін ұсынатын «Қаламқас» ӨАЦ және «Жетібай» ӨАЦ болып қайта құрылды.

90-шы жылдардағы экономикалық және өндірістік дағдарыстарға қара­мастан, байланысшылар кәсіпорны қай салада болсын бірінші кезектегі маңызды мәселе – мамандарды ұстап қалды, қиындықтарды жеңіп, дәйекті дамуды жалғастырды, автоматика, телемеханика және БӨҚ техникалық қызмет көрсету жүйелерін жаңартып, модернизациялады, өлшеу құралдарын жөндеу және техникалық қызмет көрсетуді ұйым­­дастыру үшін жөндеу базасын бастап­­қы құралдармен және өлшеу құрал­дарымен жабдықтауды кеңейтіп, ұлғайтты.

1997 жылы 8-шағын ауданда жаңа ғимарат салынды, оған барлық байланыс орта­лығының жабдықтары «КазНИПИнефть» ғимаратынан көшіріліп, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ-ның әкім­шілік ғимаратында «Хайком» авто­матты телефон станциясын орнату және іске қосу жұмыстары жүр­гізілді. Ақтауда 3000 нөмірге арналған S-12 жүйесінің автоматты теле­фон станциясы-21 жабдығы іске қосылды. Жаңаөзендегі байланыс орталығын 5000 нөмірге арналған S –12 жүйесінің 7 автоматты телефон станциясына ауыстыру жүргізілді. Сондай-ақ Маңғышлақ станциясында екі ИКМ-30 жүйесі және «БУТТ» ЖШС-де ИКМ-30 іске қосылды, өн­дірістік базаның құрамында жөндеу-метрологиялық қызмет құрылды, автоматика және телемеханика бөлімі ұйымдастырылды.

1998 жылдың желтоқсанында тара­тылған «Байланысты өндірістік-тех­никалық басқару» кәсіпорнының мүлкі негізінде «Мұнайтелеком» жа­уапкершілігі шектеулі серік­тестігі құрылды.

«Мұнайтелеком» компаниясы Маңғыстау түбегіндегі барлық мұнай кен орындарын, елді мекендерді: Ескі Жетібай кенті, Мұнайшы, Қызыл-Төбе, Ынтымақ, Бозашы түбегі мен Ақтау қаласын бірыңғай ақпараттық кеңістікке біріктіреді, тұтынушылардың әр түрлі санаттарына арналған телекоммуникация қызметтерінің кең және үнемі кеңейіп отыратын спектрін ұсынады және Маңғыстау облысында мықты позицияны иеленеді.

Еңбек жолы осындай жетістік­тердан тұратын байланысшылар жаңа уақыт талабына іскерлікпен, біліктілікпен жауап беруде. 1999 жылы Жетібай және Қаламқас кен орындарындағы ATC-1100/2000 Харрис 20–20 MAP типіндегі 500 нөмірге арналған сандық телефон станциясына ауыстырылды, Жетібай, Қаламқас және Ақтау қалаларында «Motorola» типіндегі магистралдық жүйе орнатылып, іске қосылды.

2000 жылы Жетібай кен орнында «Жетібаймұнайгаз» ӨУ мен «Асар» кен орнының ғимараттарында, келесі жылы «Қаламқас» және «Жетібай» кен орындарында Радиус-2000 жүйелері толығымен іске қосылды.

2003 жылы «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ басқармалары мен бөлімшелері үшін қалалық автоматты телефон станцияларына байланыс желілері арқылы қолжетімділікпен ішкі байланысты ұйымдастыруға арналған шағын автоматты телефон станцияларын орнату және іске қосу жұмыстары жүргізілді. 2004 жылы Ақтаудағы «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ және «ҒӨО» ЖШС мұнайшылар емханасында байланыс кабельдері тартылды, телефондар орнатылды. Кабельдік магистральдар желісі айтарлықтай өсті, абоненттер саны көбейді.

Қазіргі таңда, «Мұнайтелеком» ЖШС құрылымы өндірісті автоматтандыру цехтарынан, сәйкесінше Ақтау қаласындағы, Қаламқас және Жетібай, Өзен кен орындарындағы байланыс учаскелерінен, телекоммуникация цехтарынан, күзет және өрт дабыл жүйесі сервисінің цехынан, метрологиялық қамтамасыз ету цехынан, бейінді құ­рылымдар мен аспаптар өндіру цехынан, сондай-ақ әкімшілік-басқару аппаратынан тұрады.

«Мұнайтелеком» ЖШС – тарихы бай, үлкен өндірістік қоры мен инновациялық-білім тәжірибесі бар кәсіпорын. Әрине, бұл – өз білімі мен біліктілігін, кәсіби шеберлігі мен қажыр-қайратын ортақ мақсат жолындағы іске аянбай жұмсаған байланысшы-мамандардың аға буыны мен кейінгі толқынның ерен еңбегінің нәтижесі. Осындай энтузиастардың бірі – Ұлы Отан соғысының ардагері, орденді байланысшы П.Г.Савин. Ол желілік электриктердің бригадирі болып жұмыс істеді. Жаңа технологияны енгізуге қатысқан Петр Григорьевичтің есімі 1978 жылы компанияның Құрмет кітабына жазылды. Сондай-ақ 1978-1979 жылдары жаңа технологияны енгізуге қатысқан И.Ю.Козловская, жас жұмысшылардың тәлімгері, жаңа техниканы енгізудің белсенді қатысушысы В.Б.Мухин, мамандығы бойынша «Үздік» атағы бар кабельші-дәнекерлеуші Ж.Нұрғалиев, жаңа техниканы енгізуге қатысқан үздік инженерлік-техникалық қызметкер В.П.Попов, Шевченко қаласының байланыс цехын басқарған, жақсы ұйымдастырушы Г.Н.Исенғалиев, Жетібай кен орны байланыс учаскесінің бастығы болып істеген, жаңа техниканы енгізуге қатысқан Ж.Д.Тұмаев, қалааралық коммутатордың телефон операторы В.И.Грищенко, жаңа техниканы енгізуге қатысқан радиобайланыс инженері В.И.Денисов, инженер, белсенді ұйымдастырушы және тәлімгер Н.С.Гноевый сынды байланыс саласы үздіктерінің есімі Құрмет кітабына жазылды. Олардың қатарында Жетібай, Өзен, Қаламқас мұнай кен орындарында байланысты қамтамасыз ету жұмыстарын ұйымдастыруға тікелей қатысқан, зертхана инженерінен «Мұнайтелеком» ЖШС өндірістік басқармасының бастығына дейінгі үлкен еңбек жолынан өткен, 33 жыл бойы осы кәсіпорында жұмыс істеген тәжірибелі басшы, тамаша тәлімгер Н.А.Манафов та бар.

ХХІ ғасырда компания алдында тұрған жаңа сын-тегеуріндерді Мұнайтелеком қазіргі заманғы командасы лайықты қабылдады. Жаңа ғасырда компания тізгінен қолға алған, ұжымда құрметке ие болып, жаңа өндірістер мен технологияларды енгізуді ұйымдастыруға белсене қатысқан Қ.Т.Аманбаев 2001-2016 жылдары «Мұнайтелеком» ЖШС директоры болды. 2018 жылдың шілде айынан бастап компанияны Ербол Мырза­бекұлы Мұқашев басқарады.

 ЖАҢА ҒАСЫР, ЖАҢА ТЕХНОЛОГИЯЛАР

 ХХІ ғасыр жаңа технологиялар әкелуде, жыл сайын кейбір өндіріс әдістері жойылып, неғұрлым техно­логиялық тың әдістермен ауыс­тырылуда. Осы ретте «Мұнайтеле­ком» ЖШС технологияларды үнемі жаңартып отыруға, көрсетілетін қыз­меттердегі технологиялық тиім­ділікті үнемі арттыруға бағытталған.

Қазіргі уақытта облыстың ішкі нарығында қызмет деңгейі мен сапасы бойынша Мұнайтелекомға тең келетін компания жоқ. 2019 жылы «Мұнайтелеком» ЖШС-і «Docu­mentolog» ЖШС-мен ынтымақ­тастық туралы меморандумға қол қойды және Батыс аймақ үшін ресми өкілі болды. Сонымен қатар, компания өндірісті қашықтықтан басқару, мұнай кен орындарын игерудің сандық басқару жүйесіне көшу жобаларын әзірледі. Электрондық құжат айналымы жүйе­сі біздің өмірімізге көптен бері еніп келеді, бірақ соңғы 5 жылда кең тарала бастады. Documentolog-ның аймақтағы елшісі ретінде жүйені енгізу, оқыту, реттеу, оны одан әрі дамыту Мұнайтелекомның мойнында, бұл компанияның қазіргі заман үрдісіне белсенді қатысуының көрінісі болып табылады.

Мұнайтелеком мамандары орындайтын қызметтің маңызды түрлерінің бірі өндірісті метрологиялық қамта­масыз ету болып табылады. Бұл бағытты дамыту үшін жөндеу-метрологиялық қызмет негізінде өлшеу және автоматика құралдарын жөндеу цехы құрылды. Барлығы дерлік 2002 жылдың наурызында нөлден басталды. Сол кезде өлшеу құралдарын жөндеу бойынша учаске ғана болды. 2006 жылы тексеру зертханалары үшін жаңа ғимарат салынды, жабдықтар орнатылды және өлшеу құралдарын тексеру зертханалары ұйымдастырылды. Жұмыс барысында цех өзінің қызмет түрлері бойынша жүйелі түрде ке­ңейтіле отырып, өлшеу құралдарын тексеру құқығына өзінің аккредиттеу аттестатын төрт рет растады. Бүгінгі таңда өлшеу құралдарын тексеру зертханасында 7 түрлі, атап айтқанда, жалпы мақсаттағы манометрлерді, соның ішінде электрлік жанасу манометрлерін, барлық типтегі оттегі манометрлерін, термометрлерді, кедергінің термотүрлендіргіштерін, термопараны тексеру, газ есепте­гіштерін, ГСК салмағының гидрав­ликалық көрсеткіштерін, тік және көлденең цистерналарды, контроллерлер, панельдік амперметрлер мен вольтметрлер сияқты электр өлшеу құралдарын тексеру жұмыстары атқа­рылады.

Мұнайтелеком метрологиялық қамтамасыз ету цехы Маңғыстау өңі­ріндегі ең үздіктердің бірі болып табылады. Арнайы дайындықтан өткен цех мамандары тексеру жұмыстарын жүргізу әдістемелерін терең біле отырып, Мемлекеттік стандарт органда­рының талаптарына қатаң сәйкестікте орындайды.

IT-технологиялардың қарқынды дамуына байланысты Мұнайтелекомда бизнеске озық инновациялық IT-ше­шімдерді енгізу және қолданыстағы ақпараттық жүйелердің үздіксіз жұ­мысын қамтамасыз ету үшін жоғары білікті жас мамандар командасын құру қажеттілігі туындады. Нәтижесінде Ақпараттық технологиялар орталығы құрылды, оның негізгі мақсаты ұйымның IT-инфрақұрылымын кешенді қолдау болып табылады – компьютерлерге техникалық қызмет көрсетуден бастап жаңа IT-шешімдерді енгізуге дейін. Ақпараттық технологиялар орталығы – бұл үлкен жұмыс тәжірибесі бар жоғары деңгейдегі кәсіби мамандардың ұйымшыл командасы. Орталық мамандары кен орындарында автокөлік қозғалысының GPS–мониторингін енгізумен және техникалық сүйе­мелдеумен; компьютерлік және ұйым­дастыру техникасына техника­лық қызмет көрсетумен және сүйемел­деумен; жер қойнауын пайдаланушы компаниялардағы процестерді ақ­параттандыру және автоматтандырумен; жаңа IT-шешімдерді енгізумен айналысады. Сондай-ақ компьютерлер мен ұйымдастыру техникасын жөндеу және техникалық қызмет көр­сету, картридждерді толтыру және жөндеу үшін құрылған қызмет көрсету орталығы жұмыс істейді.

Өңірдің көптеген көлік кәсіпорын­дары бизнестің басты IT-жүйелерінің бірі – компанияның көлік паркінің жұмысын оңтайландырудың нақты тәсілі ретінде Wialon жүйесі негізінде көлік мониторингін жоғары бағалай­ды. Жүйенің үлкен функционалдығы әртүрлі іскерлік мәселелерді шешуге мүмкіндік береді – нақты шығындар мен тасымалдаудың экономикасы, үнемдеу резервін іздеу, тәртіпті арттыру, жанармай үнемдеу, жүгірісті қысқарту, бос тұрып қалуды азайту және тағы басқалар.

Қазіргі уақытта, Мұнайтелеком Ақпараттық технологиялар орталығы өңірдің мұнай сервистік компания­ларының GPS-мониторинг жүйелеріне қызмет көрсетеді.

Бүгінде Маңғыстау қаласында тармақталған телефон желісін ұйым­дастыру, жаңа IT-технология­ларды енгізу және нысандарда жер­гілікті компьютерлік желілерді, олар­дың арасындағы деректерді беру арналарын, бейнебақылау қызметтерін ұйымдастыру бойынша көрсетілетін қызметтер спектрін кеңейту, Интернетке қолжетімділікті арттыру, байланыс сапасын жақсарту бойынша мақсатты жұмыс жалғасуда. Кәсіпорынның автоматика мен технологиялық процестердің өлшеу құралдарын, өрт және күзет дабыл жүйелерін жөндеу, монтаждау, баптау және техникалық қызмет көрсету, сондай-ақ бірқатар өлшеу құралдарын тексеру құқығына аккредиттеу бойынша кәсіби телекоммуникациялық жұмыстарды жүргізуге лицензиясы бар. Бүгінгі таңда ең заманауи жабдықтармен жабдықталған жөндеу және тексеру зертханалары бар.

Телекоммуникация саласында Мұнайтелеком абоненттерге жаңа қызметтерді таңдаудың кең мүм­кіндіктерін ұсынады: бұл – Қаламқас, Жетібай мұнай кәсіп­шіліктерінен және оларға іргелес жатқан шағын кен орындарынан деректерді беруді ұйымдастыру, жаһандық компьютерлік желіге қосылу, түрлі ақпараттық қызметтерді ұсыну, сондай-ақ шағын АТС, байланыс жүйелерін монтаждау және баптау, нысандарды телефондандыру, жылжымалы радиобайланысты ұйымдастыру бойынша қызметтерді көрсету.

Кәсіпорынды дамытудың басты бағыттары Маңғыстау түбегіндегі өз желісі көлемінің кеңеюімен, сондай-ақ сымсыз технологиялардың белсенді таралуымен байланысты. Ақтау қаласында, Маңғыстау, Ынтымақ, Дәулет, Қызыл-төбе, Жетібай, Мұнайшы кенттерінде және Жетібай, Оңтүстік Жетібай, Шығыс Жетібай, Асар, Бұрмаша, Тасболат, Ақтас, Оймаша, Қарақия, Қаламқас, Қаражанбас мұнай-газ кен орындарында орналасқан Маңғыстау түбегінің шалғай аудандарында өздерінің байланыс желілерінің болуы компанияның негізгі бәсекелестік артықшылықтары болып табылады.

«Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасында алға қойылған мақ­саттарға қол жеткізудегі бағыттың бірі 5.2-тармақ бойынша «Сандық мемлекетке көшу» болып табылады. Осы тұрғыдағы іс-шаралар жоспарының 56-тармағында кеңістіктік деректердің сандық түрде қолжетімділігі мен тиімді пайдаланылуына жағдай жасайтын кеңістіктік деректердің ұлттық инфрақұрылымын құру көзделген. Осы орайда Мұнайтелеком деректерді цифрландыру қызметін дамыту және оны көрсету ісін жүзеге асырады. Атап айтқанда, 2019 жылы аэрофототүсірілім бойынша жұмыстарды жүзеге асыру, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ тобының, сондай-ақ басқа да жер қойнауын пай­да­ланушылардың қажеттіліктері үшін ортофотопландар құру үшін ұшқышсыз ұшу аппараты сатып алынды. Геоақпараттық технологиялар­дың арқасында топографиялық жоспарларды жасау деректерді алу мен өңдеудің жоғары жылдамдығы­ның есебінен топографиялық жұмыс­тардың мерзімдері мен құнын қысқартуға көмектеседі. Таңертең – түсірілім, кешке – жоспар. Ұш­қышсыз түсірілім кешендері күніне 40 шаршы км-ге дейін түсіре алады. Борттағы геодезиялық ҒСНЖ қабылдағыш тіпті жердегі жоспарлы-биіктік негіздемесін пайдаланбай-ақ, сантиметрлік дәлдікті қамтама­сыз етеді. ҰҰА технологиялары топо­графиялық жұмыстардың мерзімі мен құнын айтарлықтай қысқартуға көмектеседі.

Лицензиялық учаскелерді эколо­гиялық бағалау және жер қойнауын пайдалану процесінде олардың жай-күйінің мониторингі – ҰҰА-ны пайда­ланудың перспективалы бағыты. Бұл жерде біз аумақтың түсірілімі нәтижелерінің соңғы нәтижемен (жергілікті жердің топографиялық жоспары) және геодеректердің жалпы базасы негізіндегі экология­лық ақпараттармен үйлесімділігіне иеміз. Геоақпараттық технологиялар бір аумақ бойынша гетерогенді деректерді біріктіруге және оларды аумақты өнеркәсіптік игеру процесінде табиғи кешендер мен антропогендік факторлардың әртүрлі өзара әрекет­тесуін ескеруді қамтамасыз ететін бірыңғай құрылымдалған ақпараттық массив түрінде ұсынуға мүмкіндік береді.

ҰҰА құралдарымен жерді қашық­тықтан зондтау (ЖҚЗ) – экологиялық мониторингтің ең тиімді құралы. Дау туындаған жағдайда ЖҚЗ деректері – біріктірілген топографиялық жоспары бар ортофотопландар (коммуникациялар, құбырлар, ұңғымалар, жергілікті жер бедері, көршілес шектесетін шаруа қожалықтары) табиғатқа келтірілген зиянның құжаттық дәлелі болып табылады.

 Мұнайтелеком командасы алғаш рет аспанға өзінің алғашқы ұшағын ұшырды. Сол кезден бастап-ақ өз­деріне қанат біткендей сезінген еңбек ұжымы биік армандарға сенімді қол созатын болды. Шын мәнінде, бұл – команданың басты құндылығының бірі.

2018 жылдан бастап Мұнайтелеком өзін отандық тауар өндіруші деп мақтанышпен айтады. Өйткені сол жылы компания төмен вольтты жиын­тық құрылғылары бар автоматика сандығы өндірісін жолға қойған. Төмен вольтты толық құрыл­ғылары бар автоматика сандығы – бұл технологиялық процестерді бас­қару, автоматтандыру және әртүрлі өндірістік процестер мен жүйелерді реттеу функцияларын орындайтын, электр энергиясын қабылдау мен таратуды, жабдықтың жағдайы мен қорғалуын қамтамасыз ететін металл сандықта орналасқан электр жабдық­тар кешені. Ондағы қазақстандық құрам 55%-дан астам, бүгінде автоматика сандықтары «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ тобы – «Өзенмұнайгаз» АҚ, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ жер қой­науын пайдаланушыларына табысты жеткізілуде.

Былтыр «NOTA-KZ» ультрады­быстық реверсивті шығын өлшеуіштер өндірісі жолға қойылды. Серіктестік отандық тауар өндіруші мәртебесін алды, бұл СТ-KZ тауарының шығу тегі туралы сертификатпен расталады және «Зияткерлік кен орны» бағдарламасын қолдау мақса­­тын­да Маңғыстау облысының кен орын­дарына кейіннен енгізу үшін «Самұрық-Қазына» холдингінің тауар өндірушілер тізіліміне енгізілді.

Сонымен қатар, бір әмбебап смарт-картасымен жұмыс істейтін «Мұнайтелеком» ЖШС кәсіпорынды басқарудың бірыңғай жүйесі әзірленді, ол бірнеше картаның функционал­дығын қамтиды: қызметтік куәлік, кәсіпорынға рұқсаттама, тамақтану картасы, жатақханаға рұқсаттама және т.б. қолжетімділікті бақылау және басқару жүйесі нысан аумағына бөгде адамдардың кіруінен қорғаудың тиімді құралы бола отырып, адамдардың ғимаратқа немесе үй-жайға кіруі мен шығуын автоматты түрде бақылауға мүмкіндік береді.

«Мұнайтелеком» ЖШС «Қаз­Мұнай­Газ» ҰК АҚ еншілес ұйым­дары­ның серверлік жабдықтарын орналастыру бойынша қызметтерді ұсыну, сондай-ақ серверлік жабдықты жалға беру бойынша қызметтерді ұсыну үшін 2020 жылы деректерді өңдеу орталығы құрылысын салуды жоспарлаған еді. Алайда, пандемияның кесірінен бұл жұмыс келешектің еншісіне қалды.

«Мұнайтелеком» базасында заманауи оқу орталығы жұмыс істейді. Орталық өндірістік қауіпсіздік және еңбекті қорғау, өрт және техникалық минимум, электр қауіпсіздігі сала­сындағы мамандарды даярлау, қайта даярлау және біліктілігін арттыру, сондай-ақ 3 тілде (мемлекеттік тіл, орыс және ағылшын) біліктілікті арттыру курстарын өткізеді.

 АДАЛ ЕҢБЕК, САЛАУАТТЫ ӨМІР, МӘНДІ ДЕМАЛЫС

 Мұнайтелеком өз қызметкерле­рі­не үлкен жауапкершілікпен қарайды, өйткені қай компанияның болсын ең басты ресурсы – кадрлар. Осы ретте мамандарды өсіріп-жетілдіру – баса көңіл бөлінетін іс-шара­лар кешені. 2019 жылы кеңседе жаңа заманауи спортзал салынып, арнайы бапкер шақы­рылды. Бүгінде кәсіпқой нұсқаушысы бар спортзал жұмысшылар арасында жақсы танымал.

Мұнайтелекомда жұмыс тәжіри­бесі мен шығармашылық әлеуеті зор мықты әрі тату команда қалыптасты. Кәсіпорынның мақтанышы, бұл – 350-ден астам кәсіподақ мүшесін қамтитын тәуелсіз қоғамдық бірлестік – Байланыс компаниясының кәсіп­одақ ұйы­мымен біріктірілген оның ал­дың­ғы қатарлы жұмысшылары, арда­­­герлері, спортшылары, жалпы қалалық іс-шаралар бел­сенділері. Қызметкерлердің құ­қықтары мен мүдделерін біл­діретін «Мұнайтелеком» ЖШС қызметкерлерінің жергілікті кәсіп­одағы» қоғамдық бірлестігінің басқару органы 6 адамнан тұратын кәсіподақ комитеті болып табылады.

Жыл сайын Мұнай және газ саласы қызметкерлері күні қарсаңында «Үздік аспаптар слесарі», «Байланыс бойынша үздік электромонтер», «Үздік көлік жүргізушісі» номинациялары бойынша «Мамандығы бойынша үздік» кәсіби байқауы өткізіледі. Компания қызметкерлері мұнайшыларға арналған жазғы Олимпиада ойындарының ашылуына да қатысады.

Ұжымда өз қызметкерлерінің мерей­тойлық күндерін салтанатты түрде атап өту дәстүрге айналған. Серіктестік қызметкерлері сала­уатты өмір салтын ұстану және спорт­тық жарыстарға қатысу үшін үнемі спорттық-сауықтыру орта­лық­тарында, спорт залдарында болады. Мерекелерге орай кәсіпорында мәдени шаралар мен түрлі жарыстар ұйымдастырылады.

Қайырымдылық жасау ұжымның абыройлы ісіне айналды. Кәсіп­одақ зейнеткерлерге қайырымдылық көмек көрсетіп, бұл шараға үлкен мән береді. Компания қызметкерлерінің балаларына ерекше назар аударылады. Оқу жылын сәтті аяқтаған балалар ға сертификаттар мен ынталандыру сыйлықтары беріледі. Серіктестік ұжымы жыл сайын мектеп жасындағы бала­лардың жазғы демалысын жақсы өткізуіне жағдай жасайды.

Мұнайтелеком кәсіпорынның бо­лашағын компанияны дамытуға өз білімі мен қабілет-күшін жұмсауға дайын жаңа толқын – жастармен байланыстырады. Осынау игі мақсатта құрылған Жастар кеңесі өз жұмысын жас буынның аға ұрпақтың өнегелі еңбек жолын жалғастырып, жаңа заман талаптарына жауап бере алар биіктерден көрінуіне бағыттайды, кә­­сіпорынның қоғамдық-әлеуметтік өміріне де белсене қатысады.

РЫМТАЙ САҒЫНБЕКОВА

2083 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы