• Үкімет: келелі міндеттер көшінде
  • 03 Желтоқсан, 2020

Сандық агроөнеркәсіп, әлеуметтік оңалту: Шаралар берік болса – нәтиже биік

Үкіметте агроөнеркәсіптік кешенді және жер қатынастарын цифрландыру барысы қаралды. Одан бөлек, мүмкіндігі шектеулі жандарды әлеуметтік қорғау мәселелері талқыланды. Премьер-министр А.Мамин бұл бағыттағы іс-қимылдар жоспарын пысықтап, тиісті тапсырмаларды белгіледі.

Nur Otan партиясының сайлауалды жаңа бағдарламасында АӨК-тегі еңбек өнімділігін 2,5 есе өсіріп, өнім экспортын екі есе ұлғайту міндеті қойылған, бұл ретте оның 70%-ы өңделген болуы керек. Сондай-ақ жалпы ауыл шаруашылығы өнімінің көле­мін 1,3 есе ұлғайту қажет. 5 жыл ішінде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 50 млрд теңге 100 млн гектардан астам ауыл шар­уашылығы мақсатындағы жер­лерді цифрландыруға инвестицияланады. Өсімдік шаруашылығы мен мал шаруашылығындағы цифрландыру жиналатын астық пен мал шаруашылығы өнімін 20%-ға дейін арттыруға мүмкіндік береді. Ал фермерлер шығыны­ның қысқаруы –15%-дан асады. Алдағы уақытта цифрландыру есебінен астық жинау жылына 25 млн тоннаға дейін ұлғаймақ. Қазірде жер қатынастарын цифрландыру аясында жер телімдері, құрылыстар мен ғимараттар жөніндегі деректерді қамтитын Жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастрын құру жұ­мысы жүргізіліп жатыр. Үкімет Парламентке тиісті заң жобасын енгізді, ол көптеген қызметтерді электрондық форматқа көшіруге, жер телімдерін беру тәртібін жеңілдетуге және жалпы халыққа көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсартуға жол ашады.
Үкімет басшысы атап өткендей, алға қойылған міндеттерге қол жеткізудегі басты құралдардың бірі – еліміздің агроөнеркәсіп кешенін толық цифрландыру. Ол өнім өндіруге жұмсалатын шығындарды азайтуға, оның сапасы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді. Осы ретте А.Мамин ауыл шаруашылығы және цифрлық даму министрліктеріне, сондай-ақ өңірлердің әкімдіктеріне бір ай ішінде АӨК және жер қатынастарын одан әрі цифрландырудың жол картасын әзірлеуді тапсырды. Сонымен бірге келесі жылы жер қатынастарын цифрландыру жөніндегі жұмысты аяқтау, жер учаскелерін ресімдеу процесінің ашықтығын қамтамасыз ету және оларға құжаттар беру мерзімін 1 жылдан 20 күнге дейін қысқарту тапсырылды.
Nur Otan партиясының жаңа бағдарламасына сәйкес, алдағы 5 жылда жұмыспен қамтылған мүгедектігі бар адамдардың үлесі 30%-ға өсуі тиіс және де олар ме­­­­дициналық оңалтумен 100% қам­тылады. Мүмкіндігі шектеулі жандардың құқығын қорғау және тұрмыс сапасын жақсарту үшін Қазақстанда 2025 жылға дейінгі ұлттық жоспар іске асырылып жатыр, ол 64 кешенді іс-шарадан тұрады. Биыл мүгедектерді әлеу­меттік қамсыздандыруға 448 млрд теңге жұмсалды, бұл өткен жылғыдан 12%-ға көп. Тұңғыш рет мүгедектер арбаларын жасайтын отандық өндіріс іске қосылды, бұл аталған арбаға мұқтаж адамдарды бес жыл ішінде толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Мүгедектігі бар адамдарға ұсынылатын кәсіптер мен жұмыстар анықтамалығы әзірленіп жатыр. Мүмкіндігі шек­теулі жандарды медициналық оңалтумен қамту үлесі биыл 60%-ға дейін, 2021 жылы 75%-ға дейін арттырылады. Көлік саласында оны мүмкіндігі шектеулі жандар пайдалана алуы үшін елеулі жұмыс атқарылды. Жол жүру үшін жеңілдікті жағдайлар жасалды. Вокзалдардың 93%-ы мүгедектерге қызмет көрсету талаптарына сәйкес келеді. Барлық жолаушылар пойыздары 100% мүгедек арбаларымен жабдықталған.
Премьер-министр мүмкіндігі шектеулі жандарды әлеуметтік қорғау – мемлекет баса көңіл аударатын өте маңызды мәселе екендігіне тоқталып, мүгедек жандарға қолайлы орта құрудың маңыздылығына назар аударды. А.Мамин жыл соңына дейін мүмкіндігі шектеулі жандар үшін 100% кедергісіз қолжетімділікті қамтамасыз ету жөніндегі жол картасын әзірлеуді тапсырды. Әкімдіктерге мүмкіндіктері шектеулі жандарды Әлеумет­тік қызмет көрсету порталы арқылы оңалту құралдарын алу дағ­ды­ларына оқытуды жандандыру, Цифрлық даму министрлігімен бірлесіп, Жұмыспен қамту орта­лықтары мен ХҚКО-ларда мүгедек адамдар үшін өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтарын ұлғайту тапсырылды. Денсаулық сақтау министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп, мүгедектіктің алдын алу үшін сырқаттарға диагностиканы ерте жүргізуге көңіл бөле отырып, мүгедектерге оңалту көмегін күшейту, салынып жатқан барлық оңалту орталықтарын уақытылы пайдалануға беруді қамтамасыз ету жүктелді. Ал Білім министрлігі әкімдіктермен бірлесіп, келесі жылы балаларды инклюзивті біліммен қамтуды 50%-ға дейін кеңейтуі, білім беру бағдарламаларының мазмұнын және педагогтарды даярлауды өзектендіруі, түзету кабинеттері желісін және психологиялық-медициналық және педагогика­лық комиссиялардың қызметін кеңейтуі тиіс. Сонымен қатар Индустрия министрлігіне мемлекеттік органдармен және өңірлердің әкімдіктерімен бірлесіп, вокзалдарды жаңғыртуды аяқтау және қоғамдық автобус паркін мүмкіндігі шектеулі жандарға қызмет көрсету талаптарына толық сәйкестендіру тапсырылды.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

205 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы