• Руханият
  • 10 Желтоқсан, 2020

Болашаққа аманат немесе сурет шерткен сыр

«...Біріншіден, ХХІ ғасырдың ұрпағы терең білімді

болғаны жөн».

 Қ.К.Тоқаев

 Тарих дәуірлер мен кезеңдерден тұрады. Сол тарихтың, Қасым ақынша айтсақ, «Арбасып тұрып алған Арпалыс ала құйын заманалардың» аласапырандарында алмас қылышпен мүсінделген болмыс-бітімі сайын далада балбал тастарға қашалып, бітікшінің алагеуім құжырасында қара сия, қауырсын қаламмен жылнама парақтарына түскені әмбеге аян. Ал, бүгінде зымыран заман тауарихы бейнетаспада хатталып, фотобаян арқылы жадымызда жаңғырығып тұр. 

Осындай фотошежіренің бірі «Қазақ газеттері» ұжымының өткені мен кеткеніне, оның кере­гесін керіп, уығын шанышқан аяулы азамат, қазақ баспасөзінің қара нары Жүкеңнің, Жұмабек Кенжалин ғұмырының мыңнан бір мезетінен сыр шертеді.

Және осынау жәдігердің Пре­зидент Қасым-Жомарт Тоқаев­тың биылғы халыққа Жол­да­уында айтылған «Жаңарған ұлт қана жаңғырған елдің жетістігін жаһан жұртына таныта алады» деген тұжырымына тікелей қатыстылығының бейнелік мәні болса керек.

Өткен күнде белгі бар… Бұ­дан сегіз жыл бұрын, 2012-нің «қараша, желтоқсан мен сол бір екі айында» «Қазақ газеттерінің» өкілі Польша Сыртқы істер министрлігінде ұлттық баспасөз тарихындағы тұңғыш халықаралық журналист ретінде тіркеліп, тілшілік қызметіне кіріскен-тін. Жүкең ұжым басшысы ретінде аталған өкілге қызметтік куәлігін тапсырып, шығармашылық міндеттерін айқындау әрі бей­таныс жердің тыныс-тірші­лі­гімен танысып қайту үшін 2013 жылдың қаңтар айының соңын ала Польшаға келген-тін. Сол кездегі республикалық «Дала мен қала» газетінің бас редакторы Сапарбай Парманқұлов екеуін ел астанасы Варшавада Польшадағы Қазақстан Елшілігінің мәдени мәселелер бойынша кеңесшісі Асқар Әбдірахманов қарсы алды. Елшімен ресми жолығысудан соң қаланың тарихи орындарымен танысқан қос қаламгерді дипло­мат Асқар өз көлігімен іңір қараң­ғысында Познань қаласына алып келді.

Поляктың ұлы ақыны Адам Мицкевичтің ізі қалған осынау ірі мәдениет және өнеркәсіп мәрказында орталық Еуропадағы байырғы оқу орындары қоныс тепкен. Іргесін 1518 жылы епис­коп Ян Лубранский академия ретінде қалағанымен, қазіргі заманғы университет сипатына өткен ғасырдың 1918 жылы ие болған Адам Мицкевич атындағы Познань әуниверситеті біраз жылдар беделінде дәстүрлі түрде өткізіп келе жатқан «Жиырма­сыншы ғасырдағы Еуропа» атты халықаралық ғылыми-тәжіри­белік конференция сол жолы кәрі құрылықтың көптеген өлке­лерінен, бұрынғы кеңес рес­пуб­ликаларынан келген жақсы мен жайсаңдардың басын қосқан-ды. Ғылыми жиын осы қонақ­жай шаңырақ пен Одердағы Франк­фурт шаһарының Виадрин Еуропалық университеті бірлесіп құрған Коллегиум Полоникум оқу ордасында, Одер өзені жаға­сындағы Слубице қаласында өтті. Кезінде Пруссия қарамағында болған Франкфурт пен Слубицені бірнеше көпір жалғастырады.

Ауа райы жұмсақ орталық Еу­ропаның қаңтары мен ақпаны Арқаның қоңыр күзін еске салады. Мол сулы Одердің қорғасын түсті толқындары темір бетон тіреулерін соққылап жатқан кең көпір бойымен екі жүз қадам аттаған соң Германия жеріне аяқ іліктіргеннен кейін қыздың жиған жүгіндей неміс кафесінен сүт қосқан қою кофені баппен ішіп, конференцияға бет алдық. Алда – Жүкеңнің мәртебелі меймандар алдында он тоғызыншы ғасыр­дағы қазақ қоғамының ахуалын ғылыми-публицистикалық туын­дыларына өзек еткен Адольф Янушкевич шығармашылығы хақында жасайтын баяндамасы. Баяндаманы мен қазақшадан орысшаға алдын ала аударғанмын, орыс пен поляк тілдері төркін­дес болғандықтан Асқар поляк­шаға менің нұсқамнан қотарды. Жүкеңнің конференциядағы сөзін мың болғыр Асқар полякшаға ілесе тәржімалап тұрды. Баяндаманы тыңдармандар ықыласпен қабыл алды.

Жүкеңнің Польша оқу ор­нында көсіле сөз сөйлеуі, Познань университетінің саяси ғылымдар және журналистика факультеті­нің деканы, профессор Тадеуш Вал­лас­тың құрметті мейманы болуы айтуға тұрарлық оқиға. Кейін Алматыға ат ізін салған польша­лық қонақтарды Жүкең де сый-сияпатпен күтіп алды.

Тілге тиек болғалы отырған келесі оқиғаның жоғарыда айт­қандай тарихи сипаты бар, дер едім. Шет жұрттағы сол жиынға қазақ зиялыларының алдың­ғы толқынынан ғалым Кәкен Қамзин, оған жетеқабыл Жүкең бастап, Сапарбай қоштаған біз, орта буыннан профессор Гүлмира Сұлтанбаева, жас өркеннен он­шақты магистрант қатысқан-тын. Мемлекет басшысы Жолдауда айтқанындай, «әр буынның маңдайына түрлі сынақ жазылған». Ал, «қазіргі міндет – халқымыздың жаңа болмысын қалыптастыру, тұтас ұлт сапасын арттыру». Алыс көкжиекті көздейтін бұл бағдар биік мінберден бүгіндері естілгенімен, осынау пайымды пікір, салмақты ой сол кездің өзінде көзіқарақты жұрттың кө­кейінде-тін. Таудың зеңгірлігі алыстағанда аңғарылатынындай, ұлтымыз, қоғамымымыз дамуы­ның толғақты түйіндері шет өлкеде жүргенде айырықша сезіледі екен. Ол түйіндердің бір парасы ұрпақ тәрбиесіне қатысты. Президент «ХХІ ғасырдың ұрпағы терең білімді болғаны жөн» деп атап өт­кеніндей, ендігі әңгіме сол ұрпақ туралы.

Соңғы оншақты жыл ішінде шет елдердің іргелі уни­верситеттерімен баянды бай­ланыс жолға қойылып, ба­калаврлар мен магистрант­тардың, докторанттардың сол оқу орындарында ғылыми тағы­лым­дамалардан өтуі, конфе­рен­цияларға қатысуы дәстүрге айналды. Сол жолы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық уни­верси­тетінен ғалым Гүлмира Сұлтанбаеваның жетекшілігімен келген оншақты магистрант Слубицедегі және Краковтағы ғылыми конференцияларға қатысты, Николай Коперник атындағы Торунь университетін­де болды. Білім іздеген естияр жандардың қиыр өлкеге келуі емес, аяғын тәй-тәй басқан бір жасқа толар-толмас сәби Әйкеннің анасымен бірге жол жүруі еді жұрт назарын аударған. Ұстаз парызын терең сезінетін Гүлмираның өз магистранттарының тағылым­дамасына жауапкер­шілікпен қарап, күтімді қажет ететін нәрес­темен сапарға шығуын Жүкең бастаған ағалары ерлікпен барабар санаған-тын. Оның алдында ол бөпесін құшақтап, Гонконгқа барған екен.

  Саяхатшы атанған сол Әйкен Әбдіхан бүгінде Алматыдағы №148 қазақ мектеп-гимназиясының 4-ші сыныбының озат оқушы­сы. Назарларыңызға ұсынылып отырған осынау фотобаяндағы өзін ол жазбай танитын болар. Бүгінгі «Z» ұрпақтың өкілі өмірден мезгілсіз өткен Жұмабектей атасының аманатын есейе келе аңғарар, өз буынының маңдайына жазылар сын-сынақтың салма­ғын сезінер. Сурет сыры осыған үндейді.

ЖЕТПІСБАЙ БЕКБОЛАТҰЛЫ

259 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы