• Өндіріс өрісі
  • 10 Желтоқсан, 2020

YDD Corporation: Өндіріс артып, әлеует нығайды

Қарағанды ферроқорытпа зауыты – әлемдік өнеркәсіптегі үдемелі даму мен цифрлану үрдісіне сай қарқынды жұмыс істеп келе жатқан бірегей кәсіпорын. Ферросилиций өндірісінің отандық көшбасшысы өңірлік қана емес, жаһандық металлургия саласында да ерекше орын алады.

Кәсіпорын негізінен болат, шойын қорытпаларын балқыту және легирлеу кезінде металдардың механикалық және коррозияға төзімділігін жақсарту үшін қолданылатын жоғары сапалы ферросилиций өндірумен айналысады.

Бұл өнім өнеркәсіптік, азаматтық құрылыста, кеме, әуе, автомобиль өндірісінде және басқа да салаларда қолданылады. Зауытты салу кезінде Индустрияландыру 4.0 бағдарламасының параметрлеріне сәйкес келетін әлемдік деңгейдегі технологиялар қолданылып, өндіріс заманауи сандық технологиялармен жабдықталған. Әлемдегі ең экологиялық таза кәсіпорындардың бірі саналатын өндіріс ошағында орнатылған газ тазарту жүйесі ауаны тазартудың жоғары деңгейін қамтамасыз етеді. Зауыттың өндіріс­тік қуаты – жылына 180 мың тонна өнім. Ал жобаның қазақстандық мазмұнының үлесі 95%-дан асады.
Жуырда заманауи және жоғары технологиялық кешенде үшінші пеш іске қосылды. Бұл кәсіпорынның жалпы өндірістік қуатын 30%-ға арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға түрткі болады. «YDD Corporation» ЖШС құрылтайшысы Ерлан Нығматулин атап өткендей, команда алғаш рет пешті шетелдік мамандардың көмегінсіз іске қосып отыр. Сондықтан да зауыттың өнімділігін арттыру бойынша мақсатты жоспарларды жүзеге асыра алған қызметкерлердің, серіктестердің, мердігерлердің еңбегі зор. Демек, бұл мысал кәсіпорында отандық тауарды халықаралық деңгейге шығаруға қабілетті жоғары білікті мамандар еңбек ететіндігін тағы да дәлелдейді.
– Зауыт өнімі сапа саласындағы ең жоғары әлемдік талаптарға сәйкес келеді. Пандемия кезеңінде біз сату географиясын 15 елге кеңейтіп, еліміздің экспорттық әлеуетін дамыта алдық. Қазіргі уақытта зауыт әлемнің 37-ден астам еліне өнім экспорттайды. Негізгі өткізу нарықтары – Жапония, Оңтүстік Корея, Еуропа, Америка және тағы басқа елдер, – дейді ол.
YDD Corporation құрылтайшысы Давид Кемертелидзе Қарағанды ферроқорытпа зауыты әлемдік инвестициялық қоғамдастыққа Қазақстан экономикасының мүмкін­діктерін, еліміздің басшылығы құрған инвес­тициялық климатты паш ете­тінін атап өтті. Ол әлемнің түрлі елдерінде, соның ішінде дәстүрлі инвестициялық климат тартымды болып саналатын Еуропада жұмыс істей жүріп, еш жерде біздің елдегідей мемлекет тарапынан инвесторлар үшін ойластырылған және функционалдық сервисті кездестірмегенін жеткізді.


Бүкіл әлемдегі қалыптасып отырған жағдайға қарамастан, пешті іске қосу жоспарланған кес­теге сәйкес жүргізілді. Компания акционерлерінің ауысымдық жұмыс кестесінен вахталық жұмыс әдісіне көшу үшін барлық қажетті жағдайларды жасауының арқасында Covid-19 пандемиясының бірінші толқыны кезінде өндірістің ағымдағы көлемі сақталып қалды. Пандемия, әсіресе төтенше жағдай кезінде, халық үшін нағыз сынақ болды. Осындай қиын-қыстау кезеңдерде компания қарағандылықтар үшін қосымша жұмыс орындарын құра алды. Тағы бір пештің іске қосылып, өндірістің кеңеюі аймақтың дамуына серпін беріп, оң мультипликативті әсерді қалыптастырары сөзсіз.
Күрмеулі кезеңде азаматтық бастама көтерген зауыт құрылтай­шылары алғашқылардың бірі болып мемлекетке өздерінің тарапынан қол ұшын созып, отандастарымызға қайырымдылық көмек пен қолдау көрсеткені мәлім. Компания төтенше жағдай кезінде мемлекеттің іс-қимылын қолдау үшін құрылған Қарағанды облыстық қорына 100 миллион теңге бөлді. Сондай-ақ, шілде айында коронавируспен ауыратын науқастарды емдеу үшін Қарағанды облысының ауруханаларына 100 оттегі концентраторын, пульсоксиметрлер мен «Эноксапарин» препаратын беріп, гуманитарлық көмек көрсетті. Ал тамыз айында емханалардың мобильдік топтарының жұмысы үшін емдік іс-шараларды жүргізуге, ауруханаға дейінгі кезеңде науқастарды тасымалдау мен олардың жай-күйіне мониторинг жүргізуге арналған және шұғыл медициналық көмек чемодандарымен жарақтандырылған 10 жеңіл машина өтеусіз берілді.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

316 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы