• Үкімет: келелі міндеттер көшінде
  • 10 Желтоқсан, 2020

ЖОО: Оқу сессиясы қалай өткізіледі?

Қазірде жоғары оқу орындарында оқу қашықтан және аралас форматта жүруде. ЖОО-лар бұл өзгерістерге анағұрлым дайын болғанымен, көптеген ұйымдастырушылық мәселелерді шешуді қажет етті. Еліміздің білім ордаларындағы сессияның басталуы төңірегіндегі мәселелер ОКҚ алаңында кеңірек баяндалды.

Бүгінгі таңда студенттердің 84%-ы қашықтан және 16%-ы аралас форматта оқып жатыр. ВАК-та коронавирус инфекциясына қарсы іс-қимыл бойынша тиісті шешім қабылданып, оған сәйкес педагогикалық, гуманитарлық, әлеуметтік және АТ бағыттары бойынша оқыту тек онлайн-режимде жүзеге асырылуда. Ал медицина, инженерия секілді әрі қарай қашықтан оқыту қиындық туғызатын мамандықтар аралас форматта оқытылып жатыр. Осылайша, офлайн және онлайн оқытуды қолдана отырып, аралас формат жаратылыстану ғылымдары, техникалық ғылымдар, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, өнер секілді салаларда қолданылады. Бұл жағдайда дәрістер мен семинарлар онлайн режимінде өткізіледі. Зертханалық және практикалық сабақтар сани­тарлық режим мен әлеуметтік дистанцияны сақтай отырып, күндізгі форматта өтеді. Қашықтан оқыту үшін білім беру мекемелері қажетті цифрлық инфрақұрылыммен жаб­дықталған. «Әрине, ЖОО-лардың инфрақұрылымына қатысты сұрақтар әуел бастан болды және олардың қашықтан оқыту формасына көшуі көптеген жылдар бойы дайындық тұрғысынан болжамды процесс-тін. Осы бағытта жоғары оқу орындары серверлік мүмкіндіктерді нығайтып, түрлі жүйелерді, яғни білім беру платформаларын сатып алды, байланыс арналарын кеңейтті», – деді білім және ғылым вице-министрі Мирас Дәуленов.
Оның айтуынша, оқытушылар мен студенттерді цифрлық дағ­дыларға оқытуға, ноутбуктер сатып алуға, виртуалды зертханаларда оқы­туға байланысты мәселелер туындады. Қашықтан оқытудың сапасы мен деңгейін қамтамасыз ету үшін қаражат бөлу қажет болды. Бүгінгі таңда ЖОО-лар АТ инфрақұрылымға инвестициялау бойынша үлкен жұмыс атқарды. Білім министрлігі оқу құнын көтермеу туралы ұсыныстар берді. ЖОО жатақханаларында тұру және қашықтан оқыту үшін барлық жағдайлар жасалған. Жоғары оқу орындары интернетке немесе қажетті компьютерлік техникаға қол жеткізе алмайтын білім алушыларға қолдау көрсете­ді. Олар үшін жатақханаларда санитарлық-эпидемиологиялық режимді, қашықтан оқыту тәртібін сақтай отырып, өмір сүру үшін барлық жағдай жасалған. Бүгінде барлық жатақханалар штаттық режимде жұмыс істейді. Сонымен қатар егер семес­трдің басында жатақханаларда шамамен 15 мың студент тұрса, бүгінде 7 мың студент тұрады. Олар – негізінен шалғай өңірлердегі интернет қолжетімсіз жерде тұратын студенттер. Оқу залдары, компьютер­лік сыныптар, конференц-залдар, тұрмыстық және душ бөлмелері жабдықталған, Интернетке сымсыз қосылу желісі жұмыс істейді. Әрбір жатақханада қауіпсіздікті қамтамасыз ету және төтенше жағдайларды болдырмау үшін жауапты тұлғалар белгіленген. Жатақханаларда санитарлық сипаттағы тиісті шаралар қабылданды.
Сонымен қатар ЖОО-ларда емтихан академиялық күнтізбеге сәйкес өтеді. Вице-министрдің айтуынша, ЖОО-лар аймақтарға бөлуге, қашықтан оқытуға арналған жүйелер орнатылған сабақ бөл­мелерін дайындауға қомақты қара­жат жұмсады. Сессия кезінде студенттердің барлық жазбаша жұмыстары плагиатқа тексеріледі. БҒМ әзірлеген шектеу шаралары кезінде оқу процесін ұйымдастыру жөніндегі әдістемелік нұсқауларға сәйкес ЖОО-лар аралық және қорытынды аттестаттау рәсімін прокторинг жүйесімен, сондай-ақ студенттердің барлық жазбаша жұмыстарын антиплагиат жүйесі арқылы бірегейлікке тексерумен қамтамасыз етеді. Вице-министр атап өткендей, академиялық адалдық – бұл студенттің өз білімі мен құралдарын пайдалануы және емтиханды адал тапсыруы. Мысалы, елдің медициналық жоғары оқу орындарының бірінде студенттер прокторингті қолдана отырып өздерін емтихан тапсырудан босатуды сұраған жағдай болған. «Бірақ медициналық жоғары оқу орындарының студенттері бұл туралы сұраса, біз сонда қандай дәрігерлерді даярлап шығарамыз, деген заңды сұрақ туындайды. Студенттер емтихан тапсыра алмаймыз деп қорқады, қандай да бір академиялық әділетісздік болады деп алаңдайды. Біз әсіре­се, медициналық жоғары оқу орындарының студенттері үшін бұл дұрыс емес деп санаймыз», – деді ол.
Осы қыста сессия тиісті шараларды сақтай отырып, штаттық режимде өтеді. Қашықтан оқи­тын студенттер бұл сессияны қашықтық форматында тапсырады. 26 қарашадан бастап жоғары оқу орындарында сессия басталды. Сессия негізінен ағымдағы жылдың соңына дейін аяқталады. Яғни, студенттер жаңа жылға қарай барлық тиісті емтихандарын тапсырып, демала алады. Күндер әр университеттің академиялық күн­тізбесіне байланысты. «Бүгінгі таңда академиялық үлгермеушілік жоқ. Қандай да бір академиялық қарызы бар студенттер академиялық кредиттерін жазғы семестрге ауыстырып, пәндерді сол кезде тапсыра алады», – деді М. Дәуленов.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

263 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы