• Руханият
  • 24 Желтоқсан, 2020

Өз ұлын, өз ерлерін ескермесе, ел тегі қайдан алсын кемеңгерді?!

Шәмші әлемін кеңінен насихаттау, замандастары мен өнердегі ізбасарларын композитордың туған топырағына шақыру мақсатында Түркістан облысы әкімдігі мен Тұран экспресс компаниясы бірігіп, қазақтың бір топ зиялыларына,  БАҚ саласында жұмыс істеп жүрген қаламгерлерге арнайы «Шәмші Қалдаяқов» пойызымен бір күндік сапар ұйымдастырды.

 

Түркістан қаласындағы «Ақжайық» музыка мектебінің алдында Шәмші Қалдаяқов­тың ескерткіші қойылды. Ес­керткіштің ашылу салтанатына облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Әлімжан Құртаев, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Көпен Әмірбек, музыкалық продюсер Қалдыбек Құрманалиев, Алматыдан «Ш.Қалдаяқов» поезымен арнайы келген қонақтар, зиялы қауым өкілдері мен журналистер қатысты.

«Түркістан облысы – қазақ даласына қаншама дарындарды сыйлаған киелі мекен. Әнімен кең даланы тербетіп, Қазақ вальсінің королы атанған, Қазақстан Рес­публикасы Әнұранының авторы Шәмші Қалдаяқовтың туғанына биыл 90 жыл толып отыр. Отырарда туып, ән падишаһы атанған, қайталанбас дарын иесінің есімін ұлықтау – бізге артылған абыройлы міндет. Түркістан қаласының жаңа орталығында бой көтерген композитордың ескерткіші – облыс жұртшылығына, қазақ еліне мереке қарсаңында тамаша тарту болып отыр», – деді Түркіс­тан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев.

Қоладан құйылған ес­керт­кіштің биіктігі – 2,5 метр, ұзын­дығы – 3,5 метр. Авторы – Қазақ­стан­ның Еңбек сіңірген өнер қайраткері, кәсіби шебер мүсінші Тілеуберді Бинашев. Ескерткіш демеушілер есебінен жасалды.

Композицияға келер бол­сақ, бұл – Қалдаяқовтың шығар­машы­лық ой үстінде отырған сәті. Сазгер бейнесінің жас жеткін­шек­терді өнерге, мәдениет­ке баули­тын «Ақжайық» музыка мек­те­­­бі­нің ауласында бой көтеруі – заң­ды­лық. Халықтың суретке түсуі­не, жақы­нырақ келіп көруіне ың­ғайлы.

Заманауи үлгіде салынған «Ақ­жайық» музыка мектебінде 120 бала өнердің 18 түрінен дәріс ала алады. Атап айтқанда, мұнда оқушыларды домбыра, фортепиано, скрипка, баян, саксафон, қобыз, гитара, ұрмалы аспаптар, вокал, жетіген, ксилофон, литавра сияқты музыкалық аспаптарда ойнауға баулиды. Қазіргі таңда, аталған сыныптарға дарынды балаларды іріктеу арқылы қабылдау жұмыстары басталып кетті. Мектепте жас  өнерпаздарға консерватория түлектері ұстаздық етеді. Яғни, кәсіби музыкалық білімі мен шеберлігі жоғары мамандар мұғалім ретінде қабылда­нуда. Келешекте үлгерімі жақсы шә­кірттерден жоғары деңгейлі оркестр құрылатын болады.

Қос қабаттан тұратын сәулет­ті ғимарат музыкалық аспапта сабақтар өтуге барынша лайық­талған. Мәселен, мектеп­тегі барлық оқу сыныптары ак­кустикалық заңдылықтарға сай жабдықталып, әрбір сынып­тарға дербес компьютерлер мен интерактивтік тақталар орна­тылған. Одан бөлек, өнер ордасында арнайы оркестр, хор кластары мен конференц залдары және 550 орындық үлкен концерт залы қарастырылған.

Қазақ руханиятының жандануына өлшеусіз үлес қосып, бүкіл қазақ жерін тербеткен Шәмші бейнесі жас өнерпаздар­ды ізгілікке бағыттайтын бағдар болары сөзсіз. Түркі жұртының рухани астанасы – Түркістан қаласында дарынды тұлғалардың есімі ұлықталуы – қазақ руха­ниятындағы ілкімді істің бірі.

Айта кету керек, бұдан екі жыл бұрын Түркістан облысына қарасты Отырар ауданында вальс королінің құрметіне «Шәмші» саябағы ашылған болатын. Қара топырағында табанының ізі қалған, өз есімімен аталатын ауылда ел игілігіне берілген саябақ төрінде аса көрнекті сазгер, музыканың әйгілі майталманы, Қазақстан мәдениетіне еңбегі сіңген қайраткер, Қазақстанның халық әртісі Шәмші Қал­да­яқовтың еңселі ескерткіші бой көтерді. Саябақтың ашылу салтанатында аудан әкімі Ерлан Айтаханов ауыл тұрғында­рын құттықтап, композитор саябағы мен ескерткішінің лентасын қиған еді. Аумағы атшаптырым демалыс орны ою-өрнекті қоршаумен бекітіліп, қылқан жапырақты 100 түп ағаш және жергілікті климатқа бейімделген 600 түп қара ағаш отырғызылған. Әдемі аяқ жолдардың бойына 14 орындық қойылып, келушілердің демалуына жағдай жасалды. Жауын мен ыстық күннен қорған болатын 4 ратон да саябақтың әрін кіргізді. Сол кездегі шарада мемлекеттік гимн авторы құр­метіне бой көтерген нысанға ауыл қариялары жүрекжарды лебіздерін айтып, ақ батасын берді. Одан әрі салтанатты шарада ұлы сазгердің балалық шағынан көріністер қойылып, қазақ даласын әнмен тербеткен сазгердің әндері шырқалған болатын.

НҰРЛАН ҚҰМАР

390 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы