• Бизнес & Қоғам
  • 07 Қаңтар, 2021

Ұлттық сапа орталығының игі істері

Осыдан бір жылдай бұрын Үкіметтің кезекті отырысында 2015-2019 жылдарға арналған «Нұрлы жол» инфрақұрылымдық даму мемлекеттік бағдарламасын іске асыру барысы қорытындыланып, 2020-2025 жылдарға арналған жобасын іске асыру қолға алынған болатын. Соның аясында еліміз экономикасындағы аса маңызды сала – автомобиль жолдары құрылысы, оларды жөндеу және қалыпты күйде күтуіне көңіл бөлу жұмыстарына жете мән берілді. Осындай игі істерді жүзеге асырумен тікелей айналысу мақсатында арнайы «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» РМК құрылып, ол бірталай оңды шаралар ұйымдастырған болатын. Төменгі шолуда кәсіпорын Баспасөз қызметінің жетекшісі Нұрбол АЛМАНОВ тындырылған жұмыстары туралы әңгімелейді.

2020 жылы «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» РМК маман­дары 26 400-ден астам жол-құрылыс материалдарынан сынама алған. Солардың қорытындысына сәйкес: 6 мыңнан аса талапқа сәйкес еместік анықталып, 9 мыңнан астам кемшіліктер (бұзу­шылықтар) анық­талды. 2,5 млрд. теңгеден астам қайта құру ұсынылды. Бүгінде оның 2 миллиардтан астам теңгесі бойынша кемшіліктер жойылған.
Кәсіпорын маман-қызмет­кер­лерінің тағы бір маңызды қызметі – аспаптық диагностика жүргізу. Осы негізде жылжымалы зертха­налардың көмегімен жартылай автоматты режимде жол жағдайының геометриялық параметрлері мен техникалық жай-күйі зерттеледі.
ҚР Индустрия және инфрақұры­лымдық даму министрлігінің тапсырмасына сәйкес, алғаш рет рес­публикалық 16 мың км жолдарға диагностика жүргізілді. Қазіргі уақытта 10 мың шақырымнан астам жолды зерттеуден өткіздік. Соның нәтижесінде тексерілген жолдардың 78% тегістігі бойынша талапқа сай, 50% қауіпсіз болып саналатыны анықталды.
Бүгінгі күнге дейін күрделі күйінде қалып келе жатқан ма­ңыз­ды пробле­малардың бірі – жол саласындағы қызметтердің қай-қайсысына да мамандар жетіс­пейді. Бұл бағытта биылдан бастап біз оқушылар арасында жол ма­ман­дығының артықшылықтарын насихаттап, кәсіби бағдар беру жұмыстарын қолға алдық.
Қазір біз «1000 мектеп» науқанын аяқтадық. Төтенше жағдай кезінде де осынау маңызды шарамызды тоқтатпай, біз оны онлайн режимде жалғастырдық. Бүгінгі таңда республика бойынша барлығы 7 391 мектептің 1153 мектебі қамтылып (15,6%) немесе шамамен 115 000 оқушы осы шараға қамтылған.
Сондай-ақ мұндай игі шараны біз жоғары оқу орындарында да үйлесімді жалғастырып, жаз айларында 45 студентті ақылы тәжірибеге тарттық, олардың кей­бірі осы күнге дейін бізбен тығыз бірлестіктегі жұмыстарын одан әрі жалғастырып келеді.
Біздің салада сыбайлас жем­қорлық тәуекелдері өте жоғары екенін мойындауымыз керек.Орын алып отырған жемқорлық фактілері сапасыз жолдар салдарынан екені де жасырын емес. Дүниежүзілік банктің зерттеуі бойынша жолдың өмірлік циклінің 40%-ы материалдар мен жасалар жұмыс сапасына байланысты болып табылады. Яғни, сапалы жұмыс жасалса, қоспа материалдар бар талапқа сай болса, өміршеңдігі екі есе жуық артады деген сөз.
Ішкі тәуекелдерге келетін болсақ, біз парақорлыққа қарсы ме­неджмент жүйесінің ISO 37001 аттестациясынан өтуді жоспарлап отырмыз. Кәсіпорын құрамында Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдаумен және алдын алумен айналысатын «комплаенс офицер» жұмыс істеуде.
Жол саласында жемқорлық фактілері жиі кездеседі деп айтып жатады. Мақсатымыз – осы жол са­ласы мен жемқорлықтың арасын алшақтату.
Жемқорлық жайттары орын алмауын қатаң қадағалау мақсатында «KAZ ROAD LAB»/Қазақ жол зертханасы/ жүйесін енгізіп жатырмыз. Яғни, инженер көшеден материалға сынама алған кезден бастап: оның қай жерде тұрып, жұмыс жасап жатқанынан бастап, жазбалары толықтай планшетке түседі. Ол цифрлы код арқылы Орталыққа нақты мәлімет болып келеді.
Тағы бір маңызды мәселе – қай жұмыстың болмасын халыққа ашық болуы. Ал, біз әрқашан халыққа ашықпыз. SAPAORTALYGҮ.KZ ресми сайтымыз жұмыс істеп тұр. Таяуда ғана You Tube әлеуметтік желісінде JOL.KZ арнасын аштық. Біздің өкілдеріміз барлық облыстар мен республикалық маңызы бар қалаларда бар. Фейсбук, инстаграмм, телеграмм сияқты әлеуметтік желіде парақшаларымыз бар, ондағы жаңалықтар жедел әрі тұрақты түрде жаңартылып тұрады.
Тың бастама ретінде тағы бір айта кетерлік жайт, еліміздің барлық өңірлерінде «Халықтық бақылау» мониторингтік тобын құрдық. Оның құрамына қоғам белсенділері, мәслихат депутаттары, «Нұр Отан» партиясының, прокуратура мен жер­гілікті әкімдік мүшелері, журналистер және блогерлер кірді. Барлығы 104 адам. Олар халықты толғандырған жол сапасы бойынша әлеуметтік желідегі мәселелерді жан-жақты талқылайды.
Баспасөз қызметінің белсенді іс-қимылын Орталық жұмысын әлеуметтік желілерде кеңінен насихаттауы да айғақтайды. Көпке танымал сол желілерде 21 000-нан астам жазылушы мен оқырман бары да осыны дәлелдесе керек. Бір ғана Instagram желісінде 2000-нан астам жарияланымдар жайғасқан. Күн сайын Орталықтың әлеуметтік желілердегі ресми бет­терінде тың жаңалықтар мен фотолар жарияланып, сондай-ақ ви­деотүсірілімдермен толық­тырылып отырады.
Тамыз айынан бастап «Жол ак­тивтері ұлттық сапа орталығының Орталық аппарат және барлық фи­лиалдары Instagram әлеуметтік желісіндегі ресми парақшаларында тікелей эфирлерді белсенді түрде өткізе бастады. Атап айтқанда, тамызда бас директор орынбасарлары, филиал директорлары қыркүйекте, зертхана меңгерушілері қазан айында атқарып жатқан жұмыс тәжіри­белерімен бөлісіп, көпшілік талқысына ұсынды. Мұны алдағы жылы да жақсы дәстүрге айналдыруды көздеп отырмыз.
COVID-19 пандемиясына байланысты «Біз біргеміз» челленджіне қолдау көрсетілді және Орталықтың ресми беттерінде, сондай-ақ әлеу­меттік желілердегі фили­ал­дардың беттерінде 34 толыққанды #bizbirgemiz бейнеролигі жарияланды.
«ЖАҰСО» РМК-ның әрбір филиалы әлеуметтік желілерде «Мен болашақ жолшымын», «Мамандық – мақтаныш» («Менің мамандығым – менің мақтанышым») атты бейне-челлендждерді дайындап, жариялады. Осы ретте 32 бейнеролик дайындалып, эфирден өткізілгенін айта кеткен орынды.
2020 жылы 29 қазанда ҚР Пре­зиденті жанындағы Орталық ком­муникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Жол активтері ұлттық сапа орталығының бас директоры Замир Сағынов Қазақстанда жол жүру мәдениетін қалыптастыру мәселелеріне қатысты баяндама жасады. Республикалық және өңірлік БАҚ-та брифинг туралы 61 жарияланым шықты. Сондай-ақ брифинг жарияланымы әлеуметтік желілерде 6000 реттен астам қаралған.
Материалдармен жұмыс сапасына сараптама жүргізу бойынша ЖАҰСО-ның әр филиалы 10 бейнеролик дайындады. Ал, түптеп келгенде, бұл 170 ролик жол мамандарының оқу құралы ретінде пайдаланылып, саладағы кәсіби мамандар тапшылығы кезінде таптырмас методикалық видео оқулық деп қабылдаса да болғандай.
Қорытынды есептемелерге сәйкес, Ұлттық сапа орталығының баспасөз қызметі кәсіпорын бойынша ғана емес, бағынышты министрлік – ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен Автомобиль жолдары комитеті тарапынан болған маңызды ақпараттарды және әріптес компаниялармен бірлескен шараларды да уақтылы әрі жедел жариялап отыру жұмысында да өзін жақсы қырынан таныта алды.

Дайындаған –
Исатай Қамбаров

805 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы