• Экологиялық шара
  • 14 Қаңтар, 2021

Табиғатты қорғау – мемлекеттік маңызы зор іс

Былтырғы жылдың жазында Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күніне орай Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстанда жан-жануарлардың, құстардың, балықтар мен өсімдіктердің ондаған түрі жойылып кету қаупінің алдында тұр. Табиғатты қорғау – мемлекеттік маңызы зор іс», – деп атап көрсетті. Сондай-ақ Мемлекет басшысы өзінің Твиттер әлеуметтік желісіндегі парақшасында адамдардың планетаны қоршаған ортаның ластануынан құтқару үшін бірігуі керектігін айтты. «COVID-19 біздің жауапсыздығымызды, табиғатқа ұқыпсыз қарайтынымызды көрсетті. Ұрпағымыз үшін осы әлемді таза әрі қауіпсіз күйінде сақтап қалайық», – деді Президент. Бұл мәселе әсем табиғаты талайды тамсандырған Қазақстан үшін де аса өзекті болып отыр.

  Жақында ҚР Экология, гео­логия және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашы­лығы және жануарлар дүниесі комитеті киіктерді қорғау мен олардың жағдайларын бақылау шараларын күшейтті.

 Себебі соңғы уақытта ақ­бөкендер Қарағанды және Ақмола облыстарының елді ме­кен­дері мен автомобиль жолда­рының маңында жиі байқала бастады. Олардың ішінде әлсіреп қалған мүйізді киіктер көп. Бұл 2020 жылдың желтоқсан айында өткен күйек кезеңінің салдары. Бұдан бөлек қалың жауған қар мен күннің күрт суытып, ауа температурасының соңғы 5-6 күнде – 40 градусқа дейін төмендеуі де ақбөкендердің жағдайына әсерін тигізіп жатыр.

Аталған факторлар киіктердің тіршілігін, азықтандырылуын қиындатып, өміріне қауіп төн­діріп жатыр. Жыл басынан бері 14 киік өлімі тіркелді.

Мұндай жағдайда жануар браконьерлер үшін қолжетімді бола түседі. Осыған байланысты Коми­тет әлсіреген киіктерді азық­­­тан­дыруды көздейтін биот­ех­ни­­калық іс-шараларды да жүргізуде.

Азаматтарға әлсіреген жабайы жануарларды байқаған жағдайда ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетіне мына нөмір бойынша 8 777-678-52-52 немесе «Охотзоопром» ӨБ-ге (8 775-569-92-21) хабарлауға болады. 

Еске салайық, Қазақстанда киіктердің Орал, Бетпақдала және Үстірт популяциясы мекен­дейді. 2019 жылғы есеп бойынша киіктердің саны 334 мыңға жетті. 2020 жылдың көктемінде енгізілген шектеулерге байла­нысты есеп жүргізілген жоқ. Алайда 2020 жылғы киіктердің қолайлы төлін ескере отырып, бүгінгі күні олардың саны 450 мыңнан астам басты құрайды деп болжауға болады.

Бір қуанарлық жағдай, ҚР Үкіме­тінің Қаулысымен Эко­логия, геология және табиғи ресурстар министрлігінің құра­мында Балық шаруашылығы комитеті құрылды. Саланың жеке ведомствоға бірік­тірілуі жақында қабылданған ба­лық шаруашылығын дамытудың 2030 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасын тиімді жүзеге асыруға, балық өсіру, тұтыну және экспорт көлемін жоспар­ға сай арттыруға мүмкіндік береді. Мемлекет басшысы 2020 жылдың қыркүйек айындағы Жолдауында Қазақстанның балық шаруашылығындағы әлеуеті зор екенін ескере отырып, оны дамы­туға аса мән беру қажеттігін айтқан.

Еске салайық, елімізде Ауыл шаруашылығы министрлігіі құрамында болған Балық шаруа­шылығы комитеті 2014 жылы таратылған. Одан бері балық ресурстарын қорғау, тиімді пай­далану және көбейту саласын­дағы мемлекеттік саясатты Эко­логия министрлігінің Орман шар­уа­шылығы және жануарлар әлемі комитеті жүргізіп келеді. Салаға қатысты міндеттердің комитет пен жергілікті атқарушы органдардың және балық шаруа­шылығындағы өзін өзі басқару субъектілерінің арасында бөлінуі орталықтандырылған түрде тиімді жұмыс істеуге кедергі келтіреді.

Ал жұмысты жүйелі түрде жүргізу арқылы мемлекеттік бағдарламада көрсетілгендей су ресурстарындағы балық өсіру көлемін 600 мың тоннаға жеткізуге болады. Балық экспортын 300 мың тоннаға дейін арттыру жос­пары да бар. Ол үшін 545 жаңа балық шаруашылығы құрылып, 323 шаруашылық толық жобалық қуатына шығады. Қазіргі уақытта жаңа комитеттің алдында мемле­кеттік бағдарламаның жүзеге асуына жол ашатын саланы мемлекеттік қолдау аясын кеңейту, заңнаманы жетілдіру, балық жемі өндірісін жолға қою, кадрлық қамтамасыз ету жұмыстарын атқару міндеттері тұр.

Салтанат ҚАЖЫКЕН

403 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы