• Мәдениет & Спорт
  • 14 Қаңтар, 2021

Болашақ чемпиондарға барлық жағдай жасалған

Жуырда Алматы облысының Қарабұлақ ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешені ашылды. Салтанатты шараға облыс әкімі Амандық Баталов, грек-рим күресінен Бейжің Олимпиадасының күміс жүлдегері, облыстық спорт басқармасының басшысы Нұрбақыт Теңізбаев, еркін күрестен Атланта Олимпиадасының қола жүлдегері Мәулен Мамыров, каратэден Әлем чемпионы Мерей Сүйінов және аудан жұртшылығы қатысты. Бұл – облыста ашылып отырған 10-шы спорт кешені.

Облыс әкімі А.Баталов алды­мен бұл нысанның Елбасы­ның 100 дене шынықтыру-сауық­тыру кешенін салу туралы және Президенттің Жолдауындағы барлық жастағы ел азаматтары арасында бұқаралық спортты дамыту туралы тапсырмаларына сәйкес ашылып отырғанын тілге тиек етті.
–Заманға сай дене шы­нық­тыру-сауықтыру кеше­нінің ашылуы – көптен күткен қуанышты жаңа­лық. Бұрын Қара­бұлақтың спортшы жастары арнайы орын болмағандықтан, спорттық ойын­дарды тұрмыстық залдарда, жертөледе өткізіп жүретін. Бұл өңірдің, әсіресе, волейбол ойнаудағы шеберлігі маған жақсы таныс. Енді, міне, осындай зәулім, кең, барлық жағдайы жасалған спорттық кешенде жаттығып, жастарды тәрбиелейтін боласыздар. Спортқа жақын адам түрлі теріс қылықтардан әрқашан аулақ жүреді. Күні ертең бұл жерден біздің мақтаныштарымыз Жақсылық Үшкемпіровтей, белгілі спорт­шы­лар – Мерей, Мәулен мен Нұрбақыт сияқты мықты азаматтар тәрбиеленіп шы­ғады. Бақанаста, Нарынқолда, Балпық биде осындай кешендер іске қосылуға дайын тұр. Ескелді ауданында ашылып отырған бұл нысан – облыста салынған 10-шы спорттық кешен. Өздеріңіз көріп тұрғандай, далада трибунасымен футбол алаңы да жасалған. Елбасымыз бен Президенттің тапсырмасына сәйкес келесі жылы да осындай жұмыстар жалғасады, – деген Амандық Баталов жаңа спорттық-сауық­тыру кешеніне Hyundai шағын автобусының кілтін сыйға тарт­ты. Енді балаларды спорттық жарыстарға тасымалдауда қиын­дық болмайды. Дәл осындай автокөлік барлық аудандардағы спорт мектептеріне беріледі.
Қарабұлақтықтар атынан ардагер спортшы Манат Рақым­шалов сөз алып, аудан спортшылары үшін үлкен мүмкіндік жасалып отырғанын атап өтіп, ел басшыларына шынайы ризашылығын біл­дірді. Мұнан соң кешенді тұрғызған «Құрылыс ТБС» мердігер компаниясының басшысы Батырхан Тоқтаев нысанның символикалық кілтін кешен басшылығына тапсырды. Аудандық ардагер­лер кеңесінің төрағасы Бимұрат Көпбайұлының ақ батасынан кейін кешеннің лентасы қиылып, шашу шашылды.
Көпшілік спорт кешенінің ішін аралап, жаттығу залдарында болды. Облыс әкімі Амандық Баталов бокс, күрес, тренажер­лық залдарға кіріп, спортты серік еткен балалармен тілдес­ті, оларға бокс қолғаптары, күреске арналған спорттық киімдер үлестірілді. Ардагер спортшылар волейболдан жолдастық кездесу өткізіп, ойын көрігін қыздырды.
Жалпы Қарабұлақтағы бұл кешен «Ауыл – ел бесігі» бағдар­ла­масы бойынша салынды. Оның құрылысына жергілікті бюджет есебінен 1,3 млрд. теңге жұмсалған. Мұнда барлық қажетті спорттық заманауи құралдар бар. Жекпе-жек және күш қолданылатын спорт түрлеріне арналған бұл әмбебап дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде бокспен, күреспен, дзюдомен, таэквондомен, ауыр атлетикамен футболмен және волейболмен айналысуға барлық мүмкіндік жасалған.
Кешеннің құрылысына негі­зінен жергілікті жұмысшылар тартылған. Солардың бірі Мұрат Нұсқабаев. «Спорт кешенінің құрылысын жүргізуге жергілікті құрылысшылар бастан аяқ қатыстық. Құрылыста негізінен Қарабұлақ, Ешкіөлмес, Абай ауылдарының жігіттері жұмыс істеді. Кешенді барынша сапалы салдық деп ойлаймын. Енді мұнда өзіміздің балаларымыз, немерелеріміз келіп спортпен шұғылданады», – деді ол.
Бүгінгі күні облыста 10 ДСО іске қосылса, осындай тағы 7 нысанның құрылысы аяқталуға жақын, соның 1-і - Талдықорғандағы теңдесі жоқ Олимпиадалық стандартқа сай «Талдықорған» орталық бассейні.
Атап өтсек, Алматы об­лысында 2020 жылы дене шынықтыру мен спорт саласын дамытуға жергілікті бюджеттен 1,5 млрд. теңге бөлінген. Бұл спорт мектептерінің мате­риалдық-техникалық базасы нығайтуға, спорттық нысандарды жарақтандыруға жұмсалды.

Нұрлан ҚҰМАР

347 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы