• Аймақ тынысы
  • 14 Қаңтар, 2021

Жетісу өңірі барлық салада дамып келеді

Алматы облысына қарасты Іле ауданындағы Нұрғиса Тілендиев ауылында жаңа дәрігерлік амбулатория іске қосылды.

 Жаңа нысанның ашылу салтанатына аудан әкімі Бағдат Қарасаев қатысты. Тұрғындарды қуанышты жаңалықпен құттықтаған аудан басшысы 2021 жылы Междуреченск ауылында дәл осындай дәрігерлік амбулатория, ал Өтеген батыр кентінде жаңа перзентхана құрылысы аяқталып, пайдалануға берілетінін айтты.

Мұндай жағымды жаңалықтарға аудан тұрғындары да, медицина мамандары да риза.

Дәрігерлік амбулаторияның мең­герушісі Жұмагүл Өтеболатова: «Халыққа бұрын медициналық қыз­мет көрсеткен орын өте тар, шағын болатын. Қазіргі ғимарат одан 2-3 есе үлкен. Жұмыс жасауға барлық жағдай жасалған. Медицина мамандары үшін ең бастысы – осы», – деді.

Бұған дейін ауылдық амбулатория болған ғимарат 1965 жылы салынған. Пациенттер мұндағы 4 палатада тиісті ем-домын алатын. Әрине, 3 мыңдай тұрғыны бар үлкен ауыл үшін бұл тарлық етті. Енді елді мекеннің жаңа медициналық құралдармен жабдықталған, сапалы салынған, 25 қаралушыға лайықталған жаңа дәрігерлік амбулаториясы бар. Мұнда 15 медперсонал қызмет көрсетеді.

Ал Қапшағай қаласында 1655 көп балалы және аз қамтылған отбасыға шамамен 11 млн. теңгеге қайырым­дылық көмек жасалды, – деп хабар­лайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Қапшағай қаласы әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, аймақтағы меценаттар мен кәсіпкерлер бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін жақсы сезінеді. Мәселен, демеушілердің қаржысына 700 көп балалы және аз қамтылған отбасыға жалпы сомасы 5 млн. 325 мың теңгеге азық-түлік берілген. Тағы 55 отбасыға 1 млн. 540 мың теңгеге көмір алып берілді. Сол сияқты мүмкіндігі шектеулі 700 баланы 2 млн. 100 мың теңге болатын жаңа жылға арналған сыйлықтармен қуантты. Бұдан бөлек «Мейірімді адамдар» қайырымдылық шарасы шеңберінде 200 отбасыға 2 млн. теңгеге азық-түлік пакеттері таратылды.

Жалпы Қапшағай қаласы мен өңірінде бүгінгі күнге 1655 отбасына жалпы сомасы 10 млн. 965 мың теңгеге қайырымдылық көмек көрсетілген.

Сондай-ақ, Көксу ауданында  2 млн. теңгеден астам сомаға қайырымдылық көмек көрсетілді. Мақашы және Балпық ауылдық округ­­теріндегі көп балалы және аз қамтылған отбасыларға түрлі көмек көрсетілді. Бұл ретте өңір меценат­тарының көрсеткен қолдауы зор.

Мәселен, ауданның көп балалы отбасыларының бірі жуырда қоныс той қуанышына жетті. Меценаттар өз қаражаттарынан 1 млн. теңгеге отбасына үй сатып әперді.

Демеушілердің қаржысына 41 аз қамтылған отбасыға жалпы сомасы 500 мың теңгеге азық-түлік берілді. 40 отбасыға 550 мың теңгеге отын түсіріліп берілді. Сол сияқты 10 көп балалы және аз қамтылған отбасы балалары жаңажылдық сыйлыққа ие болды.

Сөйтіп, Көксу ауданы Мақашы мен Балпық ауылдық округтерінде тұратын 72 отбасына қазіргі кезде бірлесе көмектесудің арқасында жалпы сомасы 2 млн. 075 мың теңгеге жәрдем жасалды.

Райымбек ауданында тағы бір маңызды нысан іске қосылды. Осыдан бірер апта бұрын ғана Сарыбас­тау ауылында 90 орынды бөбекжай балабақшасы күрделі жөндеуден өткізіліп, қолданысқа берілсе, енді, міне, бес мың халқы бар Сарыжаз ауылында 140 орынды «Күншуақ» бөбекжай балабақшасы күрделі жөндеуден кейін іске қосылды.

Ауыл тұрғындарының қуанышын бөлісуге арнайы барған аудан әкімі Нұржан Құдайбергенов биылдың өзінде аудан орталығын айтпағанда, елді мекендерде бірқатар нысандар іске қосылғанын атап өтті. Мәселен, М.Мақатаев, Қ.Шорманов, Ш.Уәлиханов атындағы орта мектептер күрделі жөндеуден өткізілген, Қақпақ, Жамбыл ауылдарында жаңадан дәрігерлік амбулаториялар пайдалануға берілген. «Бүгін, міне, Сарыжаз ауылында қараусыз бос тұрған бұрынғы балабақша жаңа заманға сай қайта жаңғыртылып, бөбекжай балабақшасы ретінде ашылып отыр», – деген аудан басшысы тұрғындарды қуаныштарымен құттықтады. Сонымен қатар осы ғимаратты күрделі жөндеуден өткізіп, жұмысты сапалы атқарған «Еңбек» ЖШС-нің директоры Құрбан Әбілдаев бастаған құрылысшылар қауымының атына жүрекжарды алғысын айтты.

Салтанатты сәтте аудандық мәс­ли­хаттың хатшысы Ерлан Құдабаев, аудандық ақсақалдар кеңесінің тө­р­аға­сы Бекболат Бірбаев, аудандық «Қамқор-2» кәсіподағының төрағасы Ұлықпан Әбеков, «Еңбек» ЖШС-нің директоры Құрбан Әбілдаев сөз алып, ауыл тұрғындарына жылы лебіздерін жеткізді.

Жалпы «Күншуақ» бөбекжай бала­бақшасында 6 топта 140 балапан мектепалды тәлім-тәрбие алатын болады. Ғимараттың күрделі жөндеуіне бюджеттен бюджеттен 277 миллион теңге қаражат бөлінген.

Еске салсақ, осыдан екі жарым жыл бұрын Елбасының Жарлығымен қайта құрылған Райымбек ауданы қазір өркендеу үстінде. Ауданды дамыту үшін бюджеттен 18 млрд. теңгеге жуық қаржы бөлінген. Биылғы жылдың өзінде ғана құрылыс жұмыстарына 8 млрд. теңгедей қарастырылды, соның 3 млрд. теңгесі «Жұмыспен қамту жол картасы» аясында бөлінді.

Сонымен қатар Ақсу ауданына Шығыс Қазақстан облысынан 23 марал әкелініп, мал шаруашылығының тың бағыты қолға алына бастады.

Мамандардың айтуынша, марал мүйізінің қаны көптеген дертке шипа, ағзаны қалпына келтіріп, оңалтуға, аурудың алдын алуға септігі көп. Марал мүйізі қанының құрамында адам ағзасына пайдалы темір, кальций, магний, натрий, фосфор, калий сияқты көптеген микроэлементтер бар. Ал сорпасы – сүйек, буын ауруларын емдеуге, адам денсаулығын нығайтуға таптырмас ем.

Ақсу аудандық әкімдігінің мәлі­метіне сүйенсек, Суықсай ауыл­дық округінде орналасқан «Аршалы тур» ЖШС марал өсіру арқылы меди­циналық туризмді дамытуды көздеп отыр. Шаруашылық кер­бұғы­лар­ды арнайы қоршалған аумақта ұстайды.

Жаңа кәсіпке ден қойған Берік Алдабергенов емдеу-сауықтыру кешенін ашып, демалыс орнын іске қосуды басты мақсат етіп отыр. Ол мұндай демалыс орнына туристердің көптеп келетініне күмәнданбайды. Осы кә­сіптің қыр-сырын меңгеру үшін жаз уақытында Қатонқарағайға арнайы барып, қажет дүниелерді үйреніп қайтқан. Алдағы уақытта маралдардың санын арттырып, осы кәсіпті одан әрі дамытуды жоспарлап отыр.

Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасында жаңа туған нәрестелер­ге арналған патология бөлімі ашылды. Енді мұнда шұғыл медициналық көмекті қажет ететін сәбилерге арнап барлық жағдай жасалған, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Бұл ауруханада осыған дейін патология бөлімі болмаған. Аурухана әкімшілігінің мәліметіне қарағанда, осы мекемеде сәбилердің 55% түрлі патологиямен немесе мерзімінен бұрын өмірге келеді. Бұл ретте ауыр босанған аналарды, шала туған балаларды қалалық, облыстық деңгейдегі балалар ауруханаларына, арнайы ғы­лыми орталықтарға апаруға мәжбүр болатын. Ендігі жерде жедел көмек осы аурухананың жаңадан ашылған патология бөлімінде көрсетіледі.

Патология бөлімінің ашылу рәсіміне қатысқан республикалық педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының төрайымы Риза Боранбаева сөз алып, жақсы жаңалықтың ана мен балаға тигізе­тін мол пайдасы туралы кеңінен әңгімеледі.

– Перинатология және неонтология саласында бірқатар жетістіктерге қол жеткіздік. Білікті кадрлар дайындауда еліміздегі жетекші жоғары оқу орындарымен тығыз байланыс орнаттық. Мұндай қарым-қатынастар өз нәтижесін беруде. Соның бір дәлелін өздеріңіз көріп отырсыздар. Түрлі патологиялық өзгерістермен туған сәбилерді енді ары-бері тасымаймыз. Осындағы перзентхана жанынан алғашқы көмек беретін бөлімнің ашылуы үлкен жетістік. Сол арқылы біз нәрестелердің өміріне төнген қауіпті сейілтеміз, – деді Риза Боранбаева.

Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасы облыстағы ірі медициналық мекеме. Бұл жерге әсіресе, облыстың оңтүстік өңірінің тұрғындары көптеп жүгінеді. Ондағы халық саны 1 миллион 300 мыңнан асады. Осының өзі-ақ ауруханаға артылған жүктің оңай еместігін көрсетіп тұр. Аурухана директоры Эльмира Ахметова жаңадан ашылған патология бөлімін жан-жақты таныстырды.

– Енді бұл бөлімді көп жылдық тәжірибесі бар дәрігер, медицина ғылымының кандидаты, доцент Қарлығаш Жұбанышева басқаратын болады. Қалған дәрігерлер де шет елдерде білімін шыңдаған білікті мамандар. Мұнда ультрадыбыстық зерттеу апараттары, жасанды тыныс алу құрылғылары және басқа да құрал-жабдықтар жетерлік. Ана мен бала денсаулығын үнемі өз бақылауында ұстап отыратын облыс әкімі Амандық Баталовқа алғысымыз шексіз. Биыл аурухана жаңа медициналық құрыл­ғылармен толыға түсті, – деді Эльмира Ахметова.

Жаңадан ашылған бөлім 10 орынға арналған. Онда ем алып жатқан сәби­лердің жағдайы туралы аналардың өзі айтып берді.

– Нәрестемді жеті айлығында босандым. Туғанда салмағы аз және өте әлсіз болды. Бүгін, міне, оныншы күн, жағдайымыз жақсы. Осындай бөлімнің ашылғанына қуандық, ақ халатты абзал жандарға ризашылығымыз шексіз, – дейді нәрестелі болған ана Назым Сердалиева.

Жаңадан ашылған патология бөлімі сәбилердің өмірін сақтап қалуға, өңірдегі нәресте өлімін азайтуға мүмкіндік береді.

Еске салсақ, 2018 жылы осындай неонаталдық орталық Талдықор­ғандағы облыстық көп салалы балалар ауруханасының жанынан ашылған болатын.

 Нұрлан ҚҰМАР

309 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы