• Қаржы
  • 14 Қаңтар, 2021

Өтем төлеудің жаңа тәртібі

Мемлекет басшысы жаңа жылдың алғашқы сенбісі, 2 қаңтар күні «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экономикалық өсуді қалпына келтіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заңына қол қойды. Заң еліміздегі әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты сақтауға бағытталған.

 

Осы ретте депозиттерге кепілдік беру жүйесіндегі мәселелер бойынша заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес, азаматтарға кепілдік берілген өтемді төлеу тәртібін жеңілдету қарастырылған.     

Атап айтар болсақ, біріншіден, кепілдік берілген өтем төлеудің жаңа тәртібі биылғы жылдың 1 мамырынан бастап іске қосылады. Соған сәйкес, лицензиясынан айырылған банктің салымшылары кепілдік берілген өтемді төлеу жөніндегі өтінішті агент банктің бөлімшесіне бармай-ақ, тікелей Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорына (ҚДКБҚ) электрондық түрде бере алады.

«Tengri Bank» АҚ салымшыларына, сондай-ақ қазіргі уақытта таратылып жатқан банктердің («Валют-Транзит Банк» АҚ, «Қазинвестбанк» АҚ, «Delta Bank» АҚ, «Qazaq Banki» АҚ, «Эксимбанк Қазақстан» АҚ және «Астана Банкі» АҚ) салымшыларына да осындай мүмкіндік беріледі. Осылайша, төлем алу үшін агент банкке жолы түспей, әлі күнге дейін бара алмай жүрген 450 мыңнан астам салымшы 2021 жылдың 1 мамырынан бастап кепілдік берілген өтемді алу жөніндегі өтінішті онлайн түрінде бере алады.  

Бұл ретте дәстүрлі банктік қызмет көрсету тәсілін қалайтын, сондай-ақ өтем алуға үшінші тұлғалар (мұрагерлер, сенімхат бойынша өкілдер және басқа да құқық иеленушілер) өтініш бере алатын салымшылар үшін агент банк арқылы кепілдік берілген өтем төлеу тәртібі сақталады.

Кепілдік берілген өтемді төлеу жөніндегі өтінішті қор электронды және жазбаша түрде (агент банк арқылы) төлем басталған күннен бастап 1 жыл ішінде, ал тарату үдерісіндегі банктердің салымшыларынан 2022 жылдың 1 мамырына дейін қабылдайды, деп хабарлайды ҚДКБҚ баспасөз қызметі.

Кепілдік берілген өтемді төлеу жөніндегі өтінішті онлайн беру – қазіргі қолданыстағы төлем тәртібін оңайлатады және салымшыларға ыңғайлы жағдай жасай отырып, төлем алудың анағұрлым тартымды тәсіліне айналатын болады. Бұл салымшылардың уақытын үнемдейді, агент банкке баруға кететін жол шығынын азайтады және алғашқы төлем күндері адамдардың тым көп шоғырлануын бәсеңдетеді. Қазіргі таңда бұл коронавирустық инфекция таралуы кезеңінде өте маңызды.

Екіншіден, салымшылардың төлем басталғаннан бері 1 жыл бойы талап етпеген кепілдік берілген өтем сомаларын ҚДКБҚ олардың «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» акционерлік қоғамындағы (БЖЗҚ) зейнетақы шоттарына ерікті зейнетақы жарналары ретінде аударады. 

Қор салымшыларға өтем төлеудің соңғы күні және салым­шылардың 1 жыл бойы талап етпеген өтем сомалары БЖЗҚ-ға аударылатындығы туралы кепілдік берілген өтемді төлеу мерзімі аяқталуға 30 жұмыс күні қалғанда БАҚ және өз сайты арқылы хабарлайды.

Бірыңғай жинақтаушы зей­нетақы қорына аударылған кепілдік берілген өтем сомасы салымшының ерікті зейнетақы жарнасы болып танылады және (есептелген инвестициялық табысты қоспағанда) салық салудан босатылады. Осы ретте ерікті зейнетақы жарналарын есепке алу жөніндегі шотты ашу үшін БЖЗҚ-ға барудың қажеті жоқ. Бұл тұрғыдағы зейнетақы шоттары автоматты түрде ашылады.  

Жаңа сақтандыру жәйттері үшін биылғы 1 мамырдан бастап іске қосылатын бұл тәртіп «Tengri Bank» АҚ салымшыларына, сондай-ақ қазіргі уақытта таратылып жатқан банктерге де («Валют-Транзит Банк» АҚ, «Қазинвестбанк» АҚ, «Delta Bank» АҚ, «Qazaq Banki» АҚ, «Эксимбанк Қазахстан» АҚ және «Астана Банкі» АҚ) қолданылады. Хабарламада төлем басталған күннен бастап 1 жыл бойы немесе 2022 жылдың 1 мамырына дейін қандай да бір дәлелді себептермен өтем алуға келе алмаған салымшылар үшін қорға кепілдік берілген өтемді алуға (растайтын құжаттармен бірге) жазбаша өтініш беру құқығы сақталатындығы айтылған. Дәлелді себептер тізімі «Қазақстан Республи­касының екiншi деңгейдегі банкте­рiнде орналастырылған депозиттерге мiндеттi кепiлдiк беру туралы» заңда тікелей қарастырылған.

Өтініш банктi мәжбүрлеп тарату туралы мәліметтер Бизнес-сәй­кестендіру нөмірлерінің ұлттық тiзiлiмiне енгiзiлген күнге дейін немесе кепілдік берілген өтем сомасы БЖЗҚ-ға аударылған жағдайда, салымшының ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақы төлемдерін алу құқығы туындағанға дейін берілуі мүмкін. 

Үшіншіден, шетелдік банк­тердің филиалдарындағы депозит­терді қорғау қарасты­рылған. Шетелдік банктердің Қазақстан аумағында ашылатын филиалдары  уәкiлеттi органның жеке тұлғалардың депозиттерiн қа­былдауға, банк шоттарын ашу мен жүргiзуге берген лицензиясын алған сәттен бастап депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесінің қатысушылары атанады.

Осылайша, Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры­ның кепілдігі азаматтардың шетелдік банктердің филиалдарында ашылған депозиттеріне де қолданылатын болады.

 Бекет КӨКЕНАЙҰЛЫ 

579 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы