• Өндіріс
  • 14 Қаңтар, 2021

Қуатты өндірістер кешені

Экономика дамуына қомақты үлес қосатын базалық сала – тау-кен металлургиясының еліміздің ІЖӨ-дегі үлесі 5,9%-ті құрайды. Бүкіл өңдеу өнеркәсібіндегі үлесі 43,2%-ті қамтитын тіректі сала инвестициялар тарту бойынша да көшбасшы болып табылады.

Соңғы он жыл ішінде түсті металлургия секторында өндіріс айтарлықтай ұлғайды, бұл ретте темір рудалары өндірісінде бұрынғы қалыптасқан қарқын сақталды. Баршаға белгілі, сала 5 ірі кәсіпорынның: Еуразиялық топ, Қазцинк, Қазақмыс, АрселорМиттал Теміртау, KazMinerals тобы қызметімен ұсынылған.

Олармен қоса, отандық металлургияны дамытуда соңғы өнімді шығаратын жаңа өндіріс орындарының іске қосылуы да ерекше рөл атқарды. Мысалы, Ақтөбе рельс-арқалық зауыты – ЕАЭО аумағында жылумен нығайтылған теміржол рельстерінің өндірісін құрған бірден-бір кәсіпорын. Компания бүгінде өз бұйымдарын экспорттау бойынша едәуір тәжірибе жинақтады. Сол сияқты, Өске­мен титан-магний комбинаты кореялық POSCO болат компаниясымен бірлесіп кеме жасауда және энергетикада қолданылатын титан беттері мен соғылмаларына қайта өңдеу үшін титан құйма­лары мен тақташаларының ин­новациялық өндірісін құру жобасын жүзеге асырды. Барлық өнімдер шетелге, атап айтқанда, Оңтүстік Кореяға, Қытайға экспортталуда. 2017 жылы «Павлодар» АЭА аумағында «Giessenhaus» ЖШС қуаттылығы жылына 18 мың тонна легирленген алюминий шығаратын, әрі қарай оны жылына 52 мың тоннаға дейін ұлғайтатын зауытты іске қосты. Онда автомобильдерге арналған алюминий дөңгелектер өндірісін құру да жоспарда бар. 2018 жылы селден, қар көшкінінен, құлап қалудан қорғайтын құрылыстарды жобалау, өндіру және монтаждау үшін қолданылатын габиондар (сымды тор) шығаратын зауыт – Tokyo Rope Almaty компаниясы құрылды. Кәсіпорын қуаттылығы жылына 17 мың тоннадан астам болаттан жасалған бұйымдарға сай келеді. Сонымен қатар, 2019 жылы Қарағанды облысында YDD Corporation ірі ферросилиций өндіретін зауыттың іске қосылуы маңызды оқиға болды. Ферросилиций өнеркәсіптік, азаматтық құрылыста, кеме жасауда, авиацияда, автомобильде және басқаларында қолданылады. Бүгінде компания өнімдері жоғары сұранысқа ие, ал экспорттық бағыттар қазір 38 елге жетті. YDD Corporation зауыты құрылысының жалпы құны шамамен 92 миллион АҚШ долларын құрады. Жоба толығымен қазақстандық және еуропалық инвестор­лардың жеке қаражаты есебінен 2015-2019 жылдарға арналған ИИДМБ аясында ҚДБ қарызын қаржыландыруды тарта отырып жүзеге асырылды.
Бүгінде экономика дамуы­ның баяулауына қарамастан, өңдеу өнеркәсібі оң үдерісті қалыптастыратын негізгі бағыт болып қалуда. Іс жүзінде өңдеуші саланың барлық секторлары бойынша оң динамика байқалады. Соңғы он жылда металлургия саласындағы өндіріс көлемі 1,5%-ке артты. Өткен жылдың қаңтар-қараша аралығында металлургия өндірісінің көлемі 11,6%-ке – 4,98 трлн теңгеге дейін өсті. 2020 жылдың қаңтар-қарашасында Қазақстанның металлургия саласына салынған инвестиция көлемі 327,4 млрд теңге болды. Қазақстандағы ең ірі мыс өнді­руші Қазақмыс корпорациясы тазартылған мыс өндіру көлемін 8%-ке, құйма алтынды 35%-ке, сондай-ақ түйіршікті күмісті 25%-ке ұлғайтты.

Сондай-ақ Қазақстан электролиз зауыты бастапқы алюминий өндірісінің көлемін арттырды. Бастапқы алюминийдің қазақстандық тұтынушыларымен 11 келісімшарт жасаған отандық кәсіпорын әлемдік нарықта да өз позицияларын ұстап тұруды жалғастыруда. Өнімнің 90%-ін құрайтын экспорт географиясында Ресей, Беларусь, Украина, Өзбекстан, Грузия, Италия, Түркия және басқа да жақын және алыс шетелдердің 20-дан астам елі бар. Тау-Кен Алтын кәсіпорны да оң көрсеткіштерге қол жеткізді. Өндіріс ошағында тазартылған алтын өндіру көлемі 6,4%-ке, күміс өндіру көлемін 46,7%-ке өсті. Өнімнің жоғары сапасын дәлелдеген кәсіпорын сенімді жеткізуші ретінде әлемдік мойындауға ие болды. Тазалығы 99,99%-тен кем емес алтын өндіретін аффинаж зауыты Лондон бағалы металдар нарығы қауымдастығының GoodDelivery сертификатын алды. Осы сертификаты бар бағалы металдар шектеусіз барлық әлемдік биржаларда саудаға қабылданады. Өткен жылдың 12 айының қорытындысы бойынша Тау-Кен Алтын аффинаж зауыты 30 тонна алтын өндіріп, жобалық қуаты 25 тонна болған кезде жылдық өндіріс жоспарын 20%-ке асыра орындады. Зауыт жұмыс істей бастағаннан бері 128 тоннадан астам алтын өндірілді. Компанияны одан әрі дамыту өндірілетін алтын шығару көлемін ұлғайтуды, бағалы металдар қозғалысын есепке алу мақсатында процестерді автоматтандыруды, сондай-ақ қатты өнеркәсіптік қалдықтарды қайта өңдеуді және аяқталмаған өндірісті азайтуды көздейді.


11 айдың қорытындысы бойынша қара металлургияда өсім 0,4%-ті құрады. Өндіріс көлемінің өсуіне бірнеше кәсіпорындарда қол жеткізілді. Мысалы, Қос­танайдағы Евраз Каспиан Сталь зауыты арматуралық жайма өн­дірісінің көлемін 8%-ке көтер­ді. Мемлекеттік стандарттарға сәйкес шығарылатын өнімнің сапасы зауыттың сынақ зертханасында жаңа технологиялық жабдықтармен және бақылаумен қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ Тараз металлургия зауыты ферросиликомарганец өндірісінің көлемін 20%-ке, «Кастинг» ЖШС арматураларды, шарларды және домалақ шыбықтарды тауарлық шығаруды 7,3%-ке ұлғайтты.
Тау-кен металлургия кешенінің дамуы айқын әлеуметтік сипатқа ие. Қазақстан өнеркәсібінің осы саласында 200 мыңнан астам адам жұмыс істейді, яғни, бұл жұмыспен қамту тұрғысынан ең қуатты салалардың бірі. Әрбір отызыншы экономикалық бел­сенді қазақстандық ТМК-да ең­бек етеді. Сала жергілікті қамту үлесін арттырудың драйвері болып табылады, онда 732 кен өндіру кешенінің жер қойнауын пайдаланушы компаниялары жұмыс істейді. 2020 жылдың 8 айында тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді сатып алудың жалпы көлемі 700,2 млрд теңгені, оның ішінде жергілікті қамту 395,1 млрд теңгені немесе жалпы сатып алудың 56,4%-ін құрады. ТМК компанияларының сатып алуларында жергілікті жеткізушілердің қызметі басым, сатып алу көлемі 217,9 млрд теңге, оның ішінде жергілікті қамту 205,7 млрд теңге немесе 94,4%. Мысалы, 2020 жылы АрселорМиттал Теміртауға жергілікті өндірушілерден жеткізілім көлемі 5 миллиардтан 24,5 миллиард теңгеге дейін, ал Қазақмыстың Қарағанды өндірушілерінен сатып алатын тауарларының үлесі 10-нан 15 миллиард теңгеге дейін өсті.
Қазақстанда мыс, алюминий, мырыш, қорғасын, алтын және күміс сияқты негізгі металдар өндіріледі. Бұлар еліміздегі түсті металлургияның негізі. Индустриалды-иннова­циялық даму мемлекеттік бағ­дарламасының үшінші кезеңі шеңберінде 4 және 5 қайта бөлу өнімдерінің өндірісін ұлғайту арқылы экспорттық әлеуетті кеңейту міндеті тұр. Бұған минералды-шикізат базасын молайтуды кеңейту, жер қойнауын басқарудың заманауи жүйесін құру, геологиялық барлаудың үздік технологияларын тарту, тереңдікті арттыру және минералды шикізатты кешенді әрі ұтымды өңдеу көмектеседі. Алға қойылған міндеттерді жүзеге асыру тау-кен металлургия кешенінің, тұтас­тай алғанда өңдеу өнеркәсібінің үдемелі дамуына екпін береді.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

1344 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Қуантайұлы Нұржан

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редакторы