• Қаржы
  • 14 Қаңтар, 2021

Теңгенің өткен жылғы ахуалы

Өткен жылдың қорытындылары бойынша теңге рубльге қарағанда нығая алғанымен,  доллар мен евроға қатысты құнын айтарлықтай жоғалтты. Бағамның кезекті антирекордтары да өмірге келді, атап айтқанда – евро, мәселен, қазір тарихында ең қымбат көрсеткішке жетті.

 

ДОЛЛАР: ЖАҢА РЕКОРДТЫҚ БАҒАМ ЖӘНЕ НЫҒАЮ КЕЗЕҢДЕРІ

 Қазақстан 2020 жылға бір дол­ларға шаққанда 382 теңге 59 тиын бағамымен кірген болатын. Бірнеше апта қатарынан теңге аздап нығайды, әйтсе де, айта қаларлықтай қарқын алмады: 22 ақпанға бір доллар 375,87 теңгеге дейін төмендеді. Артынан мәлім болғандай, бұл ең төменгі шегі еді – 2020 жылы доллардың құны бұдан аз болмайды.

Ал, наурыз айы ұлттық валютаның күрт құлдырауымен ерекшеленді:

  • 10 наурызда доллар бағамы 382,05 теңгені құрады;
  • 11 наурызда – 399,6 теңге;
  • 13 наурызда – 399,24 теңге;
  • 14 наурызда – 405,46 теңге;
  • 19 наурызда – 439,32 теңге;
  • 20 наурызда – 448,5 теңге болды.

Осылайша, бар болғаны 10 күнде доллар бағамы Қазақстанда 17,4%-ға немесе 66,5 теңгеге жуық өскен.

Бұл Қазақстанға коронавирустың енуі, төтенше жағдай режимі енгізілуі, шикізатқа (ең алдымен – мұнайға) әлемдік бағалардың құлдырауы және болып жатқан оқиғаларға жауабы ретінде Ұлттық банктің базалық мөлшерлемені күрт өсіруі аясында орын алды.

Маусым айының басына дейін жалғасқан күрт өсуден кейін, артқа шегіну орын алды – сол кезде аме­рикалық валютаның ресми құны 400 теңгеден түсіп кеткен еді. Бірақ теңге сол деңгейінде тұрақтап қала алмады: 10 шілдеде бағам 410 теңге белгісінен тағы да асып түсті. Қыркүйекте доллардың ресми бағасы 420 теңгеге дейін, ал қазан айында тіпті 430 теңгеден асып кетті. 3 қарашада оның бағамы 434,58 теңгені құрап, індеттің «екінші толқынындағы» ең жоғары мәнін көрсетті.

Соңғы 2 айда тағы нығаю тренді байқалды – америкалық валютаның ресми құны тағы да 420 теңгеден төмендеп кетті. Алайда, 2020-шы жыл бұл белгіден сәл жоғарырақ деңгейде аяқталды – 2021 жылдың 1 қаңтарына доллар бағамы 420,91 теңге құрады.

Доллар бағамының өткен жылғы маңызды көрсеткіштері:

  • Ең төменгі бағамы – 375,87 теңге (22 ақпан);
  • Ең жоғары бағамы – 448,52 теңге (2 сәуір);
  • Айырмашылығы: 72,65 теңге.
  • Бір жылдағы жалпы серпін: доллар 10%-ға қымбаттады.
  • Жыл қорытындылары бойынша бағам өзгерісі: +38,12 теңге (1-инфографика).

 ЕВРО: ЖЫЛ АНТИРЕКОРДПЕН АЯҚТАЛДЫ

 Жалпы алғанда, евроның серпіні доллар көрсеткендей күйде көрініс тапқан. Өткен жыл 429 теңге белгісінде басталса, енді ақпанның ортасында оның бағамы 410 теңгеге құлап кеткен. Дегенмен, еуропалық валюта наурызды 420,8 теңгемен бастайды да, тіпті 495,86 теңгемен аяқтап, алғаш рет бірлігі үшін 500 теңгеге жуық белгіге жақындайды.

Ұлттық валютаның қысқа мер­зімді нығаюына (шілдеге дейін созылды – бағам кейде 450 теңгеге төмендеп кеткен) қатысты кезеңнен соң, өсімнің жаңа шеруі басталды, оның үстіне бұл бұрынғыдан да ұзағырақ кезеңге созылып кетеді.

2-ші қыркүйекте  евроның ресми құны алғаш рет 500 теңгеден асып түскен.

2 айдан кейін тағы бір жаңа деңгей – 510 теңге биігі алынды. 2020 жыл 516,13 теңге деңгейінде аяқталды – ал бұл жаңа рекорд, бұған дейін рес­публи­ка­мызда еуропалық валюта үшін осын­шама қымбат ешкім сұрамаған екен.

Айта кету керек, 2020 жылы халық тарапынан евроға сұраныстың күрт төмендегені байқалады:

– айырбастау пункттеріндегі нетто-сату көлемдері 11 айдың қоры­тындысы бойынша 44%-дан астамға құлдырап кеткен. Бұл тек валюта құнының өсіп кетуі аясында ғана емес, шекаралардың жабылып қалуы салдарынан да – туристер Еуропаға кете алмай қалды, тиісінше, ондағы валюталардың біздің туристер үшін еш қажеті бола қойған жоқ.

  • Ең төменгі бағам: 406,18 теңге (21 ақпан);
  • Ең жоғары бағам: 516,13 теңге (31 желтоқсан)
  • Айырмашылығы: 110,61 теңге.
  • Бір жылғы жалпы серпін: евро 20,3%-ға қымбаттаған;
  • Жыл қорытындылары бойынша бағам өзгерісі: +87,13 теңге (2-инфографика).

 РУБЛЬ: 9 АЙ САЛЫСТЫРМАЛЫ ТҰРАҚТЫЛЫҚ

 Рубльдің жағдайы қарама-қарсы қайшылықта. Ресейлік валюта өткен жылдың басында 6,16 теңге, жыл аяғында – 5,65 теңге тұрды. Сөйтіп, теңге рубльге қатысты 2020 жылы 8,3%-ға нығайған.

Бұл ретте жылды 3 шартты кезеңге бөліп қарастыруға болады:

  • Тез нығаюы: ақпанның соңынан бастап наурыздың ортасына дейінгі 3 аптада рубль бағамы 5,9 теңгеден 5,3 теңгеге дейін құлап кеткен. Бұл ресейлік валютаның сыртқы факторлар (коронавирус, шикізат бағалары, т.б.) әсерінен, теңгеден ертерек сыр беруінен орын алған.
  • Сонан кейін теңге де құлдырап, рубль бағамы 5,7 теңгеге дейін қайта қалпына келген. 5,7-5,8 теңге дәлі­зінде ол тамыздың соңына дейін тұ­рақ­тай алды.
  • Қыркүйектен желтоқсанға шейін тағы бір тұрақтылық кезеңі қалыптасты – рубль көп жағдайда 5,5–5,6 теңге аумағында бағаланды.

2020 жылдың соңында ресейлік валютаның құны жаздан бері алғаш рет 5,7 теңгеден асып түсті.

  • Ең төменгі бағамы: 5,31 теңге (13 наурыз);
  • Ең жоғары бағамы: 6,2 теңге (14 ақпан);
  • Айырмашылығы: 0,89 теңге.
  • Бір жылдағы жалпы серпін: рубль 8,3%-ға арзандаған;
  • Жылдың қорытындысы бойынша бағам өзгерістері – 0,51 теңге (3-инфографика).

 ИСАТАЙ ҚАМБАРОВ

792 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы