• Энергетика
  • 14 Қаңтар, 2021

Электр қуатын жеткізуде іркіліс жоқ

Бұрын энергетиктер күні одақтас елдерде бір күнде аталып өтілетін. Кәсіби мереке 1920 жылы КСРО-ны электрлендірудің мемлекеттік жоспары қабылдануына байланысты енгізілген. Еліміз егемендік алғаннан кейін Елбасының Жарлығымен энергетиктер мерекесі желтоқсанның үшінші жексенбісі деп бекітілді.

«Батыс Қазақстан электр желілерін тарату компаниясы» АҚ жалпы облыстағы, Орал қаласындағы тұрғындарға, өн­дірістік кәсіпорындарға, мем­лекеттік мекеме-ұйымдарға, жеке меншік нысандарға, қыр мен қыстақтағы шаруашылықтарға түрлі көздерден өндірілген электр қуатын жеткізумен, таратумен айналысады. Бұдан сәл бұрын елордалық компаниялар то­бына сенімгерлік басқаруға берілген аталмыш компания биылғы 14 қарашадан бастап мемлекет меншігіне қайтары­лып, облыстың коммуналдық мен­шігіне қайтаруға құжаттары дайындалуда. Компания тең­герімінде түрлі кернеудегі 20 мың 500 шақырым әуе желісі, 35 кВ-лық кернеудегі 152 қосалқы станса, көшелерге қойылған 6-35 кВ-лық 3000 дана тұтынушылық қосалқы станса бар. Аталмыш акционерлік қоғамның өнді­рістік-техникалық қызметі­нің бастығы Тілек Хариннің айтуынша, биыл электр желілерін, құрал-жабдықтарды, қосалқы стансаларды ағымдағы және күрделі жөндеуге 295 млн теңге қаралып, соның күні бүгінге 256 млн теңгесі игерілген. Бұл пайызға шаққанда 87%-ды құрайды. Соның ішінде 250 шақырымдық әуе желісі, 35 кВ-лық 18 қосалқы станса, 293 тұрмыстық қосалқы станса күрделі жөндеуден өтті. ҚР Энергетика министрлігінен компанияға қысқа дайындық құжаты берілген. «Энергетиктер ұжымы кәсіби мерекені осындай еңбек жетістіктерімен, лайықты табыстармен қарсы алып отыр.

 

Жасыратыны жоқ, өңірдегі электр желілері, қосалқы стансалар мен жабдықтар 81%-ға тозған. Бес жылға арналған инвестициялық бағдарламамыздың аясында биылғы жылға сол тозығы жеткен мүлік-мүкәмалды жөндеуге 439 млн теңге бөлінді. Бүгінде сол қаржының 352 млн теңгесі игерілді. Коронавирус пандемиясы жағдайындағы шараларға және тендерлік конкурстардың уақытында өткізілмеуіне байланысты игерілмеген қаржы заңдық негізде келесі жылға игеруге қалдырылды», – деді Тілек Молдашұлы.
Биыл компанияның энергетиктері бірқатар жоспарлы жұмыстарды уақтылы атқарған. Өңірдегі қосалқы стансалардағы 35 кВ-лық 18 майлық ажыратқышты вакуумды түрімен алмастырып, жаңартты. Вакуумдық ажыратқыштардың жаңа түрінің артықшылығы көп, оларды пайдалану шығыны бұрынғысынан 5-6 есе төмен, майлық ажыратқыштардың ішінде қымбат тұратын майы болса, жаңа түрінде майы болмайды, жөндеуге жұмыс қолын бұрынғыдай көп керек етпейді. Мысалға, аудандардағы Казталов, Бөрлі, Жарсуат, Жаңақазан және басқа да қосалқы стансаларында осындай жаңа ажыратқыштар қойылған. Енді 10 кВ-лық май ажыратқыштардың бесеуі жаңаланып, вакуумдық ажыратқыш орнатылды. Қаладағы 0,4 кВ-лық кабель желісінің екі шақырымын жөндеуге 25 млн теңгеге жұмсалды. Сондай-ақ облыс бойынша 10 кВ-лық әуе желілеріндегі 23 тонна 35 мм-лік аллюминийлі-болат сым ауыстырылды. Бұл шаруаға 33 млн теңге жұмсалған. Қыс мезгілінде шалғайдағы ауыл-аудандармен тұрақты байланыс үшін бір шағын жабдығы 32 млн теңгеге сатып алынып, іске қосылды. Сонымен қатар 0,4 кВ-лық әуе желілерінің 5,3 шақырымы оқшауланған, яғни қаптамасы бар (СИП) түрімен ауыстырылды. Бұған 60 млн теңге бағытталып, игерілген.
Қазіргі уақытта өңірге электр қуатын жеткізуші компания 2021-2025 жылдарға арналған инвестициялық бағдарламаны бекітіп, дайындық, жобалау жұмыстарын қолға алды. Облыстың құбылмалы ауа райы жағдайындағы қыс мезгілінің түрлі «мінез-құлық» көрсетері барша тұрғынға аян. Сондықтан қаһарына мінген қыстың күндері электр желілеріндегі не қосалқы стансалардағы апатты жағдайларды жоюға, шұғыл жөндеу жұмыстарын жүргізуге қажетті материалдар (бағаналар, сымдар, трансформаторлық май, т. б.) сатып алынып, сақтаулы тұр.
Кәсіпорында жоғары кернеу желісі қызметінің бастығы Абат Дошанов бастаған қызметкерлер жылдың төрт маусымында тәуліктің 24 сағатында, күн-түн демей жұмыс істейді. Олар биік бағандардағы жоғары кернеулі электр желілердегі апатты жағдайлардың алдын алады немесе салдарын жояды. Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың түлегі, релелік қорғау қондырғы­лары қызметінің бастығы Ербол Бертілеуов – компанияның білікті жас мамандарының бірі. Ол заманауи қондырғыларды шебер меңгерген әрі Ресейдің Санкт-Петербор қаласынан микропроцессорлық релелік қондырғыларды қорғау бағдарламаларын оқып, білім-білігін жетілдіріп келді. Орал қалалық электр торабы мекемесінің кабельдік желі қызметінің бастығы, жас маман Денис Соловьянов, осы торап мекемесінің әуе желісі қызметінің бастығы Михаил Гуськов, Приуралье аудандық электр торабының бастығы, жас маман Олег Понамарев, Ақжайық электр торабы мекемесінің бастығы Талғат Тапалов өздері басшылық жасайтын еңбек ұжымдарын тұтынушыларға үздіксіз электр қуатын жеткізуге жұмылдырып, талмай тер төгіп жүр. Электр техникалық қызметтегі шебер Максим Жақсығалиев, Бәйтерек ауданындағы Үлкен Шаған ауылындағы учаскенің бастығы Қуаныш Хайруллин сынды еңбеккерлер де мақтауға лайық. «Компанияда жұмыс істейтін шеберлердің жалақысы 87 мың теңге, электр монтерлардың айлығы 50-60 мың теңге шамасында. Биыл табиғи монополияларды реттеу агенттігі электр қуатын жеткізу тарифін көтерген жоқ, өткен жылғы деңгейде қалдырды. Сондықтан ішкі резервтік қордан жөндеу жұмыстарына бөлінетін және инвестициялық бағдарлама­лардың қаржы-қаражатын, электр қуатын тасымалдауға кететін 14-15% шама­сындағы шығындарды азайту көзделген. Алдағы жаңа жылдан бастап осындай ұйымдастыру, техникалық шаралар арқылы ішкі резервтен табысты төменгі буындағы жұмысшыларға 10%-ға, басқаларға 5%-ға өсірудің жолы қарастырылуда», – деді Тілек Харин компаниядағы жұмысшыларды тұрақтандыру, қам­қорлық бағытындағы жұмыстары жайында.
«БҚЭЖТК» АҚ-ға қарасты ор­талық кеңседе, 16 аудандық (Приуралье, Фурманов, Тайпақ және т.б.), Орал қалалық электр тора­бы мекемесінде, түрлі қызмет бөлім­шелерінде 1600-дей адам облыс тұты­нушыларына электр қуатын жеткізіп, таратуда. Электр энергетикасы сала­сының майталмандары биылғы қыста облыс аумағындағы қала, ауыл-ау­да­ндардағы, алыс қыстақтардағы жарықтың сөнбей, маздап тұруы үшін еңбек етеді. Соңғы екі жыл мерзім ішінде өңірде апатты жағдайлар орын алмағаны, электр қуатын жеткізуде іркілістер болмағаны қуантады. Соңғы жылдары солтүстік аудандармен қатар оңтүстік аудандарда да қыстың күндері электр сымдарына мұз қатып, желілер істен шығатын жағдайлар кездесіп жүр. Ондайда ұжымдағылар дереу «атқа қонып», жағдайды ретке келтіреді. Тозығы жеткен техниканы жөндеп, ілдебайлап іске жаратып жүрген электриктердің бейнеті зор, олардың өз мамандықтарына адалдығы сүйсінтеді. Компания басшылығы жиі ауысса да, негізгі техникалық мамандар құрамы тұрақты. Рас, жас мамандар жалақы аздығынан өндірісте тәжірибе жинап алып, табысы көп шетелдік компанияларға кетіп қалады. «Біздерде жұмыс істеген адамдарды өзгелер құшақ жая қарсы алады. Өйткені бізде база, тәлімгерлік мектеп мықты. Мұнда қызметке 1990 жылы 27 қарашада келдім. Одан бұрын он жыл Жаңақала ауданындағы «Пятимар» кеңшарында, Ақжайық ауданындағы Ленин атындағы колхозда инженер-электрик болып қызмет еттім. Биыл зейнеткерлікке шықтым, бірақ басшылық мені әзірге демалуға жіберген жоқ», – дейді өз ісінің біл­гірі, талай сарыауыз мамандардың тәлімгері атанған Т.Харин күлімсіреп.
Бүгінде аталмыш компания облыс аумағына жылына 1 млрд кВ электр қуатын тасымалдайды. Әр үйді жарықпен, түрлі техниканың жұмысын, өндірістерді электр қуаты­мен үздіксіз қамтып, ел эконо­мика­сының дамуына өзіндік үлес қосуда.

Батыс Қазақстан облысы

ГҮЛБАРШЫН ӘЖІГЕРЕЕВА

462 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы