• Үкімет: келелі міндеттер көшінде
  • 14 Қаңтар, 2021

Нақты сектор – тұрақтылық факторы

Үкімет басшысы Асқар Маминнің төрағалығымен өткен жаңа жылдағы алғашқы отырыста еліміздің 2020 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының және республикалық бюджеттің атқарылуының қорытындылары қаралды.

 

2020 жылы өңдеу өнеркәсібін, құрылысты, ауыл шаруашылығын қоса алғанда, нақты сектордағы өсім ұлттық экономиканың ілгері жылжуына ұйытқы болды. ҰЭМ-нен мәлім етілгендей, өңдеу өнеркәсібінде 3,9%-ға, оның ішінде металлургия өндірісінде 2,6%-ға, азық-түлік өнімдері өндірісінде 4%-ға, фармацевтикада 47%-ға, машина жасауда 16,3%-ға, оның ішінде автомобиль жасауда 52,5%-ға, сондай-ақ жеңіл өнеркәсіпте 15%-ға өсім қамтамасыз етілді. Құрылыс көлемі 11,2%-ға, тұрғын үйді пайдалануға беру 16,8%-ға немесе шамамен 15,3 млн шаршы метрге ұлғайды. Ауыл шаруашылығында 5,6%-ға тұрақты өсім қамтамасыз етілді. ОПЕК+ қол жеткізілген уағдаластықтарды орындау қажеттілігі аясында тау-кен өндірісі саласында шектеулі динамика байқалады. Сала бойынша НКИ 12 айдың қорытындысы бойынша – 3,7%. ҚР алтын-валюта резервтері мен Ұлттық қордың активтері 2020 жылғы 31 желтоқсанда $94,4 млрд құрап, бір жыл ішінде $3,6 млрд-қа ұлғайды. Экономиканың тұрақтылығы арқасында жұмыс­сыздық деңгейі 5%-ға дейінгі диапазонда ұсталды және халықтың нақты кірістерінің төмендеуіне жол берілмеді. Үкіметтің қазіргі дағ­дарыс жағдайында экономика­ның тұрақтылығын қамтамасыз ету жөніндегі шараларының тиімділігін алдыңғы қатарлы халықаралық қаржы институттары, рейтингтік агенттіктер мен консалтингтік компания­лар бірнеше рет атап өтті. Сонымен қатар, елімізде эпидемиологиялық жағдай ұдайы бақылауда, кейбір өңірлерде азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін белгілі бір шектеулер сақталуда. Қазіргі сәтте қызмет көрсету секторындағы ахуал біртіндеп қалпына келтіріліп жатыр. Желтоқсан айында қарашамен салыстырғанда қызмет сауда (+1,4%) және байланыс (+0,2%) салаларында біршама тұрақталды. Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстары, сондай-ақ Нұр-Сұлтан және Шымкент қалалары негізгі 7 көрсеткіштің 5-і бойынша әлеуметтік-экономика­лық даму өсімін қамтамасыз етті. 4 көрсеткіш бойынша Қарағанды, Маңғыстау, Павлодар облыстары мен Алматы қаласында оң динамикаға қол жеткізілді.

Республикалық бюджеттің атқа­рылу барысына тоқталсақ, Қаржы министрлігінің дерегінше, өткен жылы мемлекеттік бюджетке 9 трлн 751 млрд теңге сомасында кіріс түскен немесе жоспар  102,7% атқарылған. Республикалық бюджетке 6 трлн 561 млрд теңге сомасында кіріс түсті немесе жоспар 100,3% атқарылды. Кірістер бойынша жоспар 22 млрд теңгеге, оның ішінде салықтар 16 млрд теңгеге артығымен орындалды. Салықтар бойынша негізгі асыра орындау сомасы корпоративтік табыс салығына, пайдалы қазбалар өнді­руге салынатын салыққа және шикі мұнайға экспорттық кеден баждарына тиесілі. Сонымен бірге, жоспар қосылған құн салығы бойынша 256 млрд теңгеге атқарылмады. Жергілікті бюджеттердің кірістері 108% орындалып, 3 трлн 191 млрд теңгені құрады. Жалпы жоспар 236 млрд теңгеге, оның ішінде салықтар бойынша 213 млрд теңгеге асыра орындалды. Мемлекеттік бюджеттің шығыстары 98,1%-ға, республика­лық бюджеттің шығыстары – 98,3%-ға, жер­гілікті бюджеттердің шығыстары 99,1%-ға атқарылды. Республикалық бюджет бойынша 14 трлн 234 млрд теңге сомасына шығыстар жүргізілді. Орындалмау 241 млрд теңгені құрады. Оның ішінде 224 млрд теңге – бұл Үкімет резерві бойынша үнемделген ақша және басқа шығыстар бойынша үнем. Игерілмеген сома – 15 млрд теңге. Жергілікті бюджеттердің шығыстары 8,4 трлн теңгені құрады, атқарылмағаны – 78 млрд. 2020 жылы өңірлерге көзделген нысаналы трансферттер толық көлем­де бөлінді және 2,2 трлн теңгені құрады. Алдын ала деректер бойынша, жергілікті жерлерде 99,4%-ы игерілген. Атқарылмағаны – 13 млрд теңге, оның ішінде 2 млрд теңге – үнемдеу, 11 млрд теңге игерілмеді. Өткен жылы республикалық бюд­жеттің параметрлері екі рет нақ­тыланған. Бұл ретте бюджет заңнамасына сәйкес шығыс бөлігі республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің және жергілікті атқарушы органдардың өтінімдері бойынша 8 рет түзетілді. Сонымен қатар, жыл қорытындысы бойынша республикалық деңгейде де, нысаналы трансферттер бойынша жергілікті деңгейде де игерілмеу орын алды. Президенттің мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігіне бағалау жүргізу жөніндегі тапсырмасына сәйкес министрлік тиісті әдістеме мен ақпараттық жүйені әзір­легенін атап өту керек. Қазіргі таңда 2015-2019 жылдар кезеңінде көр­­се­тілген мемлекеттік қолдаудың 67 ша­расы бойынша алдын ала деректер бар.

«2020 – сын-тегеуріндерге толы жыл болды. Уақытылы қабылданған шаралардың арқасында біз оларды еңсере алдық. Еліміздің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуын одан әрі қамтамасыз ету және халықтың тұрмыс сапасын арттыру мақсатында Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасын тиімді іске асыру қажет», – деді талқылауды түйіндеген А. Мамин.

Премьер-министр Мемлекет бас­шысының төрағалығымен өтетін Үкіметтің кеңейтілген отырысында еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша қорытындылар мен алдағы кезеңге арналған міндет­тер егжей-тегжейлі қаралатынын мәлімдеді.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

445 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы