• Мәдениет & Спорт
  • 21 Қаңтар, 2021

Мемлекеттік тіл – ел бірлігінің темірқазығы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев таяуда «Egemen Qazaqstan» газетінде жарияланған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында мемлекеттік тілге қатысты салиқалы ой білдіріп, қазақ тіліне ерекше мән берген. 

«Мемлекеттік тілді білу – Қа­зақстанның әрбір азаматының парызы. Міндеті деп те айтуға болады. Осы орайда мен барша қазақстандықтарға, оның ішінде қазақ тілін әлі жете меңгермеген отандастарыма Үндеу тастағым келеді. Жастар ағылшын тілін немесе басқа да тілдерді аз ғана уақытта меңгере алатынын көріп отырмыз. Тұтас буын алмасқан осы жылдарда қазақ тілін үйренгісі келген адам оны әлдеқашан біліп шығар еді. Халқымызда «Ештен кеш жақсы» деген сөз бар. Ең бастысы, ынта болуы керек», – деді Президент.
Мемлекет басшысы еліміз­де тұрып жатқан барлық этнос өкілдері қазақ тілін білуі қажет екендігіне баса назар аудартады. «Еліміздің басты нышандарының бірі – мемлекеттік тіл. Қазақстан­ның мемлекеттік тілі қазақ тілі екені Ата заңымызда 90-шы жылдардағы күрделі кезеңнің өзінде нақты жазылған. Біз тәуелсіздік дәуірінде ана тілімізді дамыту үшін барлық жағдайды жасадық. Осы аралықта қазақ тілінде білім беретін мектептер мен оқу орындарының, балабақшалардың саны еселеп көбейді. Бүгінде мемлекеттік тілді білетін қазақтың да, өзге этнос өкілдерінің де үлесі едәуір артты. Қазақ тілін, шын мәнінде, бүкіл халқымызды біріктіруші факторға айналдырудың барлық құқықтық тәсілдері және кепіл­діктері қалыптасты. Мәселе – ниетте. Ниеттің дұрыс болуы қазақ тілін меңгергісі келетін адамдарға да, осы мақсатқа жетуге жағ­дай жасайтын Үкіметке де байланысты», – деген пікірінен-ақ мемлекеттік тілге деген құрмет әрбір қазақстандықтың бойынан табылуы қажет екендігін түсінуге болады. 
Иә, мемлекеттік тілдің дамуына Қазақстан халқы ассамблеясының да қосып жатқан үлесі баршылық. Көпшілікке жақсы белгілі, 1995 жылдың 1 наурызында Қазақстан халқы ассамблеясы құрылды. Бұл – ешбір елде болмаған ерекше, саяси маңызы зор құрылым. Ассамблея 471-ден астам республикалық, өңірлік, облыстық, қалалық ұлттық-мәдени бірлестіктерді, 500-ге жуық кіші ассамблея мүшелерінің басын біріктіріп, еліміздегі ұлтаралық татулық пен ынтымақтастық ісіне қызмет етіп келеді. 
Бүгінде елімізді мекендейтін әрбір этностың салт-дәстүрін жаңғыртуға, мәдениеті мен әде­биетінің дамуына, тілінің жетілуіне қамқорлық көрсетілуде. Осының бәрі Елбасының қоғамдағы азаматтық ынтымақтастық пен ішкі саяси тұрақтылықты сақтау стратегиясын дұрыс таңдап, ұлтаралық қатынастарды рет­теудің тиімді тетіктерін жасай білуінің арқасында мүмкін болуда. Өзара түсіністік пен келісім, әртүрлі ұлттар өкіл­дерінің рухани және мәдени құнды­лықтарына құрметпен қарау әдебі барлық этностарға ортақ жалпыхалықтық идеалдар мен қасиеттерді қалыптастыруға әсер етті. Өзіндік этносаралық және конфессияаралық келісімнің жетілдірілген моделі қалыптас­қан ассамблеяның ұлтаралық қарым-қатынасты нығайтуда ерекше маңызы бар. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 1996 жылы қабылдаған Жарлығы бойынша 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні болып белгіленген айтулы мереке биыл 25-ші рет тойланбақшы. 
Тұңғыш Президентіміздің сарабдал саясатымен негізі қаланған еліміздің бүгінгі өркенді даму жолын «тілі басқа тілегі бір, жүзі басқа жүрегі бір» әрбір қазақстандық жоғары бағалайды. Өйткені, қо­ғамның барлық күш-әлеуетін бір мақсатқа жұмылдырғанда ғана еліміздегі барлық этностардың өзара тең құқықты қатынасы қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ ұрпақтар сабақтастығы арқылы татулықты, сенім мен бірлікті сақтау өте маңызды. Өйткені, тұрақтылық – біздің татулы­ғымыз берік болуы үшін табан тірей­тін тұғырымыз. Олай болса бірлік – баға жетпес байлығымыз. Келер күнгі кемел келешекке жетелейтін жарқын жолымыз, мызғымас мемлекетіміздің жасампаз тұтастығына тірек болып табылады. 
Қазақстан халқы ассамблеясы этностар арасындағы татулық пен бірлікті қалыптастыруда елеулі істер атқаруда. Елімізді мекендеген этностардың тілін, мәдени мұраларын дамытудың, жастарды патриоттық сезімге тәрбиелеудің маңызы зор. Ауызбіршілік пен түсіністік, қарапайым сыйластық үстемдік құрған жерде алға қойған ортақ мақсат қашанда нәтиже­лі болатыны белгілі. Елімізде қалыптасқан ұлтаралық келісім мен тұрақтылықтың арқасында мемлекетіміз өркендеп, ілгері басып келеді. Бейбітшіліксүйгіш Қазақстан халқының татулығы, ынтымақ-бірлігі – біздің еліміздің басты байлығы. Бірінші мамыр, яғни ынтымақ пен бірлік күні Қазақстан аумағында тұрып жатқан ұлт пен ұлыс өкіл­дері киелі қара шаңырақта тату-тәтті, береке мен бірлікте, бейбіт­шілік пен ынтымақта өмір сүріп жатқандығын мерекелейді. Елі­міздегі этностарды бұрынғыдан да жақындастыру үшін бүкіл Қазақстанда жаппай патриоттық шерулер өтеді. Жалпыхалықтық мейрамда әрбір ұлттық-мәдени орталықтар дәстүр мен салтқа толы түрлі көріністер көрсетеді. Спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылады. Алайда, кө­кейде жүрген ойымызды, яғни осындай шараларда мемлекеттік тілдің мәртебесі өз биігінде болса ғой деген тілегімізді жасыра алмаймыз.  
Кезінде Ақордада өткен алқа­лы жиында сол кездегі мем­ле­­кет­тік хатшы Марат Тәжин­нің «...Кез келген ел, тіпті бұған дейін этнос­тық қарым-қатынас саласында барынша либералдық саясат жүргізгендердің өздері бүгінде мемлекеттік тілді міндетті түрде білуге бағдарлануда…» деген сөзін естіп қатты қуандық. Мысалы, Ресейде орыс тілін білмесең мемлекеттік қызметтің маңынан да жүре алмайсың. Сондай-ақ АҚШ, Франция, Жапония, Қытай, тағы басқа алпауыт елдердің бәрінде де мемлекеттік тілдің мәртебесі биік тұрады. Сондықтан алдағы мерекелік шараларда мемлекеттік тілдің мәртебесіне сай мерейін өсіру көзделсе, нұр үстіне нұр болар еді.

Атсалим ИДИГОВ,

Қазақстан халқы ассамблеясының мүшесі,

ҚР Президенті сыйлығының лауреаты:

 – Қазақстан халқы ассамблеясы «Мемлекеттік тілді ұлықтайық!» атты ұзақ мерзімді республикалық акцияны қолға алса жақсы болар еді. Акция шеңберінде қазақ тілін дәріптейтін күнделікті «дөңгелек үстелдер», семинарлар, ток-шоулар мен байқаулар, әртүрлі оқулар, тіл ғалымдарымен кездесулер, тегін дәрістер ұйымдастырылып тұрса деймін. Нәтижесінде, қазіргі таңда жетіспей жатқан тілдік ортаның қалыптасуына жол ашылады. Ең бастысы, адамдар мемлекеттік тілде ойлауға үйренеді, құрметі артады деп есептеймін.

    Елбасының «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін!» деген танымал сөзі бар. «Мемлекеттік тіл – біздің тіл! Қазақ тілін біз сыйламасақ, басқа кім сыйлайды? Біз қорғамасақ, кім қорғайды? Біз сақтамасақ, кім сақтайды?». Мемлекеттік тілді білмейтіндерге осы сөздерді аударып, ішкі мағынасына үңілуді ұсынамын. Одан кейін латын қарпімен қайтадан қазақ тілінде жазуы қажет. Сіз үшін Ұлы даланың ұлы мұрасы, әлемдегі ең бай әрі түркілердің ең таза тілі – қазақ тілін үйренудің маңызы зор.

 

Алла ЧЕЧЕТКИНА, журналист:

– Ұлтым – молдаван. Өзім қазақтың салт-дәстүрі және мәдениетімен сусындап өскенмін. Қазақ тілін білу үшін мен сияқты көрші қазақ әженің тәрбиесін көріп өсу керек. Сол кісінің қолдың сары майын қосып дайындаған таба нанының дәмі әлі таңдайымнан кетпейді. Ата-анамның ақылымен қазақ сыныбында оқыдым. Қазір Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінде журналистика мамандығы бойынша магистратурада оқимын. Қазақтың нанын жеп, суын ішіп өскендіктен, ең алдымен қазақ тіліне құрмет көрсетілуін жөн деп білемін. Мемлекеттік тілде сөйлемесек, білуге тырыспасақ, біздің егемендігімізге қосқан үлесіміз немен өлшенеді?! Барлық қандас бауырларымды қазақ тілін білуге, сүюге, өмірлік рухани азық етуге шақырамын. Жаһандану заманында қазақы тәрбие ұмытылмаса екен деп тілеймін.

 

Василий ПАК, IT саласының маманы:

– Батыс Қазақстан облысының тумасымын. Әке-шешем жұмыс барысымен Қызылордадан еліміздің батыс өңіріне орныққан болатын. Ал аталарым сонау  отызыншы жылдары Кореядан Қазақстанға қоныс тепкен. Көпбалалы отбасынан шыққанмын. Ауылда тұрып қазақ мектебінде оқыдым. Достарымның барлығы қазақ болды. Қазақстанда тұратын барлық азамат тек мемлекеттік тілде сөйлеуі тиіс. Ұлтым кәріс болса да, өзімді қазақпын деп сезінемін. Алматыда көптен бері тұрып келемін. Бұл әсем қалада өзге ұлт арасында өтетін байқауларға да қатысқанмын.

Нұрлан ҚҰМАР

400 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы