• Бизнес & Қоғам
  • 21 Қаңтар, 2021

Сөз бен істің арасы алшақтамауы керек

Жетпісбай Бекболатұлы,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры
e-mail: Zhetpisbay.Bekbolatuly@kaznu.kz 

Жақсы сөзді жарым ырысқа балаған халқымыз тарихтың қандай қиын кезеңдерінде де келешектен күдер үзбей, басқа түскен небір нәубеттерге салауат айтып, болашаққа үмітпен көз тіккен. Қол бастаған көсем мен сөз бастаған шешеннің, қара қылды қақ жарған тура бидің қадір-қасиеті де нақ осындай ел тағдыры сыналған тұстарда таразыға тартылған. Ал, Тәтіқара ақын жырға қосқан болат найзалы батырдың ерлігі «алдыдан су, арттан жау қысқанда» безбенге түскен. Жырау айтқан «басы майда қамыстың түбі сайда қалған», ел ерге қараған заманда ат жалын тартып мінген азамат Сөз қадірін өз қадірінен жоғары бағалаған. 
Ғаламдық шаруашылық байланыстар баяулап, экономикалық белсенділік бәсеңдеген, бейнелеп айтқанда «алдыдан әлем елдерін шарпыған пандемия, арттан өндіріс қарқынын төмендеткен рецессия қысқан» қазіргі сәтте отандық кәсіпкердің қолтықтан демейтін жылы сөзге, қолдайтын қаржы көмегіне зәру боп отырғаны сөзсіз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың VII шақырылымдағы Парламенттің бірінші сессиясының ашылуында сөйлеген сөзі бұл тұрғыдан алғанда кезекті алқалы жиындағы дәстүрлі сөз емес. Мемлекет басшысының «ел-жұртымыз егемендігіміздің төртінші онжылдығына қадам басар тұста бұрын болмаған жаңа сын-қатерлермен бетпе-бет келіп отырғаны» туралы тұжырымына орай заң шығарушы билік құрылымына биыл, Тәтіқара жырауша айтсақ, «алдыдан су, арттан жау қысқан» қиын да қысылтаяң тұста сайланған депутаттарды бұрынғының тілімен төбе билер деп атағанымыз, сөйтіп, оларға халықтың, мемлекеттің алдында зор жауапкершілік жүктегеніміз орынды. Өйткені, төбе билердің Сөзі мен Ісі алшақ кетпеген. Осыған орай Президент те «тарихи кезеңде сенім мандатына ие болған депутаттар ел үмітін ақтап, Отанымызға адал қызмет етеді деп кәміл сенемін», деп атап өтіп, «бәрімізді зор міндеттер мен ауқымды істер» күтіп тұрғанына тоқталды. «Құрамы жаңғырған жаңа Мәжілістің қызметке кірісуі еліміз үшін символдық мәні бар екі оқиғамен тұспа-тұс келеді. Біз қастерлі Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейлі межесіне қадам бастық. Сондай-ақ қазіргі заманғы Қазақстан парламентаризмі ширек ғасырлық белеске жетті. Біз ғана емес, күллі дүниежүзі мүлде жаңа дәуірге бет бұрды. Өркениеттің даму жолы мен әлемдік құрылымның түп негізі түбегейлі өзгеріске ұшырауда. Алдымызда сынақтар мен сын-қатерлер аз болмайды. Дегенмен, барлығымыздың ең басты міндетіміз – пандемияның салдарын еңсеру. ХХІ ғасырдың жиырма бірінші жылы барша адамзат үшін бетбұрыс кезеңіне айналмақ. Бұл жыл алдағы онжылдықтың басты бағдарын айқындайды. Мұндай күрделі жағдайда уақыттан ұтылуға және бір сәтке де босаңсуға болмайды. Біз қиындықтармен күресіп қана қоймай, жаңғыруға жол ашып, жаңа серпінге ие болдық. Осы қарқынды сақтап, бағдарымыздан жаңылмау өте маңызды. Сондықтан Тәуелсіздіктің 30 жылдығында кешенді реформалар жүргізілетін болады», деп Қасым-Жомарт Тоқаев төбе билердің алдында тұрған іргелі міндеттерге тоқталды. 
Мемлекет басшысы ұлттық экономиканың үдемелі өсуінсіз азаматтардың әл-ауқатын қамтамасыз ету мүмкін еместігіне, сондықтан да шағын және орта кәсіпкерлікке қолдау көрсету, сондай-ақ жалпы алғанда бизнеске қолайлы жағдайлар жасау керектігіне баса назар аударды. Осыған орай іргелі жаңа реттеу саясатына негізделген кәсіпкерлікті қолдау тетік­терін әзірлеу қажет. Үкімет экономикалық қызметті қолдау үшін антициклдық макроэкономикалық саясатты жалғастыруы керек. Фискалдық саясатты жетілдіру шеңберінде Салық кодексін оны оңайлату, іскерлік белсенділік пен бәсекелестікті ынталандыру тұрғысынан қайта қарау керек. Президент жаңа сайланған депутаттардан заң жобаларын кәсіпкерлердің тілектері мен қоғамдық мүдделерді ескере отырып, жан-жақты қарастыруды өтінді. «Мемлекеттің меншік иесі және реттеуші ретіндегі рөлін төмендету, бұрын басталған жекешелендіру бағдарламасын жалғастырып, аяқтау, квазимемлекеттік сектордың мақсатын, рөлі мен атқарымдарын қайта қарау» қажеттігін атап өткен Қ.Тоқаев «еңбек нарығының серпінді трансформациясын ескере отырып, жұмыс күшінің төмен өнімділіктен экономиканың неғұрлым өнімді салаларына ағынын ынталандыру керек, мұның өзі елді алғашқы индустрияландыруды аяқтауды талап етеді» деп түйіндеді. Ел өнеркәсібі икемді болып, қазіргі өзгерістерге бейімделуі керек. Индустриялды саясат бойынша жүйелі қайта құрулар жалғасын табады. Жаңа мемлекеттік жоспарлау жүйесін, елдің 2025 жылға дейінгі жаңартылған ұлттық даму жоспарын, сондай-ақ мемлекеттік басқарудың жаңа тұжырымдамасын бекіту жоспарлануда. Қабылданған құжаттардың ауқымы мен маңыздылығын ескере отырып, оларды жүзеге асыру үшін тиісті заңнамалық базаны әзірлеу қажет. Үкімет бірінші жартыжылдықтың аяғына дейін мемлекеттік бағдарламалардың Ұлттық жобаларға айналуын қамтамасыз етуі керек. Басты басымдық – халықтың тұрмыс сапасын жақсартып, әл-ауқатын арттыру. Өйткені, жұрт жасанды жетістіктерді емес, көзбен көріп, қолмен ұстайтын нақты нәтижені күтеді. Халық экономикалық және әлеуметтік бағдарламалардың жемісті болғанын қалайды. 
Мемлекет басшысының «біз осы мақсаттағы ауқымды жұмыстарға барлық белсенді азаматтарды тартамыз. Олардың әрқайсысы ел тағдырына әсер ететін шешімдерді қабылдауға өздері тікелей қатысатынын білгені, ортақ іске үлес қосып жатқанын сезінгені жөн» деген тұжырымы өте маңызды. Осыған орай  уәде үдесінен көріну және Сөз бен Іс арасының алшақтамауы депутат мандатын иеленген халық қалаулыларына ғана қатысты тірлік болмауы керек, оны бүкіл ел болып қадағалауымыз қажет.

779 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы