• Үкімет: келелі міндеттер көшінде
  • 21 Қаңтар, 2021

Жаппай вакциналау басталады

Төрткүл дүниені жайлаған коронавирус пандемиясының қарқыны медициналық көмек пен тестілеудің қолжетімділігіне, қабылданатын карантиндік шараларға және халықтың ауру таралуының алдын алу амалдарын ұстануына байланысты әрқалай сипатталуда. Осының аясында елдегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдай Премьер-министр Асқар Маминнің төрағалығымен жаңартылған құрамда өткен Үкіметтің алғашқы отырысында қаралды.

Қазақстанда пандемия бас­талғаннан бері COVID-19-ға оң нәтижемен 170 098 науқас және 46 866 КВИ- жағдайы тіркелген. КВИ+ 154 449 науқас және КВИ- 34 656 науқас емделіп шықты. Қайтыс болған адамдар саны – КВИ+ 2 423 адам және КВИ- 542 адам. Оның ішінде соңғы тәулікте КВИ+ 999 жағдай және КВИ- 18 жағдай тіркелді, оның ішінде 9 – өлім жағдайы. Денсаулық сақтау министрі А.Цойдың айтуынша, күн сайын матрицаға сәйкес эпиджағдайға бағалау жүргізілуде. 19 қаңтарда қызыл аймақта 6 өңір тұр: Ақмола, Атырау, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстары және Нұр-Сұлтан қаласы. Сары аймақта 3 өңір – Батыс Қазақстан, Алматы және Қарағанды облыстары. Қалған 8 өңір – жасыл аймақта. Жалпы алғанда, республика бойынша қараша айынан бастап КВИ-мен сырқаттанушылықтың өсуі тіркелді. Мәселен, қазан айымен салыстырғанда қараша айында сырқаттанушылық 4,5 есе, қарашамен салыстырғанда желтоқсан айында 1,2 есе өсті.  Бірқалыпты өсу үрдісі қаңтар айында да сақталып отыр, бұл желтоқсан мен қаңтар айларында ұзақ мереке күндері халықтың барлық профилактика шараларын сақтамауының салдарынан. Мысалы, қаңтардың 20 күні  Қазақстанда 1134 адамнан коронавирус инфекциясы ПТР тест арқылы анықталды. Республикада вирустың репродуктивтік көрсеткіші – 1,1. Инфекциялық төсек орындардың жүктемесі – 32%, реанимациялық төсек орындар – 23%. QazCovid-in отан­дық вакцинасы клиникалық сынақтардың III кезеңінен өтуде (алдын ала тиімділігі – 96%). «Спутник V» вакцинасының сапасын аттестаттау жұмыстары жүргізіліп жатыр. GMP стандарты бар вакциналар шығаратын биофармзауыт салынуда.
Денмин болжау жөніндегі жұмыс тобы міндетті маска тағу режимін, әлеуметтік қашықтықты сақтауды және күтілетін вакцинацияны қоса алғанда, қолданыс­тағы шектеу шаралары сақталған жағдайда 2021 жылдың соңына дейін эпиджағдайдың дамуына болжам жасады. «Жағдайлар осы жылдың наурыз айының соңында көп тіркелуі мүмкін. Оптимистік сценарий бойынша тәулігіне 3 мың жағдайға дейін күтілуде, ал төсек қорының барынша қамтылуы 24 мың төсекке дейін жетуі мүмкін. Дегенмен, аталған сценарий ке­зінде қатаң карантиндік шараларды енгізу жоспарланып отырған жоқ», – деді А. Цой. Реалистік және пессимистік сценарийлер кезінде күн сайын тиісінше 6 және 9 мың жағдайға дейін тіркелуі мүмкін, ал төсек қорының қамтылуы 45 мың төсекке дейін жетеді, яғни КВИ-мен ауыратын науқастарға қолжетімді 52 мың төсектен ас­пайды, бірақ денсаулық сақтау жүйесіне шамадан тыс жүктеме түсірмеу және сапалы медициналық қызмет көрсетуді қамтамасыз ету үшін қатаң карантиндік шараларды енгізу қажет болады. Бірінші кезеңде 2 млн адамды вакцинациялау эпидемияның дамуына оң әсер етеді, бұл вакцинациядан кейін иммунитетті дамыту үшін қажетті уақытпен, халықтың көп бөлігін бір уақытта вакцинациялаудың мүмкін еместігімен шектеледі. Осылайша, алдағы 1 ақпанда – егуге жататын халық топтарын КВИ-ға қарсы вакцинациялау басталады. Екпе вакцинаның келіп түсуін ескере отырып, кезең-кезеңмен жүзеге асырылатын болады. Бұл ретте контингенттер түрі бірнеше кезеңге бөлінген. Бірінші кезекте медицина қызметкерлері, мұғалімдер, күштік құрылымдар қызметкерлері егіледі. Сөйтіп, жыл соңына дейін 6 млн қазақстандыққа вакцина егу жоспарланған. 
«Бүгінгі таңдағы ең маңызды міндет – халықты жаппай вакци­налауды ұйымдастыру», – деді А.Мамин. 
Үкімет басшысы Денсаулық сақтау министрлігіне әкімдік­термен бірлесіп, 1 ақпаннан бастап медициналық ұйымдардың халықты «Спутник V-мен» жаппай вакциналауды бастауға дайын болуын қамтамасыз етуді тапсырды. Өңірлердің әкім­де­ріне эпидемиологиялық ахуал нашарлаған жағдайда алдын ала шектеу шараларының жоспарын әзірлеу, халық пен бизнес субъектілерінің белгіленген санитариялық нормаларды қатаң сақтауын қамтамасыз ету, бір апта мерзімде инфекция­лық стационарлар мен алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарында жеке қорғаныш құралдары мен коронавирусқа қарсы дәрі-дәрмек қорларына тексеріс жүргізу міндеттелді. Ішкі істер министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп, мониторингтік топтардың жұмысын күшейту, Ақпарат ми­нистрлігімен бірлесіп түсіндіру жұ­мыстарын күшейту тапсырылды.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

458 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы