• Ақ Орда
  • 21 Қаңтар, 2021

Президент бастамалары: Жаңғыртулар бар салада жүйелі жүргізілуі тиіс

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев VII шақырылымдағы Парламенттің бірінші сессиясының ашылуында бірқатар саяси бастама көтерді. Бұл – саяси жаңғыру бағытында жүйелі  түрде дәйектілікпен жүзеге асырылып келе жатқан реформалардың үшінші президенттік топтамасы.

Мемлекет басшысы сессия­ның ашылуында сөйлеген сөзінде құрамы жаңғырған жаңа Мәжілістің қызметке кірісуі еліміз үшін символдық мәні бар екі оқиғамен тұспа-тұс келіп отырғанын атап өтті. Ол – ел Тәуелсіздігінің отызжылдық мерейтойы мен қазіргі заманғы Қазақстан парламентаризмінің ширек ғасырлық белесі. Мемлекет басшысы осы тарихи кезеңде сенім мандатына ие болған депутаттар халық үмітін ақтап, Отанымызға адал қызмет ететініне сенім білдірді, деп хабарлайды Ақ­орданың баспасөз қызметі.

Тәуелсіздіктің 30 жылдығында кешенді реформалар жүргізілетін болады. Барлық күш-жігер тиімді мемлекет пен әділетті қоғам құруға жұмылдырылады. Бірінші, яғни ең басты басымдық – халықтың тұрмыс сапасын жақсартып, әл-ауқатын арттыру. «Жұрт жасанды жетістіктерді емес, көзбен көріп, қолмен ұстайтын нақты нәтижені күтеді. Халық экономикалық және әлеуметтік бағдарламалардың жемісті болғанын қалайды. Біз осы мақсаттағы ауқымды жұмыстарға бар­лық белсенді азаматтарды тартамыз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы көздеген мақсатқа жету үшін барлық салаларда дәйекті өзгерістер жасалатынын, ол үшін қандай басымдықтарға мән беруіміз қажет екенін айтты. Ең алдымен, құқықтық мемлекетті дамытуға және азаматтардың билік органдарына сенімін нығайтуға күш салу керек. «Осы бағыттағы реформалар жүйені байыппен орталықсыздандыруды, мемлекеттік аппаратты жаңғыртуды, квазимемлекеттік секторды оңтайлан­дыруды және барлық үдерісті цифрландыруды қамтиды. Сол арқылы мемлекеттік аппарат барынша ықшам, ашық әрі тиімді, ал, шешім қабылдау үдерісі икемді және айқын болады. Азаматтардың құқықтары лайықты қорғалмаса, әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан даму мүмкін емес», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Екінші басымдық – қуатты әрі инклюзивті қоғам қалыптастыру. Мемлекет басшысы бұл жолдағы негізгі құрал тиімді әлеуметтік саясат екенін айтты.

«Соңғы жылдары білім беру саласын реформалауда ілгерілеу бар. Сонымен қатар осыған дейін қордаланып қалған бірқатар мәселені шешу қажет. Әртүрлі әлеуметтік топтар мен аймақтар арасындағы білім беру сапасындағы алшақтықты азайту – маңызды міндет. Бұл ретте қайта оқыту және қызметкерлердің біліктілігін тұрақты түрде жетілдіру бойынша жаңа саясат қажет. Осы мақсатта арнайы ұлттық жоба әзірлеп, іске асыру керек», – деді Президент.
Пандемия жағдайында өзектілі­гін көрсеткен отандық денсаулық сақтау саласы да жаңғыртылады. Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік қамсыздандыру саясатын қайта жаңғыртып, мемлекет көмекке мұқ­таж азаматтарды қолдауға басым­дық беруі тиіс екенін жеткізді. Әлеуметтік инфрақұрылымның негізгі бағыттарының бірі – отандық зейнетақы жүйесі. Мемлекет басшысы аталған жүйенің әділетті, тұрақты, халықтың мүддесіне сай құрылуы қажет екенін атап өтті.
Үшінші басымдық – ұлттық экономиканы тұрақты дамыту. Онсыз халықтың әл-ауқатын арттыру мүмкін емес. Бұл тұрғыда Мемлекет басшысы үкіметке экономикалық белсенділікті қолдауға бағытталған контртізбекті макроэкономикалық саясатты жалғастыруды тапсырды. Сондай-ақ бизнеске қолайлы жағдай қалыптастыруды міндеттеді. «Еңбек нарығының тез өзгеруін ескере отырып, жұмыс күшінің өнімділігі төмен секторлардан экономиканың неғұрлым өнімді бағыттарына бет бұруын қолдау қажет. Бұған дейін айтқанымдай, еліміздің өнеркәсібі икемді және қазіргі өзгерістерге бейім болуы керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Аумақ пен кеңістік тұрғысы­нан еліміздің теңгерімді дамуы – төртінші басым міндет. Бұл ретте барлық өңірлерді біртұтас экономикалық кеңістік арқылы байланыстыратын аса маңызды салаларды дамытуға баса назар аударылады. «Өңірлерді, қалаларды, аудандар мен ауылдарды өзара байланыстыратын инфрақұрылымды жақсартуға басымдық беріледі. Жаңа стандарттарға сәйкес 3500-ден астам ауылды жаңғыртамыз. Айналасындағы елді-мекендердің тірегі саналатын әрбір ауылға баратын жолдар мен республикалық маңызы бар күре жолдар 100 пайыз жөнделеді», – деді Мемлекет басшысы.
Осы орайда жергілікті өзін-өзі басқаруды әрі қарай жетілдіру үшін бюджеттік рәсімдерді жеңілдетіп, өкілді және атқарушы органдардың дербестігін арттыру маңызды екені де айтылды.
Бесінші, реформалардың басты бағытының бірі – саяси жаңғыру. Оның негізгі қағидаты – барлық өзгерістерді жалпыұлттық диалог пен мәмілеге сүйеніп, эволюциялық жолмен жасау. Президент биыл жекелеген ауылдық округтерде сайлау өтетінін мәлімдеді. «Біз жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін ең төменнен бастап нығайтуды көздеп отырмыз. Бұл – өте маңызды мәселе. Сондықтан алдағы уақытта ауыл әкімдерін сайлағаннан кейін аудан әкімдерін сайлауға көшуге болады. Алайда, мұнымен де шектеліп қалмауымыз керек. Саяси жүйені орнықтырып, шешім қабылдау үдерісіне азаматтардың ықпал етуін күшейте түсу үшін тың серпін қажет», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент биылғы сайлау науқаны карантин шектеулеріне қарамастан  қаншалықты қызу өткеніне тоқталды. Кейбір партиялардың Мәжіліс пен мәслихаттарға өтуіне сәл ғана дауыс жетпей қалды. Осындай пар­тиялардың өкілдері Парламентке өтсе, ондағы пікірталасты қыздыра түсер еді, ортақ жұмысқа тиімді болар еді деген ойымен бөлісті. Сондықтан саяси партиялардың Мәжіліске өту шегін 7-ден 5 пайызға төмендетуіміз керек, деді. Бұл заң жүзінде тіркелген партияларды алдағы сайлауларға қатысуға ынталандырады. Сондай-ақ елдегі саяси бәсекенің дамуына септігін тигізеді. Яғни мемлекеттік саясатты жүргізу үшін халықтың пікірін неғұрлым көбірек қамтып, ескеріп отыруға мүмкіндік береді.
Алтыншы басымдық –  азаматтық қоғам өкілдерінің белсенділігін арттыру, жастар саясатын жетілдіру және қайырымдылық қызметін қолдау мәселелерін ұдайы назарда ұстау. Осы орайда Президент қайырымдылық шараларына және волонтерлік жобаларға атсалысатын бизнес өкілдері мен жеке тұлғаларға түрлі жеңілдіктер берілуі қажеттігін атап өтті. «Тәуелсіздік ұрпақтары» атты ұлттық жоба, мемлекеттік жастар саясаты және волонтерлік қызмет туралы заңдар дайындалып жатыр. Депутаттар «жастардың әлеуметтік қызметтері» деген ұғымды заң жүзінде ресімдеуі керек. Әлемдік тәжірибеге сәйкес Қазақстанда «Жастардың даму индексін» енгізген жөн. Жергілікті атқару органдарының жастар саясатын жүзеге асыруға қатысты жұмысы соның негізінде бағаланады», – деді Мемлекет басшысы.
Жетінші – адам құқықтарының толық қорғалуы. Бұл мемлекеттің басты мақсатының бірі болып қала береді. Осы ретте азаматтардың таңдау еркіндігін барынша қамтамасыз ету өте маңызды. «Әлемдік тәжірибеде адамның қандай да бір сайлауға келіспейтінін немесе үміткерлердің бәріне қарсы екенін заңды түрде біл­діру құқығы кеңінен қалыптасқан. Шын мәнінде, баламалы пікір және бәріне қарсы дауыс беру ұғымы біз үшін де қалыпты нәрсе болуға тиіс. Сондықтан барлық деңгейдегі сайлау бюллетендеріне «бәріне қарсымын» деген жазу енгізген жөн. Бұл бастама азаматтардың сайлау құқығын қорғауға жағдай жасайды. Таңдауы жоқтығын ресми көрсетудің өзі таңдау емес пе?!» – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент атап өткендей, ұсы­нылған бастамалар – қазір күн тәртібінде тұрған ұзақ мерзімді әлеуметтік-экономикалық, саяси реформалардың бір бөлігі ғана. Оның көптеген бағыты бойынша қажетті заң жобалары талқыланып жатыр. «Депутаттар бұл жұмысқа белсене қатысып, Үкіметпен сындарлы қарым-қатынас орнатуы қажет деп санаймын. Менің негізгі ұстанымым – қоғамдағы барлық өзекті мәселелер, ең алдымен, Парламентте талқылануға тиіс. Қоғам өкілдері мен сарапшылар заң жобаларын дайындау ісіне барынша атсалысуы керек. Азаматтардың наразылығын туғызуы мүмкін даулы мәселелер бойынша тиімді кері байланыс орнату – басты талаптың бірі. Парламенттің алдында маңызды екі міндет тұр. Бұл – сапалы заңдар қабылдау және өзекті мәселелердің шешімін табатын орталыққа айналу», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы ел мүддесі үшін аянбай қызмет ететін қайнаған жұмыс ортасы – Парламент депутаттарына халқымыздың оң өзгерістер күтетінін әрдайым есте ұстаған абзал екенін айтып, шешім қабылдау кезінде асқан жауапкершілік танытуға шақырды.

БЕКЕТ КӨКЕНАЙҰЛЫ

520 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы