• Аймақ тынысы
  • 29 Қаңтар, 2021

Дамуға бағытталған бағдарлама өз жемісін бермек

Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың қатысуымен облыстық мәслихаттың VII шақырылымының бірінші сессиясы өтіп, онда өңірдің 2021-2025 жылдарға арналған даму бағдарламасы бекітілді. Аталмыш бағдарламаны жүзеге асыруға 3,5 трлн. теңге қарастырылып отыр. Ең бастысы, бұл құжат әкімдердің есеп беру жиындарында, жеке қабылдауларда, «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының қоғамдық қабылдауында айтылған, әкімнің жеке блогына келіп түскен өтініш-тілектерді ескере отырып дайындалған.

Сессияны ашқан облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Тимур Дәуітов мәслихат депутат­тығына сайланған депутат­тарды құттықтап, таяуда өткен Парламент Мәжілісінің және жергілікті өкілді органдары депу­таттары сайлауының қоры­тын­дысымен таныстырды.

Осы жиында сессияның төр­ағасы болып Әсет Қыдырманов сайланып, облыстық мәслихат­тың хатшылығына ұсынылған Жанболат Жөргенбаевтың кан­ди­датурасын депутаттар бір­ауыз­дан қолдады. Сол сияқты облыстық мәслихаттың тұрақты комиссияларының тізімі мен сан құрамы белгіленіп, тұрақты комиссиялардың төрағалары мен мүшелері сайланды. «Nur Otan» саяси партиясының депутаттық фракциясы тіркелсін деген шешім қабылданды.

Ал Алматы облысының 2021-2025 жылдарға арналған даму бағдарламасының жоба­сын депутаттарға облыс әкімі­нің орынбасары Жеңіс Тұяқов таныстырды. Бұл өңір эконо­микасының алдағы 5 жылдағы сапалы және тұрақты өсімін қамтамасыз етуге бағытталған құжат болмақ. Халықпен кері байланыс орнату барысында айтылған өтініштердегі мәселе­лерді қамти отырып әзірленген бағдарлама «Nur Otan» партия­сының сайлауалды бағдарлама­сымен үндес. Онда негізгі үш бағыт айқындалған: «Өңір экономикасын көтеру», «Өмір сүруге жайлы және қауіпсіз өңір», «Өмір сүрудің жаңа сапасын қамтамасыз ету». Барлығы 16 мақсат, 25 мақсатты индикатор белгіленген. Оның ішінде тұрғын үй, денсаулық сақтау, білім беру, спорт және басқа да маңызды нысандар салу, ауыз су, газ, жылу жүйелерінің, жолдардың құрылысы, жұмыспен қамту және басқа да әлеуметтік-экономикалық дамуға ықпал ете­тін шаралар толықтай қамтылған.

Жалпы Алматы облысының 2021-2025 жылдарға арналған даму бағдарламасын жүзеге асыруға 3,5 трлн. теңге қарастырылған, оның 2 трлн. 300 млрд. теңгесі – бюджеттік, 1 трлн. 200 млрд. теңгесі – жеке қаражат.

Құжатты облыс депутаттары бірауыздан қолдады.

  Сессияда сөз алған облыс әкімі Амандық Баталов: «Баршаңызды жетінші шақырылған Алматы облыстық мәслихатының бірін­ші сессиясының ашылуымен құт­тықтаймын! Қазақстан Рес­публикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Парламент палаталарының кеңейтілген отырысына қатысып, жаңадан сайланған Мәжіліс депутаттарын құттықтады. Өз сөзінде Мемлекет басшысы саяси реформалардың негізгі бағыттарын атап өтті. Басты назар – тиімді әлеуметтік саясатты жүргізуге, оның ішінде денсаулық сақ­тау саласын жаңғырту, аурудың алдын алу мақсатында бұқаралық спортты дамыту, зейнетақы жүйе­сіне әрі қарай енгізілетін өзгеріс­терді пысықтау қажеттілігін көр­сетті», – деп атап өтті.

Сонымен қатар облыс басшысы өткен сайлау барысы, ондағы ха­лықтың белсенділігі, сайлаудың демократияны дамытуға қосатын үлесі туралы айта келе, мәслихат депутаттарының жаңа құрамында «Nur Otan» партиясынан – 37, ал «Ауыл» және «ҚХП» партияла­ры­ның әрқайсысынан 4 депутаттан кіргенін атап өтті.

Өнеркәсіп, ауыл шаруашы­лығы, білім беру, шағын және орта бизнес сияқты маңызды сала­лардың өкілдері де жаңа құрам­ға енгізілген. Әйелдерге берілетін орынның 30%-дық квотасы талабы да сақталған. Жаңа құрамда жас­тардың өкілдері де бар, олар 16,6% құрап отыр. «Өткен жылы дер ке­зінде қабылданған дағдарысқа қарсы шаралардың арқасында облыс экономикасының негізгі салаларында оң серпін сақталды. Жаңа қабылданған Алматы об­лысының 2021-2025 жылдарға арналған даму бағдарламасында осы көрсеткіштерімізді одан әрі еселеп, өңірді әрі қарай өр­кендетудің нақты қадамдары белгіленіп отыр. Елбасы мен Президент алға қойған, халық­тың әл-ауқатын жақсартуға ба­ғыт­­талған ауқымды міндеттерді атқаруға жаңа құрамдағы мәли­хат белсене атсалысады деген сенім­де­мін», – деді А.Баталов.

Нұрлан ҚҰМАР

395 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы