• Үкімет: іргелі істер үрдісінде
  • 29 Қаңтар, 2021

Эпиджағдайды тұрақтандырудың тәсілдері

Қазақстанда вакцинацияға дайындық жұмыстары аяқталуда. Бұл жайында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында денсаулық сақтау министрі Алексей Цой хабарлады.

COVID-19 вирусын жұқтыру жөнінен әлем бойынша 221 мемлекеттің ішінде Қазақстан 1 млн адамға шаққанда 109-орында, өлім-жітім бойынша 97-орында, тестіленушілер саны бойынша – 69-орында, сауыққандар саны бойынша – 87-орында, ауыр жағдайлар саны бойынша – 50-орында тұр. «Пандемия басталғаннан бері Қазақстанда COVID-19 оң нәтижесімен 179 720 науқас және КВИ- нәтижесімен 47 445 жағдай тіркелді. Науқастардың 87%-ы сауығып шықты. Қазір инфекциялық стационарлардың жүктемесі – 31%, реанимациялық төсек-орындардың жүктемесі – 19%», – деді ведомство басшысы.

Министрлік эпидемиялық жағдайға күн сайын бақылау жүр­гізуде. Мысалы, 26 қаңтардағы жағ­дай бойынша «қызыл аймақта» 8 өңір бар: Ақмола, Атырау, Қостанай, Павлодар, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облыстары және Нұр-Сұлтан және Алматы қалалары. Бұл ретте Ақмола, Павлодар, Қостанай облыстарында эпидемиологиялық ахуалға тиісті бақылаудың жоқ­тығы байқалады. Нәтижесінде, елдегі аурулардың 40%-ы осы аймақтарға тиесілі. Осыған байланысты аталған өңірлердің әкімдері тиімді қосымша шектеу шараларын қабылдап, олардың сақталуын бақылауды қамтамасыз етуі қажет. Жалпы республика бойынша қараша айынан бастап КВИ ауруының өсуі байқалады, желтоқсан айында қарашамен салыстырғанда 1,2 есе өсу байқалды. Орташа өсу үрдісі қаңтар айында да сақталды. Мәселен, қаңтар айында КВИ-мен ауырудың 24 247 жағдайы тіркелген. Шығыс Қазақстан облысын қоспағанда, барлық өңірлерде сырқаттанушылық көбеюде. Науқастарға көмек көрсету үшін республикада 74 мыңнан астам дәрігер тартылған, оның ішінде 28 мыңға жуығы – бейінді мамандар. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен бірлесіп жұмыс істегеннен кейін дәрілік препараттардың бағасын 27%-ға төмендетуге қол жеткізілді. Ауыл халқының медициналық көмекке қолжетімділігі қолда бар жылжымалы медициналық кешендер есебінен, оның ішінде 2020 жылы қойылған 100 ЖМК есебінен қамтамасыз етіледі. Өт­кен жылы өңірлерге 1167 бірлік санитарлық автокөлік жеткізілді. Инфекциялық стационарларға 5 мыңнан астам ӨЖЖ аппараты жеткізілді, шамамен 43 мың төсек-орын оттегімен қамтамасыз етілді. Бұдан басқа, 15 инфекциялық стационар салынды, 3 қайта бейінделген нысанның жөндеу жұмыстары аяқталды, 1 нысанның құрылысын ағымдағы жылдың ақпан айында аяқтау жоспарланып отыр. Барлық өңірлерде жалпы сомасы 17 млрд теңгеге тұрақтандыру қорлары құрылды. «Бірыңғай дистрибьютордың 4 хабында COVID-19 бойынша дәрі-дәрмектердің екі айлық жаңартылатын қоры, 10 млн маска және 400 мың жеке қорғаныс құралдары қалыптастырылды. Тестілеу қуаты тәулігіне 40 мыңнан 100 мыңға дейін артты. Осылайша, қабылданған шара­лар COVID-19 ауруының ағымдағы өсуін ескере отырып, халық­тың медициналық көмекке қол­жетімділігін қамтамасыз етуге мүм­кіндік береді», – деді денсау­лық сақтау министрі.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 1 ақпанда республикада вакцинация науқаны басталатыны белгілі. Вакцинация вакцинаның түсуін ескере отырып, кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Жыл соңына дейін 6 млн-ға жуық қазақстандықты вакцинациялау жоспарланған. Бірінші кезеңде вакцинация КВИ-мен күресудегі «алғашқы желі» қызметкерлеріне жасала­ды – бұл медицина қызметкерлері, педагогтар және күш құры­лым­дарының қызметкерлері. Қа­зіргі уақытта вакцинацияны бастауға дайындық жұмыстары аяқталуда. Жүйелі есепке алу мақсатында вакцинациялау­дың электрондық паспорты әзірленді. Вакцинация жүргізу туралы деректер министрліктің орталықтандырылған ақпараттық жүйесінде электрондық форматта жүргізілетін болады. Веб-қосымшада пациент пен медицина қызметкерінің m-gov мобильді қосымшасында ақпаратты қолмен енгізуге мүмкіндігі бар.

Сондай-ақ министр 2021 жылдың соңына дейін эпиде­мио­логиялық ахуалды дамыту жө­ніндегі болжамдарымен бөліс­ті. Мәселен, міндетті маска режи­мін, әлеуметтік ара қашықтықты және күтілетін вакцинацияны қоса алғанда, қолданыстағы шектеу шараларын сақтай отырып, ауру жағдайларын тіркеудің ықтимал өршуі осы жылдың наурыз айының соңында орын алуы мүмкін. Оптимистік сценарий бойынша тәулігіне 3 мың жағдайға дейін тіркеу күтілуде, ал төсек-орын қорының қамтылуы 24 мың төсек-орынға дейін жетуі мүмкін. Пессимистік сценарий бойынша тіркеу тәулігіне 9 мың жағдайға, ал төсек-орын қорын қамту 45 мың төсек-орынға дейін жетуі мүмкін, бұл денсаулық сақтау жүйесінің шамадан тыс жүктемеленуіне жол бермеу үшін қатаң карантин шараларын енгізуді қажет етуі мүмкін. Болжам бойынша, бірінші жартыжылдықта 2 млн адамды вакцинациялау 40 мыңға дейін тіркелетін жағдайды азайтады. Вакцинациядан болатын әсер бірінші кезеңде иммунитетті қалыптастыруға қажетті уақытпен және халықтың көп саны бір мезетте вакцинациялаудың мүмкін еместігімен шектелетін болады. Кейіннен вакцинацияның әсері күшейіп, елдегі эпидемиологиялық жағдайдың тұрақтануына әкеледі.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

414 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы