• Мәдениет & Спорт
  • 04 Ақпан, 2021

Аймақтық даму тұтқаларының бірі – ішкі туризм

Жетпісбай Бекболатұлы,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры
e-mail: Zhetpisbay.Bekbolatuly@kaznu.kz 

Тұтқиылдан тиген індет салдарынан ғаламдық эко­номиканың өсу қарқынының бәсеңдеуі, өзара алыс-берістің, сауда-саттықтың кеміп, тұтыну деңгейінің төмендеуі әлем елдерінің көпшілігінің назарын ішкі резервтерді іздестіруге аударып отыр. Бұл орайда ауылы аралас, қойы қоралас, қоңсы қонған мемлекеттердің өзара байланыстарын дамытуға баса мән берілуде. Аталған үрдістен Орталық Азия елдері, соның ішінде Қазақстан да тыс қалып отырған жоқ. Тарихи-мәдени және географиялық факторлар біріктіретін бұл өлкелерде туризм ресурстарын іске қосуға жан-жақты дайындық басталып та кетті.
Ақпарат көздерінің айтуына қарағанда, біздің елімізде алдағы бес жылдың ішінде туристік салада 150 инвестициялық жоба жүзеге асып, 30 мың жұмыс орны құрылмақ. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстанға келушілер санын 9 миллион, ал туристерге қызмет көрсетушілер санын 650 мың адамға жеткізу, бұл салаға мамандар даярлайтын Туризм университетін ашу» жөнінде міндет қойып отыр. Бұл орайда ішкі туризмді өркендетуге көңіл бөліне бастағаны көңілге үміт ұялатады. Ел үкіметі саланы дамыту жөнінде 2019-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама қабылдады. Онда аталмыш сала инвесторлары үшін преференциялық тәртіп енгізу қарастырылған, қаржы құюшыларға арнайы гранттар бөлініп, оларды бірқатар салық түрлерін төлеуден босату көзделген. Осы аталған жеңілдіктер туристік әлеуеті 2,5 миллион адамды құрайтын Алакөл көлі мен Алматының тау кластерлері, сыйымдылығы жылына  2 миллион адамды құрайтын Бурабай-Шортанды, Баянауыл, Имантау-Шалқар курорттық аймақтары мен Балқаш көлі сынды рекреациялық өңірлер ғана емес, Түркістан, Тараз, Байқоңыр сияқты тарихи-өлкетану, мәдени туризм аумақтарының дамуына сенімді серпін бермек. Сөйтіп, жеңілдігі бар туристік орталықтар тізіміне енген нысандарда қонақ үйлер мен отельдердің, демалыс базаларының, тақырыптық парктер мен ойын-сауық орталықтарының, басқа да туристік инфрақұрылымдардың қанат жаюына жағдай жасалмақ. Бұл жобалар нақты жүзеге асырылса, 9,1 мың адамды жаңа жұмыс орнымен қамтуға және ел бюджетіне 3,3 миллиард теңге қосымша табыс әкелуге мүмкіндік туады.
Ішкі туризмнің тарихи-мәдени түрін өркендетуге елімізде мүмкіндік мол. Осы тақырып төңірегінде бұдан 2-3 жыл бұрын газет бетінде мәселе көтерген болатынбыз. Енді соған қайта оралудың реті келіп тұрғандай. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді… Туған жерге деген сүйіспеншілік Туған елге – Қазақстанға деген патриоттық сезімге ұласады...» делінген. Онда сондай-ақ Қазақстанның қасиетті жерлерінің мәдени-географиялық белдеуі неше ғасыр өтсе де бізді кез келген рухани жұтаңдықтан сақтап, аман алып шығатын символдық қалқанымыз әрі ұлттық мақтанышымыз екендігі атап өтілген. Айтқандай-ақ, ата-бабамыздың қаны төгілген осынау тағдырлы тау-тас, қазыналы қойнау біз үшін сонысымен қадірлі, қастерлі. Қазір бұл ұлағатты ұғым ғылыми түсінікпен түйісіп жатыр. Еліміздің барлық аймақтарында дерлік аталған жобаға қатысты бастамалар іс жүзіне асырыла бастаған болатын. Ал, биыл жазға салым індет саябырсыған жағдайда олардың қайта қолға алынатынына күмән жоқ. Бұл орайда Қостанай облысының оңтүстік аудандары кіретін Торғай өңірін тілге тиек етуге болады. Жалпы барша қазақ даласы сияқты Торғай да тұнып тұрған тарих. Бұл аумақта Сатыбалды ишанның мазары, Екідің, Жәуке батыр мазары, Қыз тамы сияқты көптеген тарих және мәдениет ескерткіштері сақталған. Тарихи маңызы зор ескерткіштер қатарына Торғай мұражайлар кешенін жатқызуға болады, оның құрамына Шақшақ Жәнібек панорамалық мұражайы, Әліби Жангелдин мен Ыбырай Алтынсарин, Міржақып Дулатов пен Ахмет Байтұрсынов мұражайлары кіреді.  Іскер азамат Амандық Әмірхамзин басшылығымен жуырда қолға алынған «Тылсым Торғай туры» жоба бірнеше бағытты қамтиды. Жоба жетекшісінің айтуынша, бірінші бағыт – «Бабалар ізімен» деген шартты атаумен Торғай өңірінің батырлары мен билерін, жырауларын, әулие-әмбиелерін, ақын-жазушыларын таныту. Торғай жері Шақшақ Жәнібек батыр, Амангелді Үдербайұлы, Кейкі Көкембайұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып  Дулатұлы, Ыбырай Алтынсарин сияқты ұлы тұлғалардың мекені. Арқалық қаласындағы Дала өлкесі тарихы музейі, Амангелді кентіндегі Амангелді Иманов музейі, Торғай қаласындағы Шақшақ Жәнібек батыр, Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлы, Ыбырай Алтынсарин, «Торғайдың топжарғаны» Нұрхан Ахметбековтің музейлері өлке тарихынан сыр шертеді. Екінші бағыт – әлемнің сегізінші кереметі Торғай геоглифтері. Аталған геоглифтер дүние жүзінде тек Қазақстанда және Оңтүстік Американың Перу мемлекетінде кездеседі. Торғай геоглифтерінің ішіндегі белгілісі  – Үштоғай төртбұрышы. Геоглифтер Қазақстанның басқа да жерлерінде, әсіресе, солтүстік өңірлерде болуы мүмкін, бірақ тың игеру жылдары олар тегістеліп кетпеді ме деген күдік бар. Торғай жерінің орталықтан шалғай болғаны мұраның сақталуына да әсер еткендей. Ол сондай-ақ ел тұрмысының бұзылмай, қазақы қалпына қалуына да септігін тигізген. Туристерге нағыз ауыл тұрмысы ұсынылады. Қазір ауылда да қаладағыдай жағдай бар: әр үйге таза су кірген, жарық, теледидар, интернет бар, мектеп, аурухана, дәмхана, дүкендер жұмыс істеп тұр. Әрбір үйдің ішінде туалет-ваннасы, ауласында  бақшасы бар. Туристерге ел дастарханынан дәм таттырып, бұқпа, қымыз, қуырдақ, жент, қатық сияқты тағамдар тартылады. Туристерге қызмет көрсету арқылы  аймақ экономикасын дамытуға болатынын өмірдің өзі көрсетіп отыр.

290 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы