• Білім & Ғылым
  • 04 Ақпан, 2021

Той сарайлары ой орталықтарына айналды

Дамыған елдердің өзін дірілдеткен коронавирус пандемиясы әлі етек-жеңін жияр емес. Ақ Жайық өңірінде індетке байланысты жағдай тұрақсыз. Әлі қызыл аймақта тұрмыз. Биылғы жыл басынан бері өңірдің бас мемлекеттік санитарлық дәрігері «жаман» аурудың таралуына қарсы әрекет ету жөнінде екі қаулы қабылдады. Карантиндік шектеулерге орай кейбір шағын кәсіпкерлік субъектілері табыссыз қалды. Әсіресе, мейрамханалардың, дәмханалардың, тойханалардың жұмыстары тұралады. Алайда кейбір кәсіпкерлер қазіргі экономикалық дағдарыс жағдайынан шығудың тиімді жолдарын қарастырып, кәсіптік бағыттарын өзгертуге ден қоюда.    Өткен аптада Батыс Қазақ­стан облысының әкімі Ғали Есқалиевтің төрағалығымен өткен жедел штаб отырысында нақ осы мәселе көтеріліп, облыстық кәсіпкерлік және индустриялдық-инновациялық даму, жұмыспен қамтуды үй­лестіру және әлеуметтік бағ­дар­ламалар басқармаларына мейрамхана, дәмхана иелеріне мемлекет тарапынан қандай көмек ұйымдастырылаты­нын айтып, түсіндіру тапсырылды. Сондай-ақ мұндай бизнес ие­леріне басқа бизнес түріне көшу, өндіріс орындарын ашу, олар­дың ғимараттарын жалға алу, мемлекеттік тапсырыс беру мә­селесі талқыланды.

Облыстық кәсіпкерлік және индустриялдық-инновация­лық даму басқармасының маман­­­дары қазіргі пандемия жағдайын­­да жұмысы тоқтап қалған кәсіп­орындар мен мейрамхана, дәмханалардың иелерімен кездесіп, түсінік-кеңес беру бағытында жұмыстанып отыр. Шағын кәсіпкерліктің бос ғимараттарын басқа бизнес бағытқа ауыстыру немесе жалдау арқылы спортзал, мектептен тыс үйірмелер ашу бағытында зерттеу жұмыстары жүргізілді. Аталмыш басқарма  басшысы Бақдәулет Ибраимов жыл санап аумағы ұлғайып келе жатқан Орал қаласының жаңа шағын ау­дандарында тұрғындарға қажет­ті әлеуметтік нысандар тізбесі жа­сақ­талғанын айтады.

Мысалға, шаһардың ескі әужай, Жұлдыз, Зашаған кенті аумағынан шығармашылық және мәдениет үйіне, Зашаған кентінен спорттық нысан (аумағы 250 шаршы метрден басталады), «Тең қоғам» әлеуметті қолдау орталығына аумағы 250-ден 350 шаршы метрге дейін, «Белсенді  ұзақ өмір» әлеуметік  жобасына аумағы 350 шаршы метрден 450 шаршы метрге дейін бос тұрған ғимараттар қажет. Бүгінде облыс әкімдігі осындай ғимараттардың шаршы метрін орташа есеппен алғанда 2000-нан 2500 теңгеге дейін жалға алу немесе сатып алу мүмкіндігін қарастыруға дайын.

ТОЙХАНА  ДҮКЕНГЕ АЙНАЛДЫ

Қазіргі жағдайда мейрамхана, тойхана нысандарының иелеріне басқа кәсіппен айналысу бағыттары ұсынылған. Соның ішінде жұмысы тоқтап тұрған кәсіпкерлік ғимарат­тарын аумағы 3х4 метрлік сауық­тыру және 4х2 метрлік балалар бассейндеріне,  азық-түлік сақтайтын тоңазытқышы бар қоймаларға айналдыру ұсынылуда. Сонымен қатар Опен-спейс, офис-кеңселерге, оқу орталықтарына, мүмкіндігі шектеулі балалармен жұмыс орталықтарына жалға беріп, жабдықтауға болады.

Бүгінде Орал қаласындағы тойха­налардың 10%-ы басқа бағытқа бетін бұрды. Мейрамхана ғимараттары басқа кәсіп нысандарына айналды немесе жалға берілді. Мысалға, «Ақ босаға» мейрамханасы электр тауарлары, «Айлуна 2» мейрамханасы киім  дүкеніне, «Той сарайы» тойханасы қосымша білім беру орталығы, «Астана» мейрамханасы азық-түлік супермаркеті  болды. «Ақ босаға» тойханасы 11 ай жұмыс істемеді. Халыққа қызмет көрсетпеген соң, табыссыз қалдық. Қызмет көрсетушілердің тең жартысын жұмыстан босатуға тура келді. «Үмітсіз шайтан» дейтін қазақпыз ғой, алдағы күнге үмітпен қарадық.  Қиын болса да, бас аспаз және қалған 50 пайыз қызметкердің 11 ай бойы жалақысын тұрақты төлеп отырдым.  Өйткені сапалы қызмет көрсететін мамандарды табу оңай емес. Жұмыссыз қалған 10 шақты адамға қолдан келген көмегімізді көрсеттік. Қазіргі уақытта тойхананы жауып, өзге кәсіпкерге жалға бердім. Енді тойхана электр техникалық дүкен болып ашылды. Үй тұрмысына қажетті  заттарды осы жерден таба аласыз. 15 шақты адам еңбек етуде.  Екінші деңгейдегі банктен алған несиемнің төлемін уақытылы төлеп отырмын. Қалай болғанда да елге келген ауыртпалықты ел-жұртпен бірге көреміз», – деді кәсіпкер Адият Сыдықов.

Облыстық кәсіпкерлер палатасы өңірдегі кәсіпкерлік бағыттарын ауыстырып немесе өзгертуге шешім қабылдаған бизнес нысандарына талдау жасауда. Мысалға,  Бәйтерек ауданында кезінде 250-300 адамға қызмет көрсеткен тойхана да табыссыз қалды. Тойхана иесі Әсел Ижанова қиыншылықтарға қарамастан той тойлайтын орынды сауда орнына айналдырды. Тойхана ашу кезінде мемлекеттік бағдарлама арқылы жеңілдікпен несие алған кәсіпкер супермаркет жұмысын жолға қойды. Карантиндік шараларға мойымай, кәсіпкерлігін жаңа қырынан дамытуға ұмтылғандар қатары әлі де өсе түспек.

МЕЙРАМХАНАДАН – ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ  ОРТАЛЫҚҚА

 Зашаған кентіндегі «Той сарайы» мейрамханасынан бұрын кісі арылмайтын, той-томалақ жиі өтетін. Коронавирус пандемиясы жағдайында табыс түспеді. Жуықта сән-салтанаты келісті жеке ғимарат Оралдағы мектептен тыс жұмыс орталығының Зашаған кенті бөлімшесіне берілді. Бұрын бұл бөлімше №13 мектепке дейінгі ұйымның ескі әрі тар ғимаратында орналасқан болатын. Ата-аналардың сұранысы мен осы аудандағы балалар санының өсу қарқыны ескеріліп, облыс, қала әкімдігінің, білім беру бөлімінің қолдауымен жаңа тойхана орны жалға алынды.

Негізі мектептен тыс жұмыс орта­лығының қосымша білім беру педагогтары үйірмелерге қатысатын тәрбиеленушілерге өмірлік бағыт-бағдар береді, бос уақыттарын тиімді пайдалануына көмектеседі. Жалпы боламын деген балалардың «белін буудағы» еңбектері зор.  Қазір бұл орталық пен бөлімшелерінде төрт мыңнан астам оқушы қосымша білім алуда. Зашаған кентінің бөлімшедегі үйірмелерге 790 бала  тіркелді. Онда шығармашылық, интеллектуалдық, техникалық бағыттарда білім мен тәрбие беріледі. Бөлімшенің қыз­метіне тартылған мамандар алдын ала машықтанудан өтті. Енді кент ау­мағындағы отбасылардың балалары қала орталығына қатынамай-ақ, үй қасындағы орталықтағы үйірмелерге тегін қатысады. Бұған ата-аналар да, бүлдіршіндер де қуанышты. «Бір жамандықтың бір жақсылығы бар» демекші, індеттің таралуы кесі­рінен тойханалардың қызметтері тоқта­тылғанымен, той сарайларының білім, шығармашылық орталықтарына ай­на­луының өзі 21-ғасырдағы адамзат­тың білім мен тәрбиеге ұмтылысын білдіргендей көрінеді. Алдағы уақытта орталықта оқушыларға қосымша білім беріліп қана қоймай, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұрпақтар сабақтастығын  сақтай отырып, Зашаған кентіндегі елге сыйлы ақсақалдар, әжелер, ардақты әкелер, аяулы аналармен кездесулер ұйымдастырып, байланыс орнату жоспарланды. Мұнда «Шабыт» медиа студиясы мен оның алаңына ерекше көңіл бөлінуде. Студияда «Жас тілші», «Сөз зергері» үйірмелерінің тәрбиеленушілері зиялы қауым өкілдерімен, ақын-жазушылармен, өңірдегі танымал кәсіпкерлермен, еңбек етіп жүрген халық қалаулыларымен жүздесіп, пікір алмасады. Мұнда «Волонтерлар академиясы», «Көшбасшылар мектебі», бастауыш сынып оқушыларына арналған «Күншуақ» және тіл, би, интеллектуалдық бағыттағы үйірмелер жұмыс істейді. Қазірдің өзінде кейбір үйірмелер сақтық шараларын сақтай отырып, өз жұмыстарын бастауда. Әзірге өзге үйірмелердің сабақ кестелері пысықталу үстінде», – деді мектептен тыс жұмыс оратлығы ди­ректорының оқу-тәрбие жөніндегі орынбасары, облыстық мәслихаттың депутаты Шаттық Өтебәлиева. 

Орталықта руханият залы, домбыра, «Балдырған» үйрмелері құрылған. «Атамұра» үйірмесі «Рухани жаң­­ғыру» бағдарламасы аясында ұлттық мәде­ниетті, салт-дәстүрді балалардың са­на­сына сіңіруді және осы жолда ата-аналармен байланысты нығайтуды басты мұрат-мақсат етіп алған. Төменгі қабатта фитнес орталығы орналасқан. Оны да іске қосу алдағы күннің ен­шісінде.  Үйірмелер шәкірттерге тек білім беріп қана қоймайды, жас буынды еңбекқорлыққа, алға ұмтылуға, өзінің ортасын қалыптастыруға, адамгершілікке тәрбиелейді. Әсіресе, «қызға қырық үйден тыйым» дейтін қыз балаларды өнерге, ісмерлікке,  жинақылыққа баулитын сәндік-қолданбалы өнер үйірмесі ашылды. Ақындар мектебіне, шешен сөйлеуге жол нұсқайтын үйірмелерге жазылушылар аз емес. Домбыра үйірмесі балалармен қатар, үлкендерге де ай сайын акциялар ұйымдастырмақ. Асық ату үйірмесі жас толқынның ғаламтор шырмауында қалмауы­на әсерін тигізері хақ. «Біз өзіміз­дің ішкі әлемімізді өзгертпей, сыртқы мәдениетіміз ешқашан өзгермейді. «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың хас жауы», деп Әл-Фараби бабамыз айтқандай, бірінші кезекте тәрбиеге мән-маңыз берудеміз. Қосымша білім беру үйірмелері арқылы оқушы жанына елімізге, туған жерге деген махаббатты, елжандылықты, үлкенге құрмет, кішіге ізет, бір сөзбен айтқанда ұлттық тәрбиенің, мәдениеттің дәнегін ексек дейміз. Бұрынан жоғалмай жеткен ата дәстүрі мен тамаша салтымызды ұл-қызға ұғынықты тілмен жеткізсек дейміз», – деді Шаттық Саматқызы.

Назгүл ҒҰМАРОВА, «Орал өңірі» газетінің қызметкері:
– Орал қаласынан жырақтау орналасқан Зашаған кентінің жаңа шағын ауданындағы «Той сарайы» балалар шығармашылығы орталығына айналды. Жаңа орталықтың ашылып жатқаны ата-аналарды, әсіресе, балаларымызды қатты қуантты. Осындай игі іске мұрындық болған өңір, қала басшылығына және тойхана ғимаратын жалға берген кәсіпкерге ата-аналар атынан алғыс айтқым келеді. Осындайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Қазір «Тойың тойға ұлассын» деп әндетіп, той тойлап жүретін уақыт емес. Бүгінгідей технология заманында той-томалақтың әңгімесін айтып, бір-бірін асыра мақтап, ас ішіп, аяқ босатқанға риза кейіпте жүру әдетінен арылу керек», дегені еске түседі.  Расында, басы артық қаржыны жастардың білім алуына, ғылымды игеруіне, шет тілдерін үйренуге жұмсағанымыз абзал. Шығармашылық орталығында ұл-қызымыздың ой-өрісін дамытуға тегін жағдай жасалған. Мен балаларымды сурет, колданбалы өнер және тоғызқұмалақ үйірмелеріне жаздырдым. Карантиндік талаптарды сақтай отырып, үйірмелерге барып жүрміз.  Қатысамын, қосымша білім аламын дейтін оқушылар саны өте көп екені байқалады.  Сондықтан халық тығыз орналасқан шағын ауданнан тағы да осындай шығармашылық орталықтары ашылса дейміз.

Батыс Қазақстан облысы

ГҮЛБАРШЫН ӘЖІГЕРЕЕВА

1857 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы