• Өндіріс
  • 11 Ақпан, 2021

Өлшемді өндіріс

Індеттің өршуіне байланысты әлем елдері қатаң шектеу шараларын енгізуге мәжбүр болып, бұл мұнай мен мұнай өнімдерін тұтынудың төмендеуіне әкелгені мәлім. Экономикалық белсенділік бәсеңдеген осы тұста қоймалардың толып кету тәуекеліне сәйкес, өткен жылы еліміздің отын-энергетика кешені мұнай өндіруді шектеу жағдайында жұмыс істеді.

ОПЕК+ ұйымына мүше елдердің осы шараларды қабылдауы нәтижесінде әлемдік мұнай нарығында ұсыныс пен сұраныс тепе-теңдігі біртіндеп  қалпына орала бастады. 3 ақпанда бейнеконференция форматында өткен ОПЕК+ министрліктері бірлескен мониторинг комитетінің 26-отырысында өндірісті қысқарту бойынша қабылданған шаралардың арқасында қол жеткен әлемдік мұнай нарығындағы оң үрдістер атап өтілді.

 

 

Осы ретте 2021 жылы жаһан экономикасының өсуі 4,4% дең­гейінде орнығып, мұнайға деген әлемдік сұраныс тәулігіне 95,9 млн баррельді құрайды деп болжануда (2020 жылмен салыстырғанда өсім тәулігіне 5,6 млн баррель). Сондай-ақ желтоқсан айында Келісімге қатысушы елдердің міндеттемелерін орындауы бойынша көрсеткіштердің жақсарғаны айтылды. (101%, оның ішінде ОПЕК елдері – 103%, ОПЕК емес елдер – 93%). Өз кезегінде Қазақстан бұл міндеттемелерді орындау және бұдан бұрын артығымен өндірілген көлемдерді өтеу бойынша шаралар қабылдауға әзір екендігін жеткізді.

Энергетика министрлігінің деректері бойынша, 2020 жылы елімізде мұнай және конденсат өндіру көлемі 85,7 млн тоннаны құрады. Соның ішінде мұнай-газ саласындағы iрі компаниялар бойынша: Теңізшевройлда – 26,4 млн тонна, Солтүстік Каспий жобасында – 15,1 млн тонна, Қарашығанақта 12 млн тонна мұнай жоспарға сай өндірілді. Есепті кезең ішінде 68,5 млн тонна мұнай экспортталды. Жыл қоры­тындысы бойынша 55,2 млрд текше метр көлемінде газ өндірілді. Тауарлық газды ішкі тұтыну көле­мі 17,2 млрд текше метрге жетті. Сұйы­тылған мұнай газын өндіру көлемі – 3,2 млн тонна. Экспортқа шығарылған газ көлемі 10,7 млрд текше метр болды. Сондай-ақ 12 айдың қорытындысы бойынша 11,53 млн тонна мұнай өнімдері: 4,48 млн тонна бензин, 4,55 млн тонна дизель отыны, 2,1 млн тонна мазут, 38 мың тонна әуе отыны, 1 млн тонна битум өңдірілді. Қазір ішкі нарық елімізде өндірілген мұнай өнімдерімен толық қамта­масыз етілген.

Дүниежүзінде жаңартылатын энергетика – әлемдік тренд, экономика дамуының қозғаушысы. Қазақстан бүгінде жасыл экономика тұжырымдамасында алға қойылған міндеттерді лайықты орындап, елдің жалпы энергия теңгеріміндегі жаңартылған энергия үлесін 3%-ға жеткізді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша жаңартылатын энергетика  объектілері өндірген электр энергиясының көлемі жоспардың 100% көрсеткішімен 3,15 млрд кВт/сағатты құрады. Жиынтық қуаты 583 МВт 25 ЖЭК жобасы іске асырылды. Бұл секторға $1,5 млрд көлемінде инвестиция тартылды, 1310-ға жуық тұрақты жұмыс орындары құрылды. Биыл жалпы инвестиция көлемі $370 млн болатын қуаттылығы 391 МВт 23 нысанды іске қосу жоспарланған. Жалпы, мұнай-газ-химия өнімдерінің көлемі 359,3 мың тоннаға жетті, есепті кезеңде 108 млрд кВт/сағат электр энергиясы, 19,5 мың тонна уран өндірілді.

Қазірде министрлік Прези­денттің кеңейтілген Үкімет отырысында отын-энергетика кешеніне қатысты берген тапсырмаларын орындау бойынша шараларды белгіледі. Бұл ретте еліміздің оңтүстік өңіріндегі электр желі­лерін жетілдіруге қатысты ұсы­ныстарды қалыптастыру үшін жұмыс тобы құрылды. Сондай-ақ Самұрық-Қазына қоры мен тәуелсіз ғылыми институт бірлесіп желілерді күшейтудің негізделген тәсілін әзірлеуге тартылатын болады. Батыс өңірдің электр желілерін күшейту шеңберінде биыл Теңіз – Құлсары – Атырау – Индер – Оң жағалау – Орал бағыты бойынша 220 кВ электр желілерін күшейту жұмыстары басталады.  Аталған жобалар мен жаңа қуаттарды оңтайлы орналастыру үшін ұзақ мерзімді жоспарлауды қамтамасыз ететін 2035 жылға дейінгі энергетикалық теңгерім әзірленеді. Оны әзірлеу кезінде батыс өңірінің электр желілерін Біртұтас электр энергетикасы жүйесімен біріктірудің ұтымды нұсқасы айқындалады. Газ генерациясы мен гидроэнергетиканы дамыту бағытында маневрлік қуат тапшылығын ескерумен еліміздің оңтүстік өңірінде генерация­ның маневрлік режимі бар генерациялайтын қондырғыларды салу жөніндегі 4 әлеуетті жоба қарастырылды. Жалпы, оңтүстік өңірде 2025 жылға дейін шамамен 1300 МВт газ генерациясын, белгіленген жиынтық қуаты 177,67 МВт-қа жуық 13 ГЭС нысанын іске қосу жоспарланды. Сонымен қатар ағымдағы жылы маневрлік ГЭС-ті қоса алғанда, жаңартылатын энергия көздері бойынша жиынтық қуатқа аукциондық сауда-саттық өткізу белгіленген. Жалпы алғанда, 2025 жылы ЖЭК электр энергиясын жалпы өндіру үлесін 6%-ға жеткізу күтілуде.

Мемлекет басшысының газ нарығын реттеудің жаңа тәсіл­дерін әзірлеу, ресурстық базаны ұлғайту жөнінде шаралар қа­былдау бойынша тапсырмасын іске асыру мақсатында министрлік халықаралық сарапшыларды тарта отырып, Газ саласын дамытудың 2030 жылға дейінгі кешенді жос­парының жобасын әзірлеуде. Құжат газдың ресурстық базасын кеңейту; тұтынушыларды үздіксіз және қауіпсіз газбен жабдықтауды қамтамасыз ету; газ тасымалдау жүйесі нысандарын жаңғырту мен салу; Самұрық-Қазына ұлттық әл-ауқат қорының жеке еншілес ұйымы ретінде ұлттық операторды бөлу арқылы мемлекет басқаруындағы газ саласының басымдығын арттыру мақсатында газ саласын басқару реформасын жүзеге асыру секілді бағыттардан тұрады.

Президент іске асырылып жатқан мұнайгаз химиясы өнді­рістерін жеделдету жөніндегі шараларды қабылдау, сондай-ақ әлеуетті инвесторлар үшін тартымды жағдайлар жасау міндетін қойды. Бұл мәселелерді шешу үшін 2025 жылға дейін мұнайгаз химиясы өндірісін дамыту жөніндегі ұлттық жоба әзірленбек. Жоба проблемалық мәселелерді шешуге баса назар аудара отырып, саланы нақты дамытуға, атап айтқанда, мұнайгаз химиясы жобаларын шикізатпен қамтамасыз етуге, мұнайгаз химиясы кластерін құруға, одан әрі қайта бөлуді дамытуға мүмкіндік бермек. Шетел инвесторлары кеңесінің тапсырмасы шеңберінде жобаны іске асыру кезінде оның қажеттіліктерін ескере отырып, Үкімет пен инвестор арасында қол қойылатын жеке келісімге мұнайгаз химиясымен қатар көмірсутегі шикізаты жобалары да кіреді. Аталмыш мәселе қазіргі таңда пысықталуда. Осы шаралармен 2025 жылға қарай 5 зауыттың құрылысын аяқтау көзделген. Сол арқылы өндіріс көлемі 9 есеге артып, ел экономикасына болжамды әсер қосымша +1,2% деңгейінде болады деп күтілуде. Базалық мұнайгаз химиясы өнімдерін өндіру мұнай-газ саласындағы терең өңдеуді дамыту үшін берік негіз бола тұра, шикізат экономикасын әртараптандыру және технологиялық дамуға ұмтылу жөніндегі стратегияға сай келеді.

Газ өңдеу кешені бойынша Президент тапсырмасына сәйкес ағымдағы жылы Қашаған кен орнының шикізат базасында құны $860 млн, қуаты 1 млрд текше метр шикі газ өңдеу зауытының құрылысын бастау жоспарлануда. Табысты іске асыру үшін жоба шикізатпен, инфрақұрылыммен – су, газ, электр желісімен жабдықталды, сондай-ақ қаржыландыру мәселесі пысықталды.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

 

306 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

TENGE MONITOR №9

04 Наурыз, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Қуантайұлы Нұржан

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редакторы