• Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы
  • 11 Ақпан, 2021

Модульдік аурухана ашылды

Орал қаласындағы «Жұлдыз» шағын ауданында модульдік жұқпалы аурулар ауруханасы ашылды. Ашылу рәсіміне қатысқан облыс әкімі Ғали Есқалиев шараға жиналған тұрғындарды, денсаулық сақтау саласының қызметкерлері мен медицина ардагерлерін жаңа жылмен құттықтап, ақ тілегін білдірді.

Облыс әкімі жаңа жыл елі­міз үшін берекелі болсын деген ақ тілегін айтып, өткен жылды індетпен күрес жылы ретінде есімізде қалатынын және қиын жыл болғанын, әсіресе меди­циналық ұйым-ұжымдардың, дәрігерлердің, медбикелердің, еден жуушылардың «жаман» аурумен күреске қомақты үлес қосқан­дарын жеткізді.

– Қапиядан келген індетке еліміз түгел дерлік дайын болған жоқ. Тек біздің ел емес, әлемдегі көптеген мемлекет дайын емес еді. Инфрақұрылым, жабдықтар мәселесін шешу үшін Мемлекет басшысы жедел тұрғызылатын жұқпалы аурулар ауруханаларын салуымыз керек деп тапсырма берген болатын. Ел үкіметі барлық аймақтарға көмек-қолдауын көр­сетті. Республикалық бюджеттен шамамен 7 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінді. Бұл ғимаратты салу қымбатқа түсті деп сынайтындар да бар. Бірақ, меніңше, адам өмірінен қымбат еш нәрсе жоқ. Қазіргі уақытта жылдам салынатын осындай ауруханалар  керек. Елімізде эпидемиологиялық ахуал тұрақты дегенмен, қауіптің беті әлі қайтқан жоқ. Сондықтан тұрғындар өз денсаулықтарына мұқият бол­ғандары, сақтық шараларын қол­данғандары жөн. Басқа елдерде, көршілес Ресейдің облыстарында ауруханалар жетіспей жатыр. Олар науқастарды қабылдау үшін бар ғимараттарын осындай ауруханаға бейімдеуде. Қаламызда жұмыс істеп тұрған 140 орындықты жұқпалы аурулар ауруханасының іргетасы 1964 жылы қаланған. Аталған ауруханаға жаңа ғимараттар саламыз деп жос­парланғанда, Мемлекет басшы­сының қолдауымен 200 орындық жаңа ғимарат бой түзеді. Аурухана қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Іші ыңғайлы, барлық санитар­лық талапқа сай, медицина қызметкерлеріне адам­дардың өміріне, денсаулығын сақтауға  дәрігерлік көмек көрсетуге толық жағдай туғызылған, – деді Ғали Есқалиев.

Салтанатты шарада өңір басшысы модульдік аурухананың бейнелік кілтін облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының директоры Надие Ахметоваға табыс етті. Жаңа ғи­мараттың лентасын қию рәсімін Ғали Есқалиев пен денсаулық сақтау саласының ардагері, дәрігер-инфекционист Ольга Данилова қиды. Бұдан кейін шараға жиналған қауым облыс әкімінің бастауымен жаңа аурухананың ішін аралап көрді. Жұртшылыққа күзет пульті­нің, диспетчерлік бөлменің, кли­ника-диагностикалық зертхананың, жан­­сақтау, ота жасау, палаталық бөлімшенің,  дәрігерлік жәрдем беру, компьютерлік томография, сандық рентген аппараты, гемодиализ аппараты, бейнебронхоскоп, УЗИ, ЭКГ жабдықтарының бөлмелері көрсетіліп, жұмыстары таныстырылды. Әрбір жансақтау керуеті ИВЛ аппаратымен, ге­мо­динамикалық модуль мониторымен, пульсосиметр­тмен жабдықталған. Сонымен қатар гинекологиялық және хирургиялық науқастарға жедел көмек көрсету мақсатында ота бөлмелері жасақталған. Ондағы заманауи жабдықтар науқастың бетін бері қаратуға және өмірін сақтауға көмектеседі.

Аумағы 4 гектардан астам жерді алып жатқан аурухана ғимаратының жалпы алаңы – 6800 шаршы метр. Ауруханада бір стационарлық және екі жылжымалы рентген аппараты бар. Жылжымалы аппараттар жағ­дайы ауыр науқастарды түсі­руге қолданылады. Жансақтау бөлме­леріндегі әр керуетке 20 және ота жасау бөлмесіне 2 ИВЛ аппараты қойылған. Жаңа аурухана бір қабатты 8 блок ғимараттан тұрады. Ондағы 200 орынның 20-сы жансақтау, 20 орын интенсивті терапия орнына бөлінген. Ауруханаға оттегі танкері мердігерлер есебінен қойылған.

Жаңа модульдік  стационардың құрылысы жұқпалы аурулар ау­руханасының әлеуетін күшей­теді. Еліміздің барлық  облыс орталықтарында мұндай модульдік ауруханалар бой көтерген. Құрылыс нысанының бас мердігері «BI-group» – Қазақстандағы құрылыс саласы көшбасшыларының бірі. Оралдық стационардың құрылысын оның еншілес компаниясы «Kazpaco» ЖШС салды. Құрылыс жұмыстары барысында 1000-ға тарта жұмыс орны құрылып, онда негізінен жергілікті тұрғындар жұмыс істейді. Блоктан тұрғызылған ғимарат пневмониямен ауыратын, оң және теріс CVI таралатын науқастарды, жүкті әйелдерді, балаларды, басқа да ауру­лары бар науқастарды емдеуге ыңғай­лы.

Мақсот БЕРГЕН, ҚР денсаулық сақтау саласының үздігі, сала ардагері:

  – Бұрын өңірде жұқпалы аурулар ауруханасы облыстық емес, қалалық болатын. Оған күллі облыстағы ауыл-аудандардан науқастар ем-дом алуға келіп жататын. Қазіргі жағдайда қомақты қаржы тауып, мұндай аурухананы облыс орталығында ашу керемет. Ғимарат ішін аралап, заманауи жабдықтарды көріп, сүйсіндік. Бұл облыс үшін үлкен жетістік, халық үшін жасалып жатқан игі шаруа дер едім.

 

  Ольга ДАНИЛОВА, денсаулық сақтау саласының ардагері:

– Жұқпалы аурулар аруханасында 40 жыл дәрігер-инфекционист болып еңбек еттім. Ресейде сібір жарасы жұқпасы таралғанда, біздің ауруханада бұл аурудан ешкімнің жарық дүниемен қоштаспағаны есіме түсті. Науқастарымыздың осындай жақсы жағдай жасалған жерде сауығатынына сенімдімін. Әріпестерім науқастарды емдеп, үйге қайтарылатын есіктен шығара берсін деген тілегімді білдіремін. Мынадай ауруханада еңбек етудің өзі – бір ләззат.  Еңбектеріңіз жансын деймін әріптестеріме.

ГҮЛБАРШЫН ӘЖІГЕРЕЕВА

Орал қаласы

485 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы