- Үкімет: іргелі істер үрдісінде
- 11 Ақпан, 2021
Мүмкіндіктерді нығайту қажет

Үкіметте салықтық, кедендік әкімшілендіру мәселелері қаралды. Сонымен қатар талқылауға жаңартылатын энергия көздерін дамыту тақырыбы шығарылды. Отырыс төрағасы, Премьер-министр Асқар Мамин ілгерілеу мақсатындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыруды тапсырды.
Өткен жылы елімізде 700 мыңнан астам заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлерді қамтумен салықтық ынталандырудың ауқымды шаралары іске асырылған. Микро және шағын бизнес субъектілерін тексеруге 3 жылдық мораторий жалғасуда, арнайы салық режимдерін қолданатын ШОБ субъектілері табыс салығынан босатылды. Бұл шаралар кәсіпкерлерге 3 жыл ішінде өз бизнесін кеңейтіп, дамытуға шамамен 400 млрд теңге жұмсауға мүмкіндік береді. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша биылғы қаңтардан бастап ерікті түрде қолданылатын бөлшек салықтың жаңа арнайы салық режимі енгізілді. Салық мөлшерлемесі алынған кірістің 3% көлемінде белгіленген. Үкімет осы режимді қолдану үшін қызмет түрлерінің тізбесін анықтады, онда пандемия кезінде карантиндік шектеу шаралары қолданылған қызмет түрлері қарастырылған. Режим ШОБ субъектілеріне салық жүктемесін азайтуды қамтамасыз ету және бюджетке төлемдер мен салық төлеу тәртібін оңтайландыру үшін дағдарысқа қарсы шара ретінде 2 жылға есептелген. Жеке тұлғалардың салық міндеттемелерін орындауын жеңілдету үшін биылдан бастап мүлік пен жерге салынатын салықтар бірыңғай төлемге біріктіріліп, көппәтерлі тұрғын үйлердің меншік иелері үшін жер салығы алынып тасталды.
Үкімет басшысы Қаржы министрлігіне Цифрлық даму министрлігімен бірлесіп, салықтық әкімшілендірудің ақпараттық жүйелерін жаңғырту және оларды заманауи әдістер, соның ішінде блокчейн мен үлкен деректерді қолдану арқылы басқа мемлекеттік органдармен интеграциялау жөнінде пәрменді шаралар қабылдауды тапсырды. «Салық төлеушілер мен бизнеске ыңғайлы болу үшін әзірленген «Е-Salyq Azamat» (салық әмияны) және «E-Salyq Business» тегін мобильді қосымшаларын белсенді түрде ілгерілету керек. Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында Қаржы министрлігіне жеке кәсіпкерлер үшін онлайн-БКМ мен POS-терминалдарды пайдалану кезінде есептілікті автоматты түрде толтыру мәселесін сапалы түрде пысықтау қажет», – деді А.Мамин.
Премьер-министр Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында осы жылдың наурыз айының соңына дейін шекарадағы заңсыз сауда айналымына қарсы іс-қимылдың кешенді жоспарына ұсыныстар дайындау қажеттігін атап өтті. Жуырда Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің отырысында қаралған ШОБ қолдау жөніндегі қосымша шараларды іске асыру мақсатында биылғы 1 наурызға дейін салық заңнамасына қажетті түзетулер дайындау тапсырылған болатын. «Ұсынылып отырған өзгерістер 500 мыңға жуық жалдамалы қызметкерді ресми жұмысқа тартуға, еңбекақы төлеу қорына жүктемені азайтуға, салық міндеттемелерін орындау тәртібін жеңілдетуге және республика экономикасына жаңа инвестициялар тартуға мүмкіндік береді», – деді А.Мамин.
Мемлекет басшысы елдегі экологиялық жағдайды жақсартуды басым міндеттердің бірі ретінде нақтылады. Ал экология мен қоршаған ортаны жақсарту тетіктерінің бірі – жаңартылатын энергия көздерін дамыту. Өткен жылы Қазақстанда қуаттылығы 583 МВт болатын 25 ЖЭК нысаны – 10 жел, 1 су және 12 күн электр станциялары пайдалануға берілді. Жаңартылатын көздерден электр энергиясын өндіру 2019 жылдағымен салыстырғанда 74%-ға, 3,24 млрд кВт-с-қа дейін (елде өндірілетін энергияның жалпы көлемінің 3%-ы) өсті. Биыл 381 МВт-қа 23 жоба – 13 ЖЭС, 5 СЭС және 5 КЭС жүзеге асырылады. Елімізде жасыл экономикаға көшу жөнінде іске асырылып жатқан тұжырымдамаға сәйкес, 2050 жылға қарай өндірілетін электр энергиясының жартысы баламалы энергетикадан алынады. Бұл Қазақстанның төмен көміртекті және климаттық орнықты даму жөніндегі Париж келісімі аясындағы міндеттемелерін орындауға, сондай-ақ жаһандық трендтерге сәйкес жасыл энергетиканы дамытуға жол ашады.
Қазақстанның бірыңғай энергия жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін Үкімет басшысы Энергетика министрлігіне Экология министрлігімен және KEGOC ұлттық компаниясымен бірлесіп, электр энергиясының тұрақты өндірісін дамыту жөнінде ұсыныстар енгізуді, сондай-ақ ЖЭК жинақтауыштарын енгізу жөніндегі мәселелерді пысықтауды тапсырды. Энергетика министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп ЖЭК өңірлік аймақтарын құру мәселелерін пысықтау тапсырылды. «Газ электр станцияларын іске қосу ЖЭК қосымша көлемдерін интеграциялау бойынша энергия жүйесінің мүмкіндіктерін ұлғайтуға жол ашады. Осыған байланысты Энергетика министрлігіне KEGOC-пен бірлесіп, 2022 жылдан бастап теңгерімдеуші нарықты нақты уақыт режимінде іске асыру бойынша жұмыс жүргізуді тапсырамын», – деді А.Мамин.
БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

212 рет
көрсетілді0
пікір
ПІКІР ҚАЛДЫРУ
Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *