• Мәдениет & Спорт
  • 18 Ақпан, 2021

Мұқағалиға тағы бір ескерткіш қойылады

Биыл ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдық мерейтойы туған жері, аспантаулар аясындағы Райымбек ауданында да кең көлемде аталып өтіледі. Нарынқол өңірінде екі шағын саябақ салынып, оның біріне жыр дүлдүлінің ескерткіші орнатылады.

Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 147 миллион теңгеге жуық қаржы қаралған. Сонымен қатар Мұқағали мұражайына виртуалды саяхат ұйымдастырылып, ақынның туған ауылы Қарасаз бен Сарыжаз ауылындағы орталық көше­лер абаттандырылады.

Қазақ поэзиясының көрнекті өкілі ақынның мерейтойлық мерекесі Жер жәннаты – Жетісуда атап өтілді. Ақиық ақынның маржан мұрасын жырлап жүрген өнерпаздар Талдықорғандағы ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.

Сексеннен астам өнерпаз қатысқан байқаудың ақтық сынына 20 әнші өтті. Шараға ТҮРКІСОЙ ұйымының өкілі де арнайы қатысты. «Наурыз айында Өзбекстанда ТҮРКІСОЙ мәдениет министрлігінің жи­ынында шешілетін нәрселер бар. Міндетті түрде ол бағдарла­малар ішіне Мақатаев атамыз­дың, ұлы тұлғамыз жоспар­ға кіреді деп үміттенеміз», – деді «ТҮРКІСОЙ» халық­аралық ұйы­­мы­ның бөлім басшысы Санжар Мұләзімоғлы.

Шараның мақсаты – тыңдар­манға рухани азық бола­тын Мұқағали Мақатаевтың өлең­деріне жазылған әндер мен жаңа орындаушыларды анықтап, жастар арасында өнерге деген құштарлықты арттыру. Мұқағали мұрасын кеңінен насихаттау.

Ақиық ақынның мерей­тойлық мерекесі еліміздің әр өңірінде атап өтілуде. Мәселен, Түркістан облыстық «Жастар ресурстық орталығының» ұйым­дас­­тыруымен кәусар сезім мен тояттамас көңіл, буырқан­ған шабыт пен сағыныш сый­лаған мұзбалақ ақынның 90 жылдығына арналған «Мұздама, жылы жүрегім» атты әдеби-сазды кеш өтті. Шара барысында өнерпаз жастар Мұқағали жырынан шашу шашып, лирикалық әндерін тарту етті.

Бұдан бөлек сыршыл поэзия­сымен мәңгі есте қалатын ақын­ның өлеңдерін жатқа оқып, облысымыздың атын республика көлемінде танытып жүрген жас ақындар Мұқағалиға арналған өлеңдерін айтты.

Р.Сейтметов атындағы сазды-драма театрының актері Талғат Қарынбаевтың режиссерлігімен сахналанған қойылым көпшілік көңілінен шықты. Қойылымның музыкалық көркемдеушісі, ән өңдеуші – Қанат Жұмабаев. Поэтикалық қойылымнан шығар­­ма­шылық топтың көп ең­бек­­тенгенін бірден аңғаруға болады.

Мұқағалидың жастық ша­ғынан бастап, Петербургке оқуға түскен шағындағы ана­сына деген сағынышы мен сүйіс­пеншілігі көріністің ерекше тебі­реніске толы тұсы болды. Ақынның сүйген жары Лашынға деген ынтызар сезімі мен ыстық ықыласын да актерлер жоғары деңгейде алып шықты. Мұзбалақ ақынға ең қымбат жан қызы Майгүлдің қазасы орны толмас өкініш әкелді. Қойылымда ақынның осы кезеңдердегі сезімі туралы да көрсетіледі. «Мен өлемін қырықтың бесеуінде» деп ақынның өзі айтқандай, туынды Мұқағали өмірінің соңғы кезеңдерімен қорытындыланды.

Кешке арнайы қатысқан компо­зитор,ғалым,журналист Бекжігіт Сердәлі, айтыскер ақын,Түркістан облыстық мәсли­хатының депутаты Бекарыс Шойбеков, облыстық Қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Дәурен Сариев ұйымдасты­рушылар мен қатысу­шыларға айрықша алғысын білдірді.

«Мұқағали ақынның шы­ғар­ма­шылығы-қазіргі қазақ қоғамында, әсіресе кейінгі буын жастардың арасында үлкен танымалдылыққа ие. Соның айқын дәлелі-бүгінгі әдеби кеш. Осындай мәнді, мағыналы кештер арқылы ақын шығармашылығының одан әрі насихатталып, өміршең боларына кәміл сенемін», – деген Дәурен Сариев ақынның тойы жалғасын табатындығын жеткізді.

Алматыдағы Ғылым ордасы­ның концерт залында ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығына арналған позия­лық әсем сазды кеш өтті. Ақын шығармашылығына арналған бұл кештің оқырмандарға берген әсері мол болды. Кешке ақын-жазушылар, әнші-күйші өнерпаздар, ғылыми институттар­дың қызмет­керлерімен қоса кітапхана оқырмандары, сту­денттер қатысты. Кешті Әділет Ахметұлы жүргізді. Қазақстан жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары, белгілі ақын Бауыржан Жақып пен «Ғылым ордасы» РМК директорының орынбасары Нұрлан Сейдін құттықтау сөз және алып ақын туралы естеліктер айтып кеш шымылдығын ашты. Қазақ­тың белгілі әнші-күйшілері Еркін Шүкіман мен Аршын Кәсімбайұлы ән-күйден шашу шашса, ақиық ақынның сөзіне жазылған әндер орындалып, сағынышқа толы сазды лирика­лары оқылды. Орталық ғылыми кітапхананың жастары оқыған ақынның «Алтай-Атырау» поэ­масын жұрт сүйіне тыңдады.

Мұқағали Мақатевтың Ор­та­лық ғылыми кітапханада бар жүздеген мұраларынан көрме қойылды. Ақын шығар­ма­шы­лығын өрнек­теген бей­не­­­баян­дар көрермендерге ұсынылды.

Кештің соңында Орталық ғылыми кітапхананың меңге­рушісі Қарлығаш Ескен­дір­қызы той салтанатын асырған өнерпаздарға және құрметті қонақтарға Алғыс хат табыстады.

Ғаламды жайлаған індет­ке байланысты кең отырып тамаша­лайтын рухани кештерді сағынып қалған жырсүйер әлеумет дән риза көңілмен та­расты.

Нұрлан ҚҰМАР

373 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы