• Аграрлық аймақ
  • 18 Ақпан, 2021

Аграрлық салада алға жылжу бар

Жетпісбай Бекболатұлы,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры
e-mail: Zhetpisbay.Bekbolatuly@kaznu.kz 

Қыс мезгілінде экономика салалары, әсіресе  ауыл шаруашылығы өндірісі ел алдында есеп беріп, болашаққа бағдар ұстанып жатпайды. Сөйтсе де әлеуметтің адымын аштырмай, шідердей тұсап отырған  пандемия жағдайында жыл қорытындыларынан жүрегі шайлығып, статистика мекемелерінен тосын хабар тосып отырған қалың көпшілік аграршылардың жуырдағы жағымды жаңалығына елең ете қалғаны рас. Айтқандай-ақ кешеннің жыл басындағы даму серпіні көңілге үміт ұялататындай деңгейде болып шықты. Нақтылайтын болсақ, қаңтар айында ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 2,5 пайызға артып, 170 млрд теңгеден асқан. Бұл орайда өсім мал шаруашылығындағы өндіріс көлемінің 2,7 пайызға, яғни 158,4 млрд теңгеге дейін ұлғаюы есебінен қамтамасыз етілген. Сойылған мал етін өндіру 5,3 пайызға, сүт өндіру 3,8 пайызға өскен. Жылыжай шаруашылықтарында 10,2 млрд теңгеге өсімдік шаруашылығы өнімі өндірілген. Осы орайда тілге тиек етіліп отырған көрсеткіштер құрғақ цифр емес, шаруақор жұрттың  қалтасына сылдырлап түсіп жатқан тиын-тебен екенін есте ұстаған абзал. 

Қолымыздағы есеп-қисап азық-түлік өндірісі қаңтар айында 0,8 пайызға, яғни 142,1 млрд теңгеге дейін өскенін көрсетеді. Атап айтқанда өсімдік майы өндірісі 26,7 пайызға, қызылша қанты 25,1 пайызға, сары май 16,3 пайызға, өңделген сүт 3,2 пайызға, ірімшік пен сүзбе 0,8 пайызға ұлғайған.  Сала бойынша биыл жалпы ауыл шаруашылығы өнімінің өсімін 105 пайызға, тамақ өнімдері өндірісінің өсімін 107 пайыз деңгейіне жеткізу жоспарланып отыр. Діттеген индикативтерге ішкі нарықты әлеуметтік маңызы бар азық-түліктермен молықтыру және агроөнеркәсіп кешеннің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға қатысты шаралар қабылдау нәтижесінде қол жеткізілмек. Бұл ретте  агрокешен нысандарын мемлекеттік қолдау, оның ішінде инвестициялық субсидиялау, өсімдік шаруашылығы мен мал шаруашылығын субсидиялау жұмыстары жалғасатын болады. Осы мақсатқа шамамен 309 млрд теңге бөлінбек. Солтүстік Қазақстан облысында дәнді дақылдарды, Ақмола облысында майлы дақылдарды, Ақтөбе және Алматы облыстарында ет өндіру және қайта өңдеу бойынша экожүйелерді құруға бағытталған инвестициялық жобалар іске асырылады. Бұдан бөлек, импортты алмастыру мақсатында биыл 35 тауарлы сүт фермасын, 2 мың гектардан астам бақша, 3 ет комбинатын, 5 құс фабрикасын, балық өндіретін 4 нысанды іске қосу жоспарланған. Сонымен бірге өндірістік қуаты 150 мың тонна болатын қант зауытының құрылысы басталмақ. Жалпы, үстіміздегі жылы түрлі бағыттағы 79 инвестициялық жобаны іске асыру көзделген.

Диқан қауым көктемгі егіс науқанына дайындық жұмыстарына білек сыбана кірісіп кеткені жайлы ақпарат көздері таратқан жағымды хабарға тоқтала кеткен артықтық етпес. Оған сәйкес биыл жалпы егіс алқабы қосымша 86,4 мың гектарға ұлғайып, 22,7 млн гектарға дейін жетеді. Майлы, азықтық, көкөніс-бақша дақылдары, сондай-ақ қарақұмық пен қант қызылшасы сияқты әлеуметтік дақылдар алқаптарын ұлғайту жоспарланған. Ал, бидай, күріш пен мақта сияқты монодақылдар мен ылғалды көп қажет ететін дақылдар егілетін алқаптар қысқартылмақ. Көктемгі егіс жұмыстарын уақтылы жүргізу үшін фермерлер 70 млрд теңгенің жеңілдетілген несиесімен, сондай-ақ 380 мың тоннаға жуық көлемде 11 пайызға арзандатылған жанар-жағар маймен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар фермерлерге көмек ретінде 350 мың тоннаға жуық ауыл шаруашылық өнімдерін форвардтық сатып алу жоспарлануда. Тұқым шаруашылығын субсидиялауға 11,8 млрд теңге бөлінеді. Бұл сапалы тұқымға қол жеткізу мүмкіндігін арттырады. Мұнымен бірге сақтандыру шараларына да жеткілікті назар аударылып отыр. Биыл агросақтандыру шығындарын субсидиялауға 3,3 млрд теңге бөлу жоспарланған. Агросақтандыру саласындағы оператор – Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры арқылы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге сақтандыру сыйақысын төлеуге арналған шығындардың бір бөлігі өтеледі. Барлық сақтандыру үдерісі «Agroinsurance» сервистік жүйесі орналасқан Qoldau.kz платформасында іске асырылады. Ұлттық сақтандыру компаниялары өз тәуекелдерін әлемдік нарықта айрықша орны бар Swiss Re, Munich Re және Hannover Re сияқты ірі халықаралық компаниялар арқылы қайта сақтандырады. Сақтандыруға дәнді дақылдар және майлы дақылдар жатады. Айта кетсек, егіс алқаптарын Ақмола, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстарының шаруалары сақтандыра алады. Зымыран заман агросақтандыру сияқты «дәстүрлі» салаға да түбегейлі өзгерістер енгізіп жатқанын айта кетелік.  Аталған үдеріс ақпараттық технологиялар көмегімен жүзеге асырылып, кәсіпкерлер күн сайын жеке кабинеті арқылы топырақтағы ылғал деңгейін үнемі онлайнда болмай-ақ бақылап отыратыны таңдай қақтырмай қоймайды. Егер жүйе ылғал жетіспеушілігін кем немесе артық мөлшерде тіркесе, фермер электронды поштасы арқылы хабарлама алады. Үдерістің барлығы автоматтандырылған, төлем сақтандыру шартына сәйкес сақтық жағдайы тіркелген сәттен бастап 15 жұмыс күн ішінде жасалады. Ылғал тапшылығынан болатын тәуекелдерді сақтандыру индексі 15 мамырдан 14 маусымға, 15 маусымнан 14 шілдеге,  15 шілдеден 14 тамызға дейінгі үш кезеңді қамтиды. Бұл кезеңдердің әрқайсысына бөлек төлемдер қарастырылған. Топырақтағы ылғал деңгейін анықтаудың барлық өлшемдері шаруаның жеке кабинетіне жіберіліп тұрады. Сарапшылар Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры мемлекеттік субсидия есебінен жасаған құрғақшылықтан сақтандыру тетігі биылғы жазда шаруаларға үлкен қолдау болатынын атап өтуде.

362 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы