• Өндіріс өрісі
  • 25 Ақпан, 2021

Тау-кен өндірісі неге төмендеді?

Өткен жылдың экономикаға ауыртпалығы талай салалардағы көрсеткіштерде жайсыз көрініс тапқаны аян. Әсіресе өнеркәсіпте айтарлықтай зардап шеккеніміз белгілі болып отыр. Бұл ретте республика бойынша өнеркәсіптік өндірістің жалпы төмендеуі  4 жылдан бері алғаш рет байқалған.

Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының мәліметтеріне сәйкес, Қазақстандағы өнеркәсіптік өндіріс индексі (ӨӨИ) 2020 жылдың қорытындысы бойынша 99,3%-ды құрады. Басқаша айтқанда, бұл – кәсіпорындардың өндірген өнім­дерінің көлемі, 2019 жылмен салыс­тырғанда, аз деген сөз. Мұндай жағдай 2016 жылдан бері алғаш рет қалыптасқан – ол кезде өндіріс деңгейі соның алдындағы жылдың деңгейінен 98,9%-ды құрапты.

Өндіріс деңгейі төмендеуінің басты себебі – коронавирус пандемиясына байланысты  орын алған шектеулер және соған орай шикізаттық тауарларға, сондай-ақ өңдеу өнеркәсібі өнімдерінің кейбір түрлеріне де сұраныстың қысқаруы әсерін тигізген.

Алты ай  бойында (маусым айынан қарашаны қоса есептегенде) өндіріс көлемі алдындағы жылдың осындай кезеңіндегі  деңгейден төмен болған – соңғы рет бұдан да ұзағырақ серия 2015 жылы (7 ай) орын алыпты. Желтоқсанда мұндай үрдіс ақыры аяқталған – 2019 жылдың желтоқсанына өнеркәсіптік өндіріс индексі 100,3%-ды құрапты (1-инфографика).

ӨНЕРКӘСІП  5 ӨҢІРДЕ ҚҰЛДЫРАП КЕТКЕН

2020 жылдың қорытындылары бойынша республикамыздың бес өңірінде төмендеу орын алған:

• Шымкентте өнеркәсіптік өндіріс индексі 98,9%-ды құрапты. Төмендеу дизель отыны, жағылатын мазут пен бетон өндірісі қысқаруы салдарынан болған.

• Түркістан облысында ӨӨИ 96%-ды құраған – уранды шығару мен өндірудің төмендеуінен.

• Атырау (94,2%), Маңғыстау (93,9%) және Қызылорда (86,7%) облыстарында өнеркәсіптік өндірістің төмендеуі, бірінші кезекте, мұнай өндірудің төмендеуімен байланысты.

Бұл ретте Қызылорда облысындағы өнеркәсіп жағдайы барған сайын нашарлай түсуде: өнеркәсіптік өндіріс индексі 7 жылдан бері қысқаруда, оның үстіне соңғы үш жылда құлдырау қарқыны өсе түскен.

2020 жылы өнеркәсіп өсімінің қарқыны ең жоғары өңір Қостанай облысы болған (ӨӨИ 107,4%) – темір рудасы мен қонцентраттарын шығару, ұн өндіру, сондай-ақ  металлургия және автомобиль өнеркәсібіндегі жағымды әсерлер өсімге мүмкіндік берген.

Ақмола облысында 6,6%-ға өскен – мұнда мыс пен алтын коцентраттарын өндіру, цемент, алтын мен ауыл шаруашылығы техникаларын шығару артқан. Бұл ретте өңірде өнеркәсіптік өндіріс көрсеткіштері 11 ай қатарынан өсіп келеді.

Бұдан көбірек тек Солтүстік Қазақ­стан облысында ғана – өсім кемінде 12 жыл жалғасуда. Сол уақыттан бері оған соңы  біршама қиыншылықтарға ұрындырған теңгенің өзгермелі айырбас бағамына ауысуы да, тіпті коронавирус індеті де әсерін тигізе алмаған. 2020 жылы мұнда сүт, сарымай, ұн өндіру, кондитерлік өнімдер мен есептеу машиналарын шығару көлемі  артқан. Бұл өңірдегі өнеркәсіптік өндіріс индексінің жалпы мәні 2020 жылдың қорытындысында 104,8 пайыз болды (2-инфографика).

ТАУ-КЕН  ӨНЕРКӘСІБІНДЕ ДЕ

КӨРСЕТКІШТЕР ТӨМЕН

Өңдеу өнеркәсібінің көрсеткіштері 11 жыл қатарынан өсуде. 2020 жылы мұндағы өнеркәсіптік өндіріс индексі 103,9%-ды құрады – айтпақшы, бұл соңғы 4 жылдағы ең төменгі көрсеткіш екен.

Автомобильдер, тіркемелер мен жар­тылай тіркемелер өндірісі 52,5% және басқа да көліктік құрал­дар  – 38,5%-ға артқан. Тері өнімде­рінің өндірісі саласындағы өнеркә­сіптік өндіріс индексі – 231%, фармацев­тика­лық өнімдер мен препараттар – 147% көрсетсе, жеңіл өнеркәсіп көр­сет­кіштері жалпы алғанда 15%-ға артқан.

Мұнда жағымсыз жақтары да жоқ емес:

• компьютерлер, оптикалық және электрондық жабдықтар өндірісінің индексі 10,1%-ға құлдыраған;

• жиһаздар – 11%-ға;

• кокс пен мұнайдан өңделген өнім­дер – 1,8%-ға;

• химия өнеркәсібі өнімдерінің өндірісі – 0,5%-ға;

• темекі өнімдері – 2,5%-ға төмен­деп кеткен.

Тау-кен өнеркәсібіне қатысты айтар болсақ, ондағы көрсеткіштер 2019 жылмен салыстырғанда, міне, қатарынан 7 ай бойына төмендеп отыр.

2020 жылдың қорытындылары бойынша өнеркәсіптік өндіріс индексі 96,3%-ды құрапты, ал бұл – кем дегенде соңғы 12 жылдан бергі ең нашар көрсеткіш.

• Бәрінен де  мұнай өндіру төмен­деп кеткен – 94,6%;

• Табиғи газдың өнеркәсіптік өндіріс индексі – 97,8%;

• Көмір өндірісі – 96,7%;

• Металл рудалары – 99,9% көр­сет­кіш­терімен ерекшеленген.

Әрине, өткен жылдардан бұрын­ғы, жыл сайын артып отырған,  қоры­тындыларға қарағанда өнеркә­сіптің осынша төмендеуі толғандырады. Әйтсе де, әлемде соңғы кезде орын алған оқиғалар мұнай мен газдың да, тіпті көмір өндірісінің де біртіндеп қалпына келуіне көңілде үміт оятатындай жайы бар.

641 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы