• Үкімет: келелі міндеттер көшінде
  • 25 Ақпан, 2021

Үйлесімді істе іркіліс болмайды

Үкімет, Ұлттық банк және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Макроэкономикалық сая­сатты үйлестіру туралы келісімге қол қойды. Сонымен қатар, Үкіметте тұрғын үй саясатындағы жаңа тәсілдер, су тасқыны кезеңіне дайындық шаралары қаралып, олар бойынша тиісті нұсқамалар бекітілді.

Премьер-министр аталған келісім Үкімет пен қаржы рет­теушілерінің келісілген іс-қи­мылдарын қазіргі жағдайларда қамтамасыз етуге мүмкіндік беретінін атап өтті. «Халықтың тұрмыс деңгейі мен әл-ауқатын арттыру – еліміздің әлеуметтік-экономикалық саяса­тының негізгі басымдығы. Ол үшін ақша-несие, салық-бюджет және құрылымдық саясаттарды, сондай-ақ қаржы секторын дамыту саясатын үй­лестіру қамтамасыз етіледі», – деді А.Мамин. Бірлескен шаралар үш бағыт бойынша іске асырылады. «Макроэкономикалық тұрақтылықты арттыру» бағыты аясында төмен инфляция, қаржы жүйесінің тұрақтылығы мен экономиканың өсуі арасындағы тең­герімді қамтамасыз ете отырып, іскерлік белсенділікті ынталандыру бойынша шаралар қабылданады. Инфляцияны біртіндеп төмендету және оны орнықты экономика­лық өсімге ықпал ететін төмен деңгейде сақтау жалғасатын болады. «Қаржы нарығын дамыту» екінші бағытын іске асыру Қаржы секторын дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын қабылдауды көздейді. Қаржы жүйесінің тұрақ­тылығын және экономиканың өсуін қамтамасыз ету қажеттілігін ескере отырып, нарықтық тетіктер негізінде экономиканы банктік кредиттеуді едәуір кеңейту жөнінде шаралар қабылданатын болады. «Экономикалық өсімнің ұзақ мерзімді әлеуетін арттыру» үшінші бағыты аясында бәсекеге қабілетті шикізаттық емес секторға негіз­делген экономиканың жаңа құрылымын қалыптастыруды ынталандыру, қосылған құн­ның өңірлік және жаһандық тізбектеріне енгізу бойынша жұмыс жалғасады. Проактивті сыртқы сауда саясатын жүргізу, сондай-ақ инвестициялардың жаңа толқынын тарту жалғасын табады. «Экономиканың сапалы және орнықты дамуы үшін түбегейлі жаңа институционалдық жағдай жасалады. Ол жаңа эконо­микалық жағдайда халық­тың тұрмыс сапасы мен әл-ауатының артуына ықпал етеді», – деді А.Мамин.

Үкімет басшысы барлық мүдделі мемлекеттік органдарға Келісім іс-шараларының белгілен­ген мерзімде сапалы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.

Қазақстанда биыл 17 млн шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған. «Тұрғын үй саясатын тиімді іске асыру Елбасының 2030 жылға қарай баспанамен қамтамасыз етуді 1 адамға 30 шаршы метр­ге дейін жеткізу туралы тапсырмасын орындауға мүмкіндік береді. Мемлекет басшысы Nur Otan партиясының сайлауалды бағ­дарламасын таныстырған кезде алдағы бес жылда 100 млн шаршы метрден астам үй салуды тапсырды. Осылайша біз 1 млн жуық отбасын үймен қамтамасыз ете аламыз», – деді А.Мамин.

Премьер-министр алға қойыл­ған ауқымды міндеттерді іске асыру үшін тұрғын үй саясаты реформаланып жатқанын атап өтті. Жаңа шаралар кешені тұрғын үйдің қолжетімділігін одан әрі арттыруды, жалға беріле­тін тұрғын үй құрылысына жеке құрылыс салушылардың инвес­тициялар ағынын ынталандыруды көздейді. Нарық жағдайында тұрғын үйді қаржыландыру көле­мін арттыру бойынша тәсілдер әзірленді. Бұл жұмыстың негізгі құралы «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында жеңілдікпен берілетін тұрғын үйлерді сата отырып, мұқтаж азаматтардың кезе­гін орталықтан қалыптастырып, жүргізетін «Отбасы банк» құрылды. Сонымен қатар импортталатын құрылыс материалдарының отан­дық өндірісін дамыту аясында жақын арада газ-бетон блоктарын, қасбеттік фиброцементті плиталар, жылу оқшаулағыш материалдар, сэндвич-панельдер, темір-бетон конструкцияларын, керамикалық плиталар өндіру бойынша жалпы құны 63 млрд теңгеден асатын жеке инвесторлардың жобаларын іске асыру жоспарлануда.

А.Мамин өңірлерде құрылыс маусымын уақытылы бастау, жер учаскелерін дер кезінде бөліп, оларға қажетті инфрақұрылым жүргізу керек қажеттігіне назар аударды. Индустрия және инфрақұрылымдық даму минис­трлігіне «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ және «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, осы жылдың 15 наурызына дейін құрылыс индустриясын дамыту жөніндегі іс-шаралардың егжей-тегжейлі жоспарын әзірлеп, Үкіметке енгізу тапсырылды.

Жиында тасқын кезеңіне дайын­дық барысы бойынша баян­далғандай, «Қазгидромет» РМК-ның өзен бассейндеріндегі қар қорының көлемі бойынша алдын ала болжамдары қолай­лы, бірақ қардың қарқынды еруі және қатты жауын-шашын болған жағдайда бірқатар өңірде су тасқыны жағдайы күрделенуі мүмкін. Қазіргі кезде елдегі ірі су қоймаларының орташа толымдылығы 70-75%-ды құрайды. 6 мың су шаруашылығы құры­лыстарының 500-ге жуығын жөндеу қажет. Елді мекендерді су тасқынынан қорғау үшін 2021-2023 жылдарға арналған су тасқынына қарсы іс-шаралардың жол картасы бекітілді, оны іске асыруға 160 млрд теңгеден астам қаражат бөлу жоспарлануда. Алдағы су тасқыны кезеңіне дайындық аясында өңір­лік деңгейде төтенше жағдайлар жөніндегі комиссияның отырыстары өткізілді, жанар-жағармай, инертті материалдар мен қап қор­лары қалыптастырылды, шұғыл шығындарға арналған төтенше резервтер қарастырылды, саны 38 мыңнан астам адам, шамамен 13 мың бірлік техника, 500-ден астам жүзу және 2500-ден астам су айдайтын құралдан тұратын азаматтық қорғау құралымдары айқындалды. ТЖМ авариялық-құтқару бөлімшелерінің күштері мен құралдарының тобын құрды. Атап айтсақ, 10 мыңнан астам қызметкер, 1800-ден астам техника, 27 тікұшақ, 330 жүзу құралы және 1,3 мың мотопомпа дайын. Азаматтық қорғаныс әскери бөлімдерінде 3 мың адамға арналған шатырлы лагерьлер дайындалды, Қазавиақұтқару әуе кемелері тұрақты дайындықта тұр.

Жалпы, су тасқынына қарсы шараларды орындау барысында өңірлердің ауа-райы жағдайы, сондай-ақ өткен жылдардағы су тасқыны кезеңінің нәтижелері ескеріледі. Өткен жылдардың талдауы бойынша тасқын суларды өткізу бойынша барлық аумақтарда 673 қауіпті жердің тізімі анықталған.

Су тасқыны қаупінің алдын алу және жою мақсатында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі осы жылдың су тасқыны кезеңіне автомобиль және темір жолдарды дайындау бойынша жұмыстар жүргізуде. Республикалық маңызы бар автожолдарды дайындау бойынша су тасқынына қарсы іс-шаралар жоспары бекітілді. Орталық және аймақтық деңгейде жол қызметі өкілдерінен комиссиялар құрылды. Қазірде республикалық жолдардың ұзындығы 25 мың шақырым. 1 298 көпір және 15 070 су өткізу құбыры бар. Оның ішінде 482 қауіпті учаске, 739 құбыр және 59 көпір бақылауға алынды. 883 жол-пайдалану техникасы бекітілді. Тәулік бойы ке­зекшілік ұйымдастырылды. Автожолдар мен жолдардағы ғимараттар бақылауда. Су тасқыны кезеңінде жұмыстарды уақытылы ұйымдастыру үшін қазіргі сәтте қажетті материалдар 100%-ға дайындалды. Сондай-ақ су өткізу құбырлары мен көпір асты аймақтарының арналарын қардан тазарту жұмыстары басталды. Пойыздардың үздіксіз және қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз ету, жолдарды, ғимараттарды уақытылы дайындау мақсатында «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының бұйрығы бекітілген. Онда су тасқыны кезінде жол қауіпсіздігін, жолдың және ғимараттардың тұрақты жұ­мысын қамтамасыз етудің ұйым­дастыру-техникалық іс-шара­лары қарастырылған.

«Су тасқынының алдын алу үшін жүйелі шаралар қабылдау қажет», – дей келе, Үкімет басшысы бір ай ішінде гидротехникалық құрылыстарды жөндеу мерзімдерін және су қоймаларын толтырудың қауіпсіз көлемін анықтауды тапсырды. Ақтөбе, Қарағанды, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарының әкімдіктеріне заңнамаға сәйкес қараусыз жатқан гидротехникалық құрылыстар бойынша меншік құқығын беру мәселесін аяқтау тапсырылды. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне және өңір­лердің әкімдіктеріне автомобиль жолдарында су басуға жол бермеу, көпірлер мен су өткізу құрылыстарын уақытылы дайындау тапсырылды. Өңірлердің әкімдері қар шығару, арықтарды, нөсер кәріздерін тазарту, уақытша жер үйінділері мен бөгеттерді тұрғызу жұмыстарының, оның ішінде ауылдық елді мекендер мен тұрғын үй алаптарында уақытылы жүргізілуін қамтамасыз етуі қажет.

Премьер-министр ТЖМ-ге өңірлердің әкімдерімен бір­лесіп, тиісті жедел штабтар құру­ды, алдағы су тасқыны кезеңіне күштер мен құралдардың дайын­дығын қамтамасыз етуді және су тасқыны қаупі болуы мүмкін кезде халықты уақытылы хабардар етуді міндеттеді.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

575 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы